Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Кеңсенің ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли қатысып, бұл бастама өңірдің инвестициялық әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілетуге және Қытай инвесторларымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретінін айтты.
«Осы алаңды ашуға жағдай жасап, ұйымдастырушылық қолдау көрсеткен қытайлық серіктестерімізге шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің Абай облысына деген ықыластарыңызды және нақты іскерлік ынтымақтастықты дамытуға дайындықтарыңызды жоғары бағалаймыз. Үрімші – біз үшін маңызды экономикалық және логистикалық орталық. Бұл кеңсенің ашылуы Абай облысында жобаларды іске асыруға мүдделі инвесторлармен, кәсіпкерлермен және компаниялармен тікелей әрі ашық диалог орнатуға мүмкіндік береді», деді ол.
Жаңа ашылған кеңседе аймақ басшысы шетелдік инвесторлармен кездесіп, ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Абай облысы мен Шыңжаң арасында 250 шақырымнан астам мемлекеттік шекара бар. Екі ел арасындағы «Бақты» шекаралық өткізу пункті өңіраралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарады. Биыл қаңтар-сәуір айларында Абай облысы мен Қытай арасындағы тауар айналымы 952 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43 пайызға артты. Ал экспорт көлемі 842 миллион АҚШ долларына жетіп, 41 пайыз өсті.
Жаңа инвестициялық-сервистік кеңсе Абай облысында жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытқан қытайлық инвесторлар мен кәсіпкерлерге ақпараттық-консультациялық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді. Кеңсе әлеуетті инвесторлардың өтініштерін қабылдап, бастапқы талдау жүргізеді, жобалық материалдарды әзірлеуге жәрдемдеседі, іскерлік кездесулер ұйымдастырып, ұсыныстарды әрі қарай қарау үшін «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жолдайды.
«Айта кететін жайт, кеңсе инвестициялық-сервистік алаң ретінде ғана жұмыс істейді. Қазақстаның дипломатиялық, консулдық немесе өзге де ресми өкілдігі болып саналмайды. Кеңсе виза, рұқсат құжаттары немесе мемлекеттік қолдау шараларын рәсімдемейді және мұндай шешімдерді қабылдау құзыретіне ие емес. Негізгі міндеті – инвесторларға сапалы ақпарат ұсынып, Абай облысымен тиімді іскерлік байланыс орнатуға жағдай жасау», дейді әкімдіктің баспасөз өкілі.
Қазіргі геосаяси және экономикалық жағдайда инвестиция үшін өңірлер арасында бәсеке күшейіп келеді. Осындай кезеңде Абай облысының инвесторды өзі іздеп барып, халықаралық нарықта тұрақты өкілдік ашуы – өңірдің экономикалық саясатындағы белсенді ұстанымды аңғартады. Егер бұл алаң нақты жобалармен толығып, өндіріс пен экспортқа серпін бере алса, Үрімшіде ашылған шағын кеңсе ертең Абай облысының экономикасына үлкен мүмкіндіктер әкелетін маңызды көпірге айналуы ықтимал.
Абай облысы