Ұмытуға болмайтын ерлік

28.01.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Бір топ өрімтал ұлт қаһарманы хақында «Egemen Qazaqstan» газетінде Қанат Бірлікұлының «Азаттықты аңсаған жастар» (6.12.2025), Қазбек Құттымұратұлының «Елдік жолындағы ерлік. Алаш арманын жүзеге асыруға бел шешкен боздақтар» (19.12.2025) атты мақалалары шықты. Жарияланымдар кеңес билігі тұсындағы халықты ұлттық апатқа ұшыратқан алапат аштық, одан енді ес жия бергенде қайта есеңгіреткен үлкен террор қасіретінен кейін орын алған көпке беймәлім оқиғасы жайында жазылған екен.

Авторлар негізінен журна­лист-зерттеуші Аман­гелді Шахиннің Батыс Қазақстандағы Жалпақтал ауданы жас күрескер­лерінің тағдырын жабық архив­тегі қылмыстық істерді, ел ішін­дегі естеліктерді жан-жақты қарастырып жазған еңбектеріне сүйене келе, Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында «Қазақ халқын қорғау одағы» атты құпия ұйым құрып, іс жүзінде отарлық халде тұншыққан қазақ елін большевиктер империясынан бөліп шығаруды 14 жас ұлан, әсіресе жазаның ең жоғарғы шарасына кесілген ұйым жетекшісі жасөспірім Ғұбаш Әнесов (Ғұбайдолла Әнесұлы Көшеков) пен айдалған мерзімдері аяқталғанмен де, туған жеріне оралуға мүмкіндік берілмеген, әйтеуір тірі қалып, өздері армандаған бостан өмірді жарты ғасырдан кейін көру бақыты бұйырған бірлі-жарым үзеңгілестері хақында аталған мақалаларында егжей-тегжей әңгімелеген. Бүгінгі ұрпақтың сол боздақтарды жоқтау, олардың есімдерін ұлықтау турасындағы борышын еске салған...

«Әділет» тарихи-ағарту қоға­мы сталинизм қылмыстарын әшке­релеуге, ашылған қайғылы тари­хи шындықтарды кеңінен наси­хаттауға атсалысуды сонау алғаш шаңырақ көтерген 1989 жылы бірден өзінің жарғылық мақсат-міндеті ретінде белгілеп қойған-тұғын. Содан бері қоғам мүшелері мен оның идеясын қол­дайтын мың-сан жанашырлары (тарихшылар, журналис­тер, жергілікті белсенділер) кү­ші­мен бұл шаруа (Жалпақтал ұлан­дары хақында да) белгілі дәрежеде жүзеге асырылып келеді. Иә, «Қазақ халқын қор­ғау одағының» 14 мүшесі түгел­дей ақталды. Олардың бас­ты жоқшысына айналған А.Шахин­нің «Сол бір сүргін», «Қор­ғаймын! деп қазақты...», «Қара кітап» атты еңбектері шықты. «Жалпақталдық жасырын жас­тар ұйымы» атты деректі фильм түсірілді. Жалпақтал ауылын­да ұйым мүшелерінің аты жазыл­ған ескерткіш тақта орнатылды, ауылдың үлкен көшесіне «Қазақ халқын қорғау одағын» ұйым­дастырған әрі басқарған Ғұбай­долла (Ғұбаш) Әнесов есімі берілді...

Ғұбаш өлім аузындағы туыс ағасынан қазақ елінің шынайы жағдайын айтып, түптің-түбінде елді коммунистік құрсаудан азат ету үшін күресу керек деген өсиет сынды сөзін 14 жасында есті­генімен, мәнісін терең түсіне қоймаған жеткіншек еді. Алғыр бала мектептегі озат оқушылар санатынан-тын. Шәкірт шағында марксизм-ленинизм негіздерін «ең дұрыс ілім осы, оны қазақ халқы білуге тиіс деген берік көзқараста» болғанын НКВД тергеушісіне 1942 жылғы 30 қаңтардағы көр­сетуінде есіне алған. Алайда 16 жасқа толғаннан кейін, тергеуде мойындағанындай, 1940 жылы «советтік көзқарастан ұлтшылдық көзқарасқа» ойысқан, «біртіндеп Қазақстанның ССРО құрамынан бөлінуін, оның Түр­кия, Иран, Ауғанстан, т.б. сияқ­ты дербес мемлекетке айналуы үшін Совет үкіметіне қарсы күрес жүргізу керек деген ойлар» бойын бекем билеген. Ол 17 жасында пікірлес жолдастары алдына «Қазақстанды орыстың бұғауынан босатып, Советтер Одағынан тысқары дербес Қазақ мемлекетін құру міндетін» тартты да, «Қазақ халқын қорғау одағын» ұйымдастырды. Ұйым атынан қазақ халқына үндеу жазудың, ССРО және Қазақстан басшыларына «Конституцияға сәйкес Қазақстанның ССРО-дан бөліну талабын» тұжырымдаған хаттар жазудың басында тұрды. Албырт, аңғал жасөспірім хат­қа жауапты 1941 жылғы 1 жел­тоқ­­­санға дейін «Правда» газетін­де жариялауды және радио ар­қылы беруді талап етіп, «өтініш қанағаттандырылмаған жағдай­да ССРО-ға қарсы көте­рілісті бас­тайтындарын» ескерт­ті. Олар жасырын баспахана жаб­­ды­қ­т­аған, қаруға ие болу әрекет­терін жасаған, көтеріліс жоспарын құрып, өкілдеріне нақты міндеттер белгілеген. Бірақ оларын орындауға нақты кірісе алған жоқ, 1941 жылдың соңына қарай ұйым мүшелері түгел тұтқындалып, 1943 жылдың басында соттың емес, заңнан тыс әйгілі «үштіктің» ұйғарымы­мен қатаң жазаға тартылды. Жаза­лаушыларға жасқанбай қарап: «Жасасын қазақ халқы! Қазақ халқының бостандық алатынына кәміл сенемін!» деп ұрандатқан 19 жастағы Ғұбаш Әнесов атып тасталды...

Он сегіз жасында бүкілодақтық ақсақал (староста) М.Калининге жазған хатында: «Қазақ халқы СССР Конституциясына сәйкес дербес қазақ мемлекеті болып бөлінгісі келеді. Оның себебі орыстандыру саясатына байланысты: қазақ тілі, қазақ халқы­ның мәдениеті мен халықтың құ­қығы аяққа басылды. Қазақтар қазір құл сияқты тұрып жатыр...» дейтін батыл мәлімдеме жасаған жасөспірім күрескердің ерлігін бүгінгі ұрпаққа – мектеп оқулықтарына енгізу, жер-жерде еңселі ескерткіштер тұрғызу, музейлерде мұрағат деректерін сөйлеткен көрнекі экспозициялар жасау секілді амалдар арқылы – өнеге ретінде ұсыну ләзім.

Билік буындарындағы жауапты қызметкерлердің есте тұтқаны абзал: ұлтын, елін сүйетін шын отан­шыл азаматты тарихтың осын­дай қасіретті мысалдары ар­қылы тәрбиелеу пәрменді боларына күмән жоқ. «Қазақ халқын қорғау одағы» хақындағы аталған газет жарияланымдарын оқығанда – барша жұрттың, қолына билік делбесін ұстағандардың назарын осы 14 боздақтың ерлігіне аударуды өзімізге парыз санадық...

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью