Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Қазақстанда әйелдерге баспана алуға мүмкіндік беретін «Ұмай» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау 3 қарашада басталады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бағдарлама бойынша 50 миллион теңгеге дейін несие рәсімдеуге болады.
Отбасы банкінің мәліметінше, Азия даму банкі «Ұмай» бағдарламасын қаржыландыру үшін екінші транш ретінде 20 миллиард теңге бөлген. Ипотеканың жылдық сыйақы мөлшерлемесі 14,8 пайызды, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 16,3-16,8 пайызды құрайды.
Бағдарламаға қатысу үшін отбасының орташа айлық таза табысы 1 миллион 250 мың теңгеден аспауға тиіс. Сондай-ақ несие алуға ниетті әйел соңғы алты айдағы ресми табысын растауы қажет.
Бастапқы жарна мөлшері баспана сатып алынатын қалаға байланысты белгіленген. Астана мен Алматыда тұрғын үй құнының кемінде 20 пайызын, ал басқа қалаларда 15 пайызын жинау қажет. Несие сомасын есептеу кезінде банк баспананың сатып алу бағасы мен бағалау құнының қайсысы төмен болса, соны негізге алады.
Өтінімді Отбасы банкінің кеңесшілері арқылы, онлайн бейнебайланыс қызметін пайдаланып немесе банк бөлімшесіне тікелей барып беруге болады.