Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
- «Ұмай» әйелдер ипотекасы жоспарымызда бар. Азия даму банкпен меморандумға қол қойдық. Қазір барлық ресми құжаттарды рәсімдеп жатырмыз. Жоспарымыз бойынша - 90 млрд теңге. Оның 50 пайызы – «Жасыл» ипотекаға, 50 пайызы – «Ұмай» ипотекасына, - деді ол Үкімет отырысынан кейін.
Оның түсіндіруінше, Азия даму банкі Қазақстан биржасында теңгемен облигация орналастырады.
- Ол 16 пайыз болса, біз оны 17 пайызбен береміз. Соны қазір тосып отырмыз. Биржада аталған мөлшерлеме 12-13 пайызға төмендесе, бағдарламаны шілде, тамыз айында бастаймыз, - деді Ләззат Ибрагимова.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін бағдарламаны 2025 жылдың басында жаңартылған шарттармен қайта бастау жоспарланған еді. Бірақ іске қосу мерзімі кейінге шегерілді. Бұрын жарияланған талаптарға сәйкес, бағдарламаға қатысу үшін несие сомасының 20%-ына дейінгі мөлшердегі алғашқы жарна «Отбасы банкіндегі» депозитте болуы тиіс. Бағдарламаға 18 бен 65 жас аралығындағы, ресми табысы бар және соңғы алты айда зейнетақы жарналарын үздіксіз аударып келген әйелдер қатыса алады.
Жаңартылған шарттар бойынша:
* Қарыздың ең шекті сомасы 50 млн теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін;
* Отбасының жиынтық таза табысы — айына 950 мың теңгеден аспауы тиіс (бұрын бұл шек 640 мың теңге болатын);
* Баспананы бастапқы (жаңа үй) және екінші нарықтан алуға болады. Тек үйдің пайдалануға берілген жылы 2016 жылдан ерте болмауы шарт.
Айта кетейік, биыл еліміз бойынша 18,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынады.