Уранды Қытайға заңсыз шығармақ болған алты адам сотталды

16.06.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

АСТАНА, 16 маусым – Sputnik. Жетісу облысында ядролық материалдарды Қазақстаннан заңсыз шығармақ болған алты сотталушыға қатысты үкім шығарды.
Сотталушыларға ядролық материалдармен заңсыз айналысу және уран концентратын Қазақстаннан Қытайға заңсыз алып өтуге әрекет жасау айыбы тағылды.
Анықталғандай, ұйымдасқан топ алдын ала сөз байласу арқылы уран концентратын заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау және мемлекеттік шекара арқылы өткізу схемасын жүзеге асырған. Қылмыстық әрекет бірнеше кезеңнен тұрған:

материалдарды өндірістік кәсіпорыннан жасырын шығару;

оларды әртүрлі тұлғалар арқылы тасымалдау;

мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге талпыныс жасау.

""Нұр Жолы" өткізу пунктінде шекаралық бақылау барысында радиоактивті заттар анықталған. Жүргізілген сараптама қорытындысына сәйкес, аталған заттардың уран концентраты екені және олардың радиоактивтік белсенділік деңгейі белгіленген нормалардан бірнеше есе жоғары екені анықталған", - дейді облыстық сот.

Сот үш айыпталушының әрқайсысына 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Тағы екі сотталушы 2 жыл 6 айға, тағы біреуі 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Олар жазасын орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтейтін болады.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью