Үш буын: кешеден келешекке

24.10.2026

Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Ал сол кезеңде дүние есігін ашқан балалар қазір өз алдына шаңырақ көтеріп, ұрпақ тәрбиелеп отыр. Бүгінгі жастар болса егемендіктің қадір-қасиетін тарихтан, оқулықтардан және үлкендердің естеліктерінен танып-біліп келеді. Әр буынның тәуелсіздік туралы түсінігі, оған деген көзқарасы мен бағасы әр­түр­лі. Бірі азаттықтың алғашқы жыл­дарындағы қиындықтарды бастан өткерсе, енді бірі тәуелсіз елдің игілігін көріп өсті. Осы орайда біз үш буын өкілінен егемендіктің олар үшін нені білдіретінін, оның қадірін қалай түсінетінін сұрап көрдік.

Декларацияның қабылданғанын газеттен оқыдық

Қарағандыдағы По­литехникалық уни­верситеттің ин­женер-механигі Самат Әділбаев кеңес­тік кезеңде бі­лім алып, тәуел­сіздіктің алғашқы жыл­дарында ең­бек­ке араласқан буын­ның өкілі. Ол үшін егемендіктің ең үлкен құндылығы – рух азаттығы мен ой еркіндігі. Өйткені бір ға­на идеология үстемдік құрған қоғамда өс­кен ұрпақ азат ойдың, еркін сөздің баға­сын жақсы біледі. Самат Әділбаев тәуел­сіз­дік жылдарындағы ең үлкен өзгерісті ха­лықтың ұлттық санасының оянуымен, та­ри­хи жадының жаңғыруымен байла­ныс­тырады. 

– Біз 1980 жылдардың ортасында мек­теп бітірдік. Әріп танып, айналамызға көз тас­тап, қоғам туралы түсінігіміз қалыптаса бас­таған шақта санамызда «егемендік» де­ген ұғым болған жоқ. Коммунистік пар­тия­ның айтқаны ақиқат саналып, бір ғана идеология үстемдік құрды. Басқаша ойлау­ға, өз тарихыңның кейбір тұсын сұрап бі­лу­ге де жүрексінетін заман еді. Сондықтан мен үшін тәуелсіздіктің ең үлкен құн­ды­лығы – қорқыныштан арылу. Бала күні­міз­де «Алашорда», «жазықсыз атылғандар», «ха­лық жауы» деген сөздер сыбырлап қана ай­тылатын. Үлкендердің әлденеден сақ­та­нып, кей әңгімені бізден жасыратынын се­зетінбіз. Оның себебін толық түсінбесек те, әлгі сөздердің өзі көңілімізге үрей ұяла­та­тын. Ал бүгін өз жерімізде жалтақтамай сөй­леп, тарихымызды ашық айтып, ел тағ­­дырына қатысты ойымызды еркін біл­діре аламыз.

Жетінші сыныпта оқып жүргенімізде Қа­зақстанның Ресейге қосылуының 250 жыл­дығы мемлекеттік деңгейде тойланды. Маған қазақ хандарының орыс патшасына бас иіп тұрған сәтін бейнелеуді тапсырды. Айтқандарын салып бердік, сол суретпен ау­даннан жүлде де алдық. Ол кезде бей­нелеп отырған көрінісімізге бүгінгідей көз­бен қарағанымыз жоқ. Мектепте не үй­рет­се, соны дұрыс деп қабылдадық. КСРО та­рихын қалың кітаптан оқыдық. Ал қазақ та­рихына арналған кітап жұп-жұқа, бөлін­ген сағат та аз болатын. Өз же­рі­мізде өткен талай оқиға, ел үшін күрес­кен талай тұлға бізге беймәлім қалды.

Қазір мектеп оқушысы Кенесары хан­ның күресін де, Алаш қайраткерлерінің мұра­тын да ашық оқиды. Әлихан Бөкейхан бас­таған арыстарымыздың кім болғанын, не үшін жанын қиғанын біледі. Бұрын атын атауға қорыққан адамдарымыздың еңбек­терін бүгін қолымызға алып отырмыз. Өз тари­хыңды өзгенің ыңғайына қарап түсін­дірмейсің. Ана тіліңде ойыңды айтып, осы әңгіменің өзін еш алаңсыз жұртқа жеткізе ала­сың. Қазіргі жастар біз көрген идео­логиялық құрсауды көрген жоқ. Ол кезде га­зеттерді дүңгіршектен сатып алып оқи­тынбыз. «Орталық Қазақстан», «Социа­лис­тік Қазақстан» газеттерін үзбей қарай­тын әдетіміз бар еді. Өзіміз студентпіз, жа­тақханада тұрамыз. Егемендік туралы декларацияның қабылданғанын да газеттен оқып білдік. 1986 жылы Украинада әскерде жүргенімде полктегі жалғыз қазақ едім. Саяси жетекші мені шақырып алып: «Алматыда нашақорлар жиналып, машина өртеп жатыр», – деді. Желтоқсанның ас­тарындағы ұлттық намыс пен қасіретті ол кезде толық түсінбедік. Шындықты кейін білдік. 

Егемендіктің ең үлкен жетістігі – ұлт­тық рухтың жаңғыруы мен мемлекеттіліктің қалыптасуы. Наурыз қайта тойланып, ұлт­тық киімімізді киіп, ән мен күйімізді еркін әуелеткенде мақтаныш сезіміміз оянды. Алаш арыстарының кітаптары жарық көрді. 1991 жылы төртінші курс студенті едік. Сол кітаптарды таласа сатып алып, бір-бірімізге сүйіншілегеніміз әлі есімде. Еге­мендік алғаннан кейін батырлар мен би­лерге ас беріліп, дүбірлі айтыстар өтті. Ел­дің еңсесі көтерілді. Төл теңгеміз айна­лымға еніп, өз әскеріміз құрылды. Дербес мемлекет ретінде әлемге танылдық.

Еліміздің болашағын өзіміз айқындаймыз

Заңгер Абай Қа­ли тәуелсіз Қа­зақ­станда дүниеге келген. Бүгінде бір ба­ланың әкесі атан­­ған ол елдің бо­­­­лашағын өз пер­зен­тінің келе­ше­гімен байланыс­ты­ра­ды. Оның ай­туын­ша, егемен­дік­­тің қадірі адамның күнделікті тір­ші­лігінен, еркін еңбек етіп, отбасын асырап, ертеңіне сеніммен қарауынан көрінеді. Аға буынның әңгімесін тыңдап өскен заңгер азаттыққа жету жолындағы күресті ұмытпау керегін айтады. 

– «Тәуелсіздік» дегенде, ең алдымен ер­кіндік пен шүкіршілік деген сөздер ойы­ма сарт ете қалды. Өз жеріміз, тіліміз, та­ри­хымыз, салт-дәстүріміз бар. Ең бастысы, өз болашағымызға өзіміз жауап береміз. Тәуел­сіздіктің ең үлкен құндылығы – бей­біт өмір мен тұрақтылық. Өйткені бейбіт ел­де ғана адам білім алып, еңбек етіп, от­басын құрып, балаларының болашағына се­німмен қарай алады. Сондықтан тәуел­сіздікті тек тарихи жетістік емес, күнделікті өміріміздің басты құндылығы деп түсі­не­мін. Мен егемен ел болып жарияланған жы­лы әлі дүниеге келмеген едім. Дегенмен ата-анамыздың, ата-әжелеріміздің сол кезең туралы айтқан әңгімелерін тыңдап өстік. Сол кісілердің толқынысын, үмітін, тәуел­сіздікке деген ерекше сезімін олардың әңгімелері арқылы түсінуге тырысамын. Осын­дай әңгімелерді тыңдаған сайын бү­гін­гі бейбіт өмірімізге, еліміздің тыныш­ты­ғына, өз тілімізде сөйлеп, өз салт-дәс­түрі­мізді ұстанып отырғанымызға қуа­на­мын.

Біз егемендіктің қадірін тек өткенді ес­ке алу арқылы емес, бүгінгі мүмкін­дік­те­­рімізді бағалап, еліміздің дамуына өз үле­сімізді қосу арқылы да түсінуіміз керек деп ойлаймын. Өйткені тәуелсіздікті сақтау – баршамызға ортақ жауапкершілік. Ал бо­лашақ ұрпаққа бейбіт, тұрақты әрі өр­кен­деген ел қалдыру – біздің басты міндетіміз. Ме­ніңше, тәуелсіз ел болудың мәні күнде­лік­ті өмірден көрінеді. Мысалы, өз елімде ең­бек етіп, отбасымды асырап, балаларым­ның болашағын Қазақстанмен байланыс­тыра алуым – тәуелсіздіктің нақты көрінісі. Сонымен қатар өз еліміздің дамуына үлес қосу, қоғам алдындағы міндеттерді орын­дау, мемлекеттік тіл мен ұлттық құн­ды­лық­тарды құрметтеу де осы ұғыммен тығыз бай­ланысты. Тәуелсіздік бізге мүмкіндік бе­реді, ал сол мүмкіндікті дұрыс пайдалану – әр­қай­сымыздың міндетіміз.

Кейінгі жылдары Қазақстан ха­лық­аралық қауымдастықта өз орнын қалып­тас­тырып, экономикасын, білім беру жүйе­сін, инфрақұрылымын дамытып ке­ле­ді. Бірақ кез келген жетістіктің негізінде адам тұруы керек деп ойлаймын. Сон­ды­қ­тан мен үшін ең маңызды нәтиже – елі­міз­де бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақ­талуы, адамдардың еркін еңбек етіп, келер ұр­паққа жақсы өмір қалыптастыруға ұм­тылуы. Тәуелсіз елдің азаматы болу – тек құ­қықтарға ие болу емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік алу. Әр адам өз ісіне адал болып, заңды сақтап, қоғамға пай­дасын тигізуге тырысуы керек. Әсіресе мем­лекеттік қызметте жүрген адам үшін бұл жауапкершілік жоғары деп есептеймін. Се­бебі мемлекеттік қызмет – халыққа қыз­мет ету, елдің дамуына үлес қосу.

Таңдау жасауымызға мүмкіндік көп

Арқалық қала­сы­ның тумасы Ақ­ті­лек Мереке – Л.Гумилев атын­да­ғы Еуразия ұлттық университетінің төр­тінші курс сту­денті. Тәуелсіз елде дү­ниеге келген жас үшін еркіндік – өз жолын таңдау мүм­кін­дігі әрі сол таңдауына жауап бере білу. Бол­ашақ журналист егемендіктің қадірін, ұлт­тық болмыс пен бүгінгі буынның жауап­кер­шілігін күнделікті өмірімен байланыс­тыра пайымдайды.

– Өз ойыңды ашық айту, қалаған ма­ман­дығыңды таңдау, болашағыңды өз елің­мен байланыстырып жоспарлау – мен үшін тәуелсіздіктің күнделікті өмірдегі кө­рінісі. Біз тәуелсіз Қазақстанда дүниеге кел­гендіктен, кейде осы мүмкіндіктердің бә­рін қалыпты нәрседей қабылдаймыз. Бір­ақ оның оңай келмегенін ұмытпауымыз керек.

Атам да, нағашы атам да Ұлы Отан со­ғысына қатысқан. Бейбіт өмірдің, ер­кін­діктің қадірін сол кісілерден артық білеміз деп ­айта алмаймын. Олардың бастан кеш­кендері туралы әңгімелерін тың­да­ғанда, «біз тәуелсіздікке осылай жеттік пе?» деп ойлап қаламын. Біз қазір тәуелсіздікті өз алдына дербес ел болу, өз тағдырымызды өзі­міз шешу деп қабылдаймыз ғой. Мы­салы, спортшыларымыз халықаралық жа­рыс­тарға Қазақстанның атынан қаты­сып, жеңіс тұғырына көтеріледі. Жаста­ры­мыз түрлі олимпиадада жүлде алып, елі­міз­дің атын танытып жүр. Сол кезде өз туымыз көтеріліп, Әнұранымыз шырқалады. Мен үшін егемендіктің нақты көрінісінің бірі – осы. Әлем алдында өз атыңмен танылып, өз еліңнің атынан жетістікке жетудің өзі үл­кен мақтаныш.

Қазір төртінші курста оқимын. Уни­вер­ситетті бітіргеннен кейін қайда жұмыс іс­тей­мін, қандай маман боламын, қоғамға қан­дай пайдам тиеді деген сұрақтар жиі ой­ландырады. Өз таңдауымды жасауға мүм­кіндігім бар, демек, соның нәтижесіне де өзім жауап беруім керек. Шетелде білім алып, тәжірибе жинап, оны Қазақстанда іске асыруға болады. Ең бастысы – әлемге қызығып жүріп, өз еліңе деген қызы­ғу­шы­лығыңды жоғалтпау. Әр халықтың өз алдына ел болып, тағдырын өзі шешкісі ке­летіні табиғи түсінік қой. Бірақ сол мүмкіндік бәріне бірдей оңай берілмеген. Біздің тәуелсіздігіміздің артында да қан­шама күрес, құрбандық, талай адамның орындалмай кеткен арманы тұр. Бізге «ата-бабаның үмітін ақтау керек» деп жиі ай­тады. Мен оны өз ісіңді адал атқару деп тү­сінемін. Қазір менің міндетім – жақсы біл­ім алып, мамандығымды меңгеру. Кейін жұ­мысқа барғанда жауапкершілікпен ең­бек ету, айналамдағы мәселелерге бейжай қарамау. Тәуелсіз ел болғанымызды мақтан тұтамын. Сол мақтанышымның күнделікті ісімнен де көрінгенін қалаймын.

P.S. 

«Егемен болмай ел болмас» деген сөз бар. Үш буынның әңгімесін тыңдап отырып, әрқайсысының егемендікті өз өмірімен өлшейтінін аңғардық. Бірі бұрын айтуға қорыққан сөзін бүгін еркін жеткізгеніне қуанады. Екіншісі баласының ертеңіне сеніммен қарағысы келеді. Үшіншісі өз жолын таңдап, еліне пайдасын тигізуді ойлайды. Осы тілектердің тоғысатын тұсы бір: өз еліңде еркін өмір сүру, ұрпағыңның да сол еркіндікте өскенін көру. Азаттықтың қадірі де осындай қарапайым адамдық мұраттардан сезілсе керек.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью