Ұлытауда сирек металдарды барлау жұмысына жасанды интеллект тартылмақ

11.06.2026

Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Ұлытау облысының Жезқазған қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының «Қуатты өңірлік ғылым - қуатты өңір» тақырыбындағы Президиумының көшпелі отырысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шара Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда және Қазақстан халқына Жолдауларында берген өңірлік ғылымды дамыту, өнеркәсіптік әлеуетті арттыру, технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ету және адами капиталды дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Көшпелі отырыстың негізгі мақсаты - Ұлытау облысының ғылыми-технологиялық дамуындағы өзекті мәселелерді талқылау және өңірдің өнеркәсіп, экология, сумен қамтамасыз ету, геология, энергетика және әлеуметтік саладағы стратегиялық міндеттерін шешуге бағытталған ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындау болды.

Көшпелі отырысқа ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаев, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Н.Карипбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаев (онлайн), ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Ж.Дубирова, ҚХР Ганьсу провинциясы түсті металдарды геологиялық барлау басқармасы бастығының орынбасары Лю Юнган, ҚХР Ланьчжоу университетінің Геология ғылымдары және минералдық ресурстар институты директорының орынбасары, профессор Дай Шуан, "Қазақмыс" корпорациясы Басқарма төрағасының орынбасары Ғ.Нұржанов, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академиктері, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының бірінші басшылары, өңірдің ірі өнеркәсіп, бизнес өкілдері мен жетекші ғалымдар қатысты.

ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде өңірлік ғылымды дамыту – өңірлердің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық өсімінің негізгі факторы екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде  ғалымдардың 61%-ы мен ғылымды қаржыландырудың 71%-ы Астана және Алматы қалаларында шоғырланған, сондықтан өңірлік ғылымды күшейту уақыт талабы болып отыр.

ҚР Ұлттық ғылым академиясы әзірлеген «Ашық қолданбалы ғылым» моделі ғылыми-зерттеулердің толық циклін қаржыландыруға бағытталған. Бұл модель Үкімет тарапынан қолдау тауып, 2026-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының инновацияларды дамыту тұжырымдамасының құрамдас бөлігіне айналды.

Академия жүргізген форсайттық зерттеулердің нәтижелері бойынша Ұлытау облысында ғылыми күн тәртібі минералдық шикізатты кешенді өңдеу, геологиялық барлау мен металлургияны цифрландыру, экологиялық қауіпсіздік, су ресурстарын басқару және агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми сүйемелдеу бағыттарына шоғырлануы тиіс.

Ұлытау үшін заманауи аэрогеофизикалық технологиялардың, 3D-модельдеудің және жасанды интеллект құралдарының маңызы ерекше екені атап өтілді. Осыған байланысты Академия Critical Minerals TechNet (2027–2031 жж.) флагмандық бағдарламасының ғылыми-техникалық тапсырмасын әзірледі. Бағдарлама сирек және стратегиялық металдарды барлау мен игерудің ұлттық цифрлық контурын қалыптастыруға бағытталған.

Отырыс барысында Қытайдың жетекші ғылыми ұйымдарымен технологиялар трансферті және тау-кен металлургия кешенін дамыту, геологиялық барлау жұмыстарын цифрландыру, аэро-геофизикалық зерттеулер жүргізу, заманауи барлау әдістерін енгізу, 3D модельдеу, жасанды интеллект технологияларын пайдалану, техногендік минералдық шикізатты қайта өңдеу және стратегиялық маңызы бар металдарды өндіру мәселелері жан-жақты талқыланды. Академия сондай-ақ су ресурстарын жасанды интеллект көмегімен басқару, жаңа материалдар, агробиотехнология және фармацевтика бағыттары бойынша флагмандық бағдарламаларды әзірлеуде.

Көшпелі отырыс аясында Ұлытау облысының ғылыми-технологиялық дамуының басым бағыттары мен отандық ғылыми әзірлемелерді экономиканың нақты секторына енгізу тетіктері қарастырылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша Ұлытау облысының ғылыми-технологиялық дамуын жеделдетуге, инновациялық шешімдерді өндіріске енгізуге, экологиялық және су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адами капиталды дамытуға және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған қарар мен бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды.

Сондай-ақ Жезқазған қаласындағы Kazakhmys Barlau ЖШС Геологиялық кластері базасында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының өңірлік форсайт-орталығы ашылды.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью