Үнзила Шапақ, Құрылтай депутаты: Егемендік декларациясы конституциялық дамудың іргетасы

24.10.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Егемендіктің іргелі қағидаттарын айқындаған заңды құжат бүгін де мәні мен маңызын жойған жоқ. Республика күні қарсаңында біз Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракцияының мүшесі Үнзила Шапақпен Декларацияның тәуелсіз мемлекетімізді қалыптастырудағы рөлі және оның конституциялық реформалармен сабақтастығы туралы әңгімелескен едік.

– Егемендік декларациясының елі­міз­дің тәуелсіздік жолындағы та­рихи жә­не құқықтық негізін қа­лып­тас­тыру­дағы маңызы қандай?

– ҚазССР-дің Мемлекеттiк еге­мен­дiк туралы декларациясы Қазақ­стан­ның тәуелсіз мемлекет ретінде қа­лыптасу тарихындағы консти­ту­ция­лық құқықтық маңызды құжат­тар­дың бірі болып саналады. Оның бас­ты тарихи мәні – Қазақстанның мем­лекеттік егемендігін жариялап, бо­лашақ тәуелсіз ел ретіндегі саяси жә­не құқықтық негізін қалауында.

Декларация қабылданған кезеңде Қа­зақстан Кеңес Одағының құра­мын­дағы одақтас республика бола­тын. Республика өмірінің көптеген маңызды саласы одақтық орта­лық­пен байланысты болды. Осындай жағ­дайда егемендік туралы декла­ра­ция қабылдау Қазақстанның өз рес­пуб­ликалық мәртебесін айқындауға, ұлт­тық мүдделерін қорғауға және мем­ле­кеттің дербес даму жолына түсуіне мүм­кіндік берді.

Құжатта бірнеше маңызды қағида бе­кітілді. Біріншіден, Қазақ ССР-і өзін еге­мен мемлекет деп жариялады. Екін­шіден, республиканың аумағы бөлін­бей­ді және қол сұғылмайды деп таныл­ды. Үшіншіден, Қазақстан халқы – еге­мен­діктің бірден-бір иесі әрі мем­ле­кет­тік биліктің қайнар көзі ретінде бел­гі­ленді. 

Сонымен қатар Декларация Қа­зақ­станның өз аумағындағы мемлекеттік би­лікті дербес жүзеге асыруын, эко­но­ми­калық және қаржылық жүйесін қа­лып­тастыруын, сыртқы саясатты өз бе­тінше жүргізуін көздеді. Құжатта рес­публиканың жаңа Конституциясын жә­не егемен мемлекет ретіндегі мәр­те­бе­сін жүзеге асыратын заңнамалық ак­­тілерді әзірлеуге негіз болатыны да көр­сетілді.

Декларацияның тағы бір тарихи маңызы – Қазақстанның кеңестік саяси жүйеден тәуелсіз мемлекеттілікке өту үдерісін құқықтық тұрғыдан негіз­деуін­де. Ол 1991 жылғы 16 желтоқсанда қа­был­данған «Қазақстан Республика­сы­ның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конс­титуциялық заңға жол ашты.

Осылайша, Егемендік декларациясы Қа­зақстанның тәуелсіздікке жету жо­лын­дағы алғашқы шешуші құқықтық қа­дамдардың біріне айналды. Ол рес­публиканың мемлекеттік дербестікке ұм­тылысын ресми түрде жариялап, кейінгі  конституциялық дамудың негі­зін қалады.

– Декларация қабылданған кезде Кеңес Одағындағы саяси ахуал қандай еді? Қазақ ССР Жоғарғы Советi елең-алаң тұста республикамыздың дербестігін кеңей­ту және орталық биліктің өкі­лет­ті­лі­г­ін сақтау мәселесін қалай реттей ал­ды?

– Егемендік декларациясы – Қазақ­стан­н­ың тәуелсіздікке жету жолындағы маңызды саяси-құқықтық құжат. Алай­да ол Кеңес Одағынан толық тәуелсіздік жариялаған жоқ. Ол кезеңде Кеңес Ода­­­ғында одақтас республикалардың дер­бестігін кеңейту және орталық би­лік­тің өкілеттіктерін сақтау мәселесі өзе­к­ті болды. Қазақстан үшін де респуб­ли­каның мемлекеттік егемендігін ны­ғайту мен Кеңес Одағы құрамындағы бұ­рынғы саяси-құқықтық байланыс­тарды сақтау арасындағы тепе-теңдікті анықтау қажет еді. Бір жағынан, Қа­зақ­стан өз аумағындағы биліктің дер­бес­тігін қамтамасыз етуге, экономи­ка­лық жә­не қаржылық жүйесін қалып­тас­тыру­ға, ұлттық мүдделерін қорғауға ұм­тыл­ды. Екінші жағынан, Кеңес Одағы әлі де өмір сүріп тұрғандықтан, респуб­ли­ка­ның егемендік құқықтарын одақтық құры­лыммен үйлестіру мәселесі туын­дады. 

Осы жағдайдағы негізгі мәселе Қа­зақ­станның әлем мемлекеттері ара­сын­дағы құқықтық субъектілігіне қатысты бол­ды: республика өз мәселелерін қан­шалықты дербес шешеді және одақтық ор­талықпен қарым-қатынасын қалай рет­тейді? Декларацияның мазмұны осы мә­селелерге құқықтық жауап беруге ба­ғытталды. Құжат Қазақстанның еге­мендігін жариялап қана қоймай, оның Кеңес Одағы құрамынан еркін шығу құ­қығын да бекітті. Бұл республиканың еге­мендікке қарай құқықтық жолмен іл­­герілеуіне мүмкіндік берді. Яғни Қа­зақ­стан өзінің мемлекеттік дербестігін жария­лай отырып, қалыптасқан саяси жағ­дайды да ескерді.

Демек, Декларацияны қабылдаудың тарихи күрделілігі Қазақстанның еге­мен­дігін нығайту қажеттілігі мен Кеңес Одағының сол кездегі саяси-құқықтық құрылымы арасындағы қатынастарды реттеу мәселесімен-ақ айқындалды. Құ­­­жат республиканың болашақ тәуел­сіз­дігіне негіз болатын тағдыршешті ше­шім ретінде қабылданды.

Қазақстанның Кеңес Одағы құра­мын­да бола тұра егемен мемлекет деп жа­риялануы сол кезеңдегі егемендік пен мемлекеттік тәуелсіздік ұғым­дары­ның құқықтық жүктемесімен түсін­дірі­леді.

Егемендік – мемлекеттің өз аума­ғын­да мемлекеттік биліктің үстемдігін қам­тамасыз етіп, оны дербес жүзеге асы­руын, аумақтық тұтастығын сақтау­ды және ішкі-сыртқы саясатының не­гізгі бағыттарын өз бетінше айқындауды білдіретін мемлекеттік-құқықтық мәр­тебе. Ал мемлекеттік тәуелсіздік – мем­лекеттің дербес саяси-құқықтық су­бъект ретінде өмір сүруін ресми түрде жа­риялап, өз билігін тәуелсіз жүзеге асыруын білдіреді.

Қазақстан 1990 жылы мемлекеттік еге­мендігін жариялауы Кеңес Одағынан бір­ден шығуды білдірген жоқ. Алайда рес­публиканың Кеңес Одағымен қа­рым-қатынасын бұрынғыдай орталыққа то­лық тәуелділік негізінде емес, еге­мен­дік пен шарттық қатынастар қағидалары негізінде қаралатынын көрсетті. Дек­лара­цияда Қазақстан аумағының тұтас­тығы мен қол сұғылмаушылығы, халық­тың мемлекеттік биліктің қайнар көзі екені, республиканың өз азаматтығына ие болуы, экономикалық қызметті дер­бес жүргізуі сияқты маңызды қағидалар бе­кітілді. Осы ережелер Қазақстанның мем­лекеттік дербестігін құқықтық тұр­ғыдан нығайтуға бағытталды. 

–  Мемлекеттiк егемендiк туралы дек­­­­­лара­ция мен 1991 жылғы 16 желтоқ­сан­да қабылданған «Қазақстан Респуб­ли­касының мемлекеттік тәуелсіздігі тура­лы» конституциялық заңның арасын­да қандай құқықтық сабақтастық бар?

– 1990 жылғы Егемендік дек­ла­ра­ция­­­сы мен 1991 жылғы Тәуелсіздік ту­ра­лы заң – Қазақстанның қазіргі мем­лекеттілігін қалыптастырған өзара са­бақ­тас екі маңызды құжат. Екеуінің де та­рихи мәні зор, бірақ қабылдану мақ­саты, құқықтық мазмұны және мем­ле­кеттің мәртебесін айқындаудағы қыз­ме­ті әртүрлі болды.

1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қа­зақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі ту­ралы декларациясының негізгі мақ­са­ты Қазақстанның егемендігін жария­лап, республиканың дербес дамуының құқықтық негіздерін қалыптастыру бол­ды. Бұл құжат Қазақстанның тәуел­сіз­дікке қарай бет алғанын көрсетті. Алай­да ол Кеңес Одағынан бірден шы­ғу­ды білдірген жоқ.

1991 жылғы 16 желтоқсанда қабыл­дан­ған «Қазақстан Республикасының мем­лекеттік тәуелсіздігі туралы» конс­ти­туциялық заңның негізгі мақсаты – Қа­зақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін рес­ми түрде жариялау және тәуелсіз мем­лекеттің құқықтық мәртебесін бе­кіту болды. Бұл заң Қазақстанның дер­бес мемлекет ретінде қалыптасуын жаңа ке­зеңге шығарды. Республика енді өзі­нің мемлекеттік билігін, ішкі және сыртқы саясатын тәуелсіз жүзеге асы­ра­тын мемлекет ретінде жарияланды. Қазақстанның мемлекеттік дербестігі халықаралық аренада жеке субъект ре­тінде әрекет етуіне негіз болды.

– Декларацияда жарияланған қағи­дат­­тар мен саяси ұстанымдар кейінгі Конс­титуцияларда қалай бекітіліп, да­мы­тылды?

– Егемендік декларациясы Қазақ­стан­­ның мемлекеттік құрылымы мен конс­титуциялық дамуының негізгі ба­ғыт­тарын айқындады. Оның бірқатар қ­ағидасы кейінгі конституциялық акті­лер­де дамытылып, бүгінгі Консти­ту­ция­ның мазмұнында көрініс тапты.

Бұл сабақтастықты бірнеше негізгі ба­­ғыт бойынша қарастыруға болады. Бірін­­шіден, халық егемендігі қағидасы. Дек­ларацияда Қазақстан халқы еге­мен­діктің бірден-бір иесі және мемлекеттік өкі­мет билігінің негізі деп танылды.

Қазіргі Конституцияның 4-бабына сәй­кес Қазақстан халқы – мемлекеттік би­ліктің бірден-бір бастауы және Еге­мен­дік иесі. Халық өз билігін респуб­ли­ка­лық референдум және еркін сайлау ар­қылы тікелей жүзеге асырады. Осы тұр­ғыдан алғанда, Декларацияда бекі­тіл­ген халық егемендігі қағидасы Қазақ­станның демократиялық және консти­туция­лық дамуының негіздерінің бірі бо­лып саналады.

Екіншіден, мемлекеттік егемендік пен биліктің дербестігі. Декларация Қа­­­зақстанның өз аумағындағы мем­ле­кет­тік билікті дербес жүзеге асыруын көз­деді. Бұл республиканың өз мемле­кет­­тік мүдделеріне сәйкес шешімдер қа­былдауына құқықтық негіз қалады.

Қазіргі Конституцияда Қазақстан­ның егемендігі, мемлекеттік биліктің ұйым­дастырылуы және оны жүзеге асыру тәртібі бекітілген. Консти­туция­ның 4-бабына сәйкес Қазақстан Рес­пуб­ликасында мемлекеттік билік бір­тұ­тас, ол заң шығарушы, атқарушы, сот тар­мақтарына бөліну және өзара іс-қи­мыл жасау қағидатына сәйкес Конс­ти­туция мен заңдар негізінде жүзеге асы­рылады. Осылайша, Декларацияда жа­рияланған мемлекеттік дербестік қа­ғи­дасы бүгінгі конституциялық құры­лым­ның маңызды негізіне айналды.

Үшіншіден, аумақтық тұтастық пен қол сұғылмаушылық. Декларацияда Қа­зақ ССР-інің территориясы бө­лін­бей­тіні және оған қол сұғылмайтыны, оның келісімінсіз пайдалануға бол­май­тыны бекітілді. Бұл мемлекеттің аумақ­тық тұтастығын сақтауға және оның еге­мендігін қорғауға бағытталған маңыз­ды қағида болды.

Қазіргі Конституцияның 2-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, ау­­­мақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өз­гермейді. Мемлекет өз аумағының тұ­тастығын, қол сұғылмауын, бөлінбеуін қам­тамасыз етеді. Бұл қағиданың маңы­зы – елдің аумақтық бірлігін, қауіп­сіз­дігін және мемлекеттік тұрақтылығын қам­тамасыз етуінде.

Төртіншіден, экономикалық дер­бес­тік. Декларацияда Қазақстанның өз эко­номикалық және қаржылық жүйесін қа­лыптастыруға ұмтылысы көрініс тап­ты. Бұл республиканың экономи­ка­лық мә­селелерді өз мүддесіне сай ше­шуі­не жол ашты.

Қазіргі Конституцияда меншік қа­ты­настарының құқықтық негіздері, эко­номикалық қызметтің қағидалары жә­не мемлекеттің экономикалық жүйе­­сіне қатысты ережелер қам­тыл­ған. Со­нымен қатар Конституцияның 2-ба­бын­да Қазақстан Республика­сы­ның ұлт­тық валютасы (ақша бірлігі) – тең­ге екен­дігі бекітілді.

Бесіншіден, сыртқы саясатты дер­бес жүр­гізу қағидаты. Дек­лара­цияда Қа­зақ ССР-інің халықаралық қаты­нас­тардың дер­бес субъектiсi болуға, сырт­қы саясатты өз мүдделерiне сай бел­гiлеуге, дипломатиялық және кон­сулдық өкiлдiктер алмасуға, халық­ара­лық ұйымдардың, оның iшiнде Бiрiк­кен Ұлттар Ұйымының және оның мамандандырылған мекеме­лерi­нiң қызметiне қатысуға құқығы бар екендігі көрсетілді. 

Ал қазіргі Конституцияның 10-ба­бына сәйкес Қазақстан Респуб­ли­касы халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын құрметтейді, мүдделі мем­лекеттермен бейбітшілік пен ын­тымақтастықты, олардың ішкі ісіне ара­ласпауды, халықаралық дауды бей­біт жолмен шешуді көздейтін сыртқы саясат жүргізеді.

Алтыншыдан, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесі. Декларацияда республика аумағында тұратын азаматтарға КСРО Консти­ту­циясында және Қазақ КСР Конс­ти­туциясында көзделген барлық құ­қық пен бостандыққа кепілдік бе­рі­леді.

Ал қазіргі Конституцияның 1-ба­бын­да мемлекеттің ең жоғары құнд­ы­лы­ғы – адам мен оның өмірі, құқық­тары мен бостандықтары екендігі көр­сетілген. Сонымен қатар Конс­ти­туция­ның II бөлімі тұтастай адамның негізгі құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне арналған.

– Тәуелсіз тарихымыздағы Респуб­лика күні болып белгіленген мерекенің ұрпаққа берер сабағы мен идеялық мазмұны туралы айтып беріңізші...

– Одақтас мемлекеттің құрамында болу – халқымыздың тағдырындағы күр­делі тарихи кезең. Сол кезеңде ұлт­тық болмысымызды, тілімізді, ел­дік санамызды әлсіреткен, өз жері­мізде өз тағдырымызды дербес шешу мүмкіндігін шектеген ауыр үдерістерді бастан өткердік. Ұлттық мемлекет­ті­лік­тің мазмұны жұтаңдап, елдігімізден айырылып қалу қаупіне де тап болдық.

Сондықтан Республика күнінің ұр­паққа берер сабағын осы тарихи тә­жірибемен сабақтастыра түсіндіре аламыз. Азаттыққа ұмтылған халық­тың мұратын саяси шешімге, құқық­тық құжатқа айналдыра білудің маңы­зы зор. Егемендік туралы декларация осы жолдағы шешуші қадамдардың бірі болды.

Тәуелсіздікке жету жолында хал­қы­мыздың көрген қасіреті де, құр­бандығы да бар. Ал одақтық құрсаудан шығуды кеңауқымды қантөгіске ұлас­тырмай, саяси және құқықтық жол­мен жүзеге асырудың өзі – кейінгі ұрпақ зерделейтін тарихи сабақ. Бұл ел тағдыры шешілер тұста ұлттық мүд­деге беріктікпен қатар парасат, ұстам­дылық және құқықтық тетіктерді ор­нымен қолдану қажет екенін көрсе­теді. 

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью