Үміткерлерді іріктеу және 30% шектеу: Сайлау жарнасы қалай есептеледі?

10.07.2026

Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Партиялық тізім бойынша неше кандидат енгізуге болады?

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 89-бабының 4-тармағына сәйкес, әрбір саяси партия Орталық сайлау комиссиясына тек бір ғана партиялық тізім ұсына алады. Сонымен қатар тізімдегі кандидаттар саны партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттар санынан 30 пайыздан артық болмауы тиіс.

Биыл партиялық тізімдер арқылы 145 депутаттық мандат бөлінеді. Демек, заңдағы 30 пайыздық шектеуді есептегенде партия бір тізімге ең көбі 188 кандидатты енгізе алады.

Сайлау жарнасы қалай есептеледі?

Заң бойынша саяси партия әрбір кандидат үшін 15 ең төменгі жалақы көлемінде сайлау жарнасын төлеуі тиіс. Қазіргі есеп бойынша бұл шамамен 1 млн 275 мың теңгені құрайды.

Саяси сарапшы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, егер партия заңда рұқсат етілген ең жоғары көрсеткіш – 188 кандидатты ұсынатын болса, жалпы сайлау жарнасы 239,7 млн теңгеге жетеді. Алайда барлық партиялар бұл соманы төлемейді.

«Алдыңғы Құрылтай сайлауында 5 пайыздық межеден өткен партиялар сайлау жарнасын төлеуден босатылады. Ал сайлауға қатысып, кейін 5 пайыздық межеден асқан партияларға бұрын төлеген жарна толық көлемде қайтарылады. Осыған байланысты бұрынғы Мәжіліс құрамындағы парламенттік партиялар сайлау жарнасын төлемейді. Қазіргі таңда «Әділет» партиясының сайлау жарнасынан босатылатыны әзірге нақты емес. Себебі оның құрамына 2023 жылғы сайлауда 5 пайыздық межеден өткен Amanat партиясы кірген. Ал «Байтақ» партиясы өткен сайлауда 5 пайыздық межеден өте алмағанымен, 1-3 пайыз аралығында дауыс жинаған. Сондықтан заң бойынша партияға сайлау жарнасын төлеуде 30 пайыздық жеңілдік беріледі. Соның нәтижесінде «Байтақ» партиясы үшін әрбір кандидатқа төленетін шартты түрде қайтарылатын сайлау жарнасы 892,5 мың теңгені құрайды», дейді сарапшы.

Пропорционалды жүйе нені өзгертеді?

Сайлауға кандидаттар партиялық тізім бойынша ұсынылады. Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Нұрдәулет Затилланың айтуынша, Құрылтай сайлауының пропорционалды модель бойынша өтуі елдегі партиялық жүйені нығайтуға бағытталып отыр.

«Еліміздің осы сайлау науқанында пропорционалды үлгіге ауысуы көппартиялық жүйені және халық қалыптастырған саяси институттарды заңды тұрғыда күшейту мақсатынан туындаған қадам деуге болады. Сайлауды партиялық тізімдер арқылы өткізу саяси партиялардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, олардың дербес тұлғалық амбицияларға емес, нақты бағдарламалар мен жүйелі идеялар бәсекесіне көшуіне жол ашады. Тұрақты жұмыс істейтін саяси партиялар жекелеген кандидаттарға қарағанда бүкіл өңір мен түрлі әлеуметтік топтың мүддесін ұзақ мерзімді негізде қорғай алады. Бұл өз кезегінде елдің саяси кеңістігін орнықты етіп, демократиялық дамуды жүйелі арнаға салады», дейді Нұрдәулет Затилла.

Қай партия қанша кандидат ұсынды?

Бұған дейінгі 2023 жылғы Мәжіліс сайлауы аралас жүйе арқылы өткендіктен, депутаттардың бір бөлігі партиялық тізіммен, екінші бөлігі бірмандатты округтер арқылы сайланды. Сайлауға 281 кандидат партиялық тізім бойынша ұсынылды.

Абзал Құспан: Сайлаудың сапасы партиялардың кадрлық әлеуетіне байланысты болады

Құрылтай сайлауына бірқатар саяси партиялар кандидаттар тізімін бекітіп үлгерді. Атап айтқанда, «Ауыл» партиясы – 69, «Ақ жол» партиясы – 63, Қазақстан Халық партиясы72, Respublica партиясы – 76, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП)33, ал «Байтақ» жасылдар партиясы 51 кандидат ұсынды. Ал «Әділет» партиясы бұл тізімді алдағы уақытта нақтыламақ.

Еске сала кетейік, елімізде Құрылтай сайлауы 23 тамызға белгіленді. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды. Президент Жарлығынан кейін Қазақстанның саяси партиялары ресми мәлімдемелер жасап, сайлау науқанына дайын екендігін хабарлады. 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью