Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін өзіне сенімді және оптимистік жастарды тәрбиелеуге шақырды. Ол дәл осындай, жұмыс істеуге және қиындықтарды жеңуге дайын азаматтар Қазақстанның дамуының қозғаушы күші бола алатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Ұлы Абай "Адам баласының ең жаманы – талапсыз" деп бекер айтпаған. Өзіне сенімсіз, жасық, әр нәрсеге мұңая беретін, үнемі күйзелісте жүретін кертартпа адамның болашағы бұлыңғыр.
Тағы да айтып кетейін. Қазақ – кез келген сын-қатерді еңсеруге дайын жұрт, келешегіне сеніммен қарап, алға қарай батыл қадам басатын нағыз жеңімпаз ұлт. Өткенге өкпе артып, тарихтағы сәтсіздіктер үшін басқа халықтар мен мемлекеттерді айыптау – болмысымызға мүлдем жат дүние", - деді Президент.
Президенттің сөзінше, біз өскелең ұрпақты осындай кеселден, теріс түсініктен сақтауымыз керек. Бұл тұрғыдан алғанда, оқу-ағарту саласына зор жауапкершілік жүктеледі.
"Сондықтан ұстаздарымыз ең алдымен, ойы таза, ниеті түзу, жақсылыққа, жарқын болашаққа деген сенімі зор жігерлі азаматтарды тәрбиелеуге тиіс. Отаншыл, білімпаз, жаңашыл, талапты, еңбекқор адамдар елдің көшін алға бастайды. Риза болатыным: мен осы қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойынан анық көремін. Жастарымыз әрдайым жақсылыққа ұмтылады, еліміздің келешегіне зор сеніммен қарайды", - деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте Тоқаев нағыз отаншыл – жемісті, табанды еңбек екенін атап өтіп, әр саладағы еңбек – маңызды, оның жаманы немесе ұлтқа зиян әкелетіні болмайтынын айтты.
"Еңбек, бұл – ең жоғары деңгейдегі қасиетті дүние. Ал, мемлекеттің міндеті – осындай еңбекқор адамдарға лайықты құрмет көрсету, оларды марапаттау. Алысқа көз тігетін жасампаз ұлттың шынайы болмысы осындай болады", - деді Тоқаев.
Қазақстанда мектептің оқу бағдарламасына жаңа курстар енгізіледі
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу