ҰҚК Атырау әкімі м.а. қатысты тергеуді растады

10.07.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау әкімі міндетін атқарушыға қатысты тергеу жүріп жатқанын растады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметі Атырау әкімінің міндетін атқарушы Тілек Махуовқа қатысты тергеу басталғаны туралы ақпаратты растады.

Бұған дейін БАҚ пен Telegram-арналарда шенеунікті ҰҚК қызметкерлері ұстағаны туралы ақпарат тараған болатын. Ол пара алды деген күдікке ілінгені хабарланды. Сондай-ақ тараған ақпаратта іске Атыраудағы кәріз коллекторларын күрделі жөндеуден өткізіп жатқан мердігер ұйымның қатысы бар екені айтылған.

Tengrinews.kz редакциясы пікір алу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметіне хабарласты. Онда ақпаратты растады, алайда істің егжей-тегжейі жарияланбады.

"Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды", - делінген Tengrinews.kz ресми сауалына ҰҚК баспасөз қызметі берген жауапта.

Тілек Махуов 49 жаста. Атырау әкімдігі сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, ол қала әкімінің орынбасары лауазымын атқарады.

Махуов әр жылдары қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы, "Бас жоспар орталығы" КМК бөлім басшысы, "ТМ Проектстрой" ЖШС бас инженері, денсаулық сақтау министрлігінің күрделі жөндеу басқармасының бас сарапшысы қызметтерін атқарған.

Сондай-ақ Жылыой ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімін басқарды, Атырау облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

Атырау әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғанға дейін Астанада "БатысҚұрылысИнвест" ЖШС атқарушы директоры болған.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью