Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Қытайдың Urumqi Air әуе компаниясы Қазақстанға әуе рейстерін ашуы мүмкін. Бұл туралы компания өкілдері мен Астана халықаралық әуежайында әуежай басшылығының кездесуі кезінде белгілі болды, деп хабарлады Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметі.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – Астана мен Құлжа қалалары арасындағы тұрақты әуе қатынасын іске қосу мәселесі болды. Алдын ала жоспар бойынша рейстерді биылғы қыркүйек айынан бастап аптасына 2–3 рет орындау көзделіп отыр.
Сонымен қатар, әуе компаниясының өкілдері Астана халықаралық әуежайын Еуропа бағытындағы рейстер үшін транзиттік авиациялық хаб ретінде пайдалану мүмкіндігіне қызығушылық танытты. Тараптар халықаралық бағыттар желісін кеңейту әлеуетін, ынтымақтастықтың негізгі шарттарын және халықаралық әуе қатынасын одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Фото: Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметі
Кездесу барысында жаңа бағытта пайдаланылуы жоспарланған әуе кемесіне де ерекше назар аударылды. Әңгіме Қытайда өндірілген заманауи өңірлік жолаушылар ұшағы – Comac C909 туралы болып отыр. Рейстер іске қосылған жағдайда, бұл әуе кемесі алғаш рет Астана халықаралық әуежайына тұрақты рейстер орындайтын болады.
Анықтама: Urumqi Air – 2014 жылы құрылған Қытайдың әуе компаниясы. Компанияның негізгі базасы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы – Үрімжі қаласында орналасқан. Urumqi Air ішкі және халықаралық бағыттар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырады. Қазіргі уақытта әуе компаниясы 50-ден астам бағытқа рейстер орындайды. Әуе паркінде 15 әуе кемесі бар, оның ішінде Boeing 737 және Comac C909 ұшақтары пайдаланылады.