“Ұмай“ ипотекасы үшін кептеліс пе? Алматыдағы Отбасы банк бөлімшесінің алдында халық жиналды

03.11.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

"Ұмай" әйелдер ипотекасына өтінім қабылдаудың басталуы дүрбелең туғызды. Әлеуметтік желілерде ондаған адам "Отбасы банк" филиалдары бірінің алдында жиналған видео тарады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ипотека басталды: не болды?

3 қарашада желіде "Отбасы банк" филиалының кіреберісінде жиналған қалың жұрттың видеосы пайда болды. Кадрлардан адамдар бір-біріне тығыз орналасып, ғимаратқа кіруге тырысып жатқаны көрінеді.

"Ұмай" ипотекасы басталды", – деп жазды видео авторы.

Видеодан айғай-шу естіледі. Жазбаға қарағанда, оқиға Алматының Жетісу ықшамауданындағы "Отбасы банк" бөлімшесінде болған.

"Адамдар таңертеңнен бері кезекте тұр": видео авторы не деді?

Tengrinews.kz жазба авторы Қайратпен байланысты. Ол ипотека рәсімдеу кезінде клиенттерге сүйемелдеу қызметін көрсететінін айтты. Оның сөзінше, видеоны көмекшісі таңғы сағат 9 шамасында Жетісу ықшамауданындағы "Отбасы банк" бөлімшесі маңында түсірген.

Ол адамдар банк алдына таңертеңнен жиналып, кезекке таласқанын нақтылады. Келушілер тізім жасап, сол бойынша күзетшілер оларды ішке кіргізіп отырған.

"Көпшілік ипотека рәсімдеу үшін банкке жеке келуді жөн көреді, сондықтан адамдар таңертеңнен бері кезекте тұр", – деді ол.

Пікір қалдырушылар әйелдер ипотекасына неге ер адамдар кезекте тұрғанын сұраған. Автор олар жұбайларына еріп келгенін, өйткені банктің талабы бойынша ерлі-зайыптының екеуі де болуы керек екенін түсіндірді.

"Сервистерге үлкен жүктеме түсті": "Отбасы банк" не дейді?

"Отбасы банк" баспасөз қызметі 3 қарашада сағат 11:30-ға қарай "Ұмай" ипотекасына 300 өтінім қабылданғанын хабарлады.

Ниет білдірушілердің көптігінен банк сервистерінде ақау туындаған.

"Өтінімқабылдау басталған күні банк сервистеріне үлкен жүктеме түсті, салдарынан кейбір клиенттер кеңес алу мен құжат тапсыру кезінде кідіріске тап болды. Банк сервистер жұмысын тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдап жатыр", – деп хабарлады "Отбасы банк".

Банк өкілдері өтінім қабылдау жалғасып жатқанын нақтылады. Құжаттарды бөлімшелерде, кеңесшілер арқылы немесе онлайн тапсыруға болады.

Бағдарламада конкурстық іріктеу қарастырылмаған. Қатысушылардың атында баспана болса да, олар жаңа салынған үйден немесе екінші нарықтан пәтер сатып ала алады.

Сондай-ақ банк бірінші кезең қорытындысын шығарды: 31 тамыздан бері 8,6 миллиард теңгеге 435 қарыз берілген.

Бұл ретте "Отбасы банк" неге Алматыдағы бөлімше алдында жұрт көп жиналғанын және басқа филиалдарда мұндай кезек болған-болмағанын нақтыламады.

Сондай-ақ біз қалалық полиция департаментіне сауал жолдадық. Материал жарияланған сәтте жауап келген жоқ.

"Ұмай" ипотекасы туралы не белгілі?

Еске сала кетейік, 3 қарашада Қазақстанда "Ұмай" әйелдер ипотекасына өтінім қабылдаудың жаңа кезеңі басталды. Бұл – Азия даму банкінің 20 миллиард теңге көлеміндегі екінші траншы.

Бағдарламаға қатысушылар баспана сатып алу үшін жылдық 14,8 пайызбен 50 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Алғашқы жарна Алматы мен Астанада 20 пайыздан, басқа өңірлерде 15 пайыздан басталады.

Өтінімді банк бөлімшесінде ғана емес, видеоқызмет көрсету арқылы онлайн немесе кеңесшілер көмегімен де беруге болады.

Бұған дейін сұраныс жоғары болғаны соншалық, 31 тамызда қаржыландыру лимиті небәрі жеті сағат ішінде таусылып қалған. Ол кезде де қазақстандық әйелдер онлайн өтінім беру кезіндегі ақауға шағымданған болатын.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью