Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Үндістанның Қазақстандағы Елшісі Я.К. Сайлас Тангалдың айтуынша, жасанды интеллект бүгінгі таңда жаһандық дамудың айқындаушы факторларының біріне айналып келеді.
«Жасанды интеллект – түпкі мақсат емес, ол адам мүмкіндігін кеңейтетін қуатты құрал. Дұрыс әрі жауапты басқарылған жағдайда AI экономикаларды жаңғыртуға, мемлекеттік басқару сапасын арттыруға және күрделі даму мәселелерін шешуге елеулі серпін бере алады. Денсаулық сақтау саласында ол сапалы диагностика мен дәл емдеуге қолжетімділікті арттырады, білім беру жүйесінде оқу үдерісін баршаға ашып, жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Ал мемлекеттік басқаруда ашықтықты күшейтіп, қызмет көрсету тиімділігін арттырып, шешім қабылдау сапасын жақсартады», – деді елші.
Оның сөзінше, ЖИ-ге негізделген инновациялар климаттың өзгеруімен күресуге, энергия тиімділігін арттыруға, ауыл шаруашылығын жаңғыртуға және «ақылды» инфрақұрылым қалыптастыруға жол ашады.
«Технологияны адам игілігінің өзегіне қою – біздің ортақ стратегиялық ұстанымымыз. Үндістан мен Қазақстан осы бағытта серіктестігін мазмұнды әрі нәтижелі деңгейге көтере алады», – деді Я.К. Сайлас Тангал.
Елші екі елдің жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастығы білім беру, ғылыми зерттеу, денсаулық сақтау және инновация бағыттарын қамтитынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан жоғары оқу орындарына ЖИ пәндерін енгізу арқылы келесі буынды цифрлық болашаққа дайындауда маңызды қадам жасады.
Ал Үндістанның ғылыми-зерттеу әлеуеті мен кадр даярлау тәжірибесі бұл бастамаларды табиғи түрде толықтыра алады.
«Біз кадр даярлау, білім алмасу және бірлескен зерттеулер арқылы ұзақмерзімді институционалдық байланыстарды нығайта аламыз. Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық, соның ішінде жасанды интеллектке негізделген медициналық технологиялар, азаматтарға тікелей пайда әкелетін нақты нәтижелер көрсетіп отыр. Бұл – технологиялық прогресс пен кәсіби әріптестіктің тиімді үйлесімінің айқын дәлелі», – деді елші.
Оның пікірінше, Үндістан-Қазақстан серіктестігі тек екіжақты форматпен шектелмей, өңірлік және жаһандық деңгейде де маңызға ие.
«Біз инклюзивті даму мен технологияларды жауапты басқаруды қолдаймыз. Күш-жігерді үйлестіру арқылы адамға бағдарланған инновацияны, әділ қолжетімділікті және этикалық жауапкершілікті басымдық ететін жаһандық нормаларды қалыптастыруға үлес қоса аламыз», – деп түйіндеді Я.К. Сайлас Тангал.
Айта кетейік, Қазақстан мен Үндістан криминалистика және цифрлық тергеу бойынша бірлескен бағдарлама әзірлейді.