Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ жағдайы төмен отбасылардың балалары мен дарынды оқушыларды сауықтыруға жергілікті бюджет қорынан 300 млн теңге қарастырылған. Мұның сыртында, 2 634 баланы жазғы демалыспен қамтамасыз етуге жалпыға бірдей міндетті білім қоры есебінен 175 млн теңге көзделіп отыр. Қазірдің өзінде барлық конкурстық рəсім аяқталып, келісімшарттар жасалып қойған.
Интернатта тәрбиеленіп жатқан балалар да назардан тыс қалмайды. Аталған мекемелерде білім алып жатқан 445 бала жазғы демалысын қала сыртында орналасқан 3 лагерьде өткізеді. Балалардың жазғы маусымын талапқа сай ұйымдастыру, қауіпсіздік шараларын сақтау мәселесінде облыстық білім басқармасымен қатар, лагерь орналасқан аумақтың әкімдіктерге де жауапкершілік жүктеліп отыр.
Білім басқармасының басшысы Айман Ыбыраеваның айтуынша, орманды алқаптарда орналасқан 9 лагерьде ұялы байланыс нашар. Бұл төтенше жағдай кезінде жедел əрекет етуге кедергі келтіреді. Аталған демалыс орындарына сапалы байланыс орнату мақсатында білім басқармасы «Starlink» спутниктік интернет жабдықтарын сатып алуды қарастырып жатыр. Оған шамамен 7 млн теңге бөлінеді.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға бірқатар ірі кәсіпорындар да атсалысады. Мысалы, Қостанайдағы «Аллюр» автозауыты Меңдіқара ауданында бірталай жылдан бері қараусыз тұрған бұрынғы «Солнечный» балалар лагерін қайта қалпына келтіруге ниеттеніп отыр. Кәсіпорын көп кешіктірмей құрылыс жұмыстарын қолға алмақ. Демалыс орны күрделі жөндеуден өткен соң, жыл он екі ай бойы жұмыс істейтін коммерциялық балалар лагеріне айналады.
Балалар лагерьлерінде 4 мыңнан астам тәрбиеші мен волонтер жұмыс істейді. Оқушылардың демалыс маусымында қауіпсіздік мәселесіне баса мән беріледі. «Қауіпсіз аймақ» жобасы аясында өзен-көлдерге жақын орналасқан лагерьлерде арнайы мамандар балаларға қауіпсіздік ережелерін үйретеді.
Қостанай облысы