Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Жаңа ғылыми-инновациялық орталықта отандық ұшқышсыз ұшу аппараттарының (ҰҰА) модельдерін әзірлеу, оқу-өндірістік зертханалар мен сынақ полигонын құру, сондай-ақ дуалды білім беру және сертификаттау бағдарламаларын жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар орталық аясында дрондар мен сервистерді ішкі және халықаралық нарыққа шығару, инновациялық стартаптарды қолдау және коммерцияландыру көзделген. Жобаның іске асырылуы елдің цифрлық инфрақұрылымын нығайтып, Қазақстанның азаматтық ұшқышсыз авиация саласындағы мемлекеттік стратегиясын жүзеге асыруға елеулі серпін береді.
Ашылу салтанатына ҚазҰУ Басқарма төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Aerial Solutions ЖШС Авиациялық оқу орталығының бас директоры Перизат Құдайбергенова, Қорғаныс министрлігінің Ұшқышсыз ұшу жүйелерін дамыту және қолдану департаментінің басшысы Иса Теймуразұлы, Қорғаныс министрлігі Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштері қолбасшылығының бас орталығының басшысы Сәкен Рүстемов, Ұлттық қауіпсіздік академиясының кафедра меңгерушісі Артур Имашев, Қазақстан авиация әкімшілігінің Лицензиялау департаментінің директоры Әділжан Сұлтанов қатысты.
Жиынды ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев ашып, орталықтың іске қосылуы Қазақстанның технологиялық дамуы үшін ерекше маңызы бар тарихи оқиға екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында: «Біздің ұлт ретінде бәсекеге қабілеттілігіміз бен егемендігіміз осы технологияны қалай пайдаланатынымызға тікелей байланысты. Әр маман цифрлық дағдыларды жетік меңгеріп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жұмыс барысында тиімді қолдана білуі қажет», – деп атап өткен болатын. Орталық ауқымды ғылыми жобаны іске асыруға, заманауи дрондарды жасап құрастыруға, білікті мамандарды даярлауға және студенттердің тағылымдамадан өтуіне кең мүмкіндік береді. Мұнда жасалған дрондар экономиканың түрлі саласында тиімді қолданылатын болады», – деді ректор.
Өз кезегінде Aerial Solutions ЖШС Авиациялық оқу орталығының бас директоры Перизат Құдайбергенова ҚазҰУ базасында ашылған Ұшқышсыз авиацияны дамыту инновациялық орталығы ғылымды, білім беруді және заманауи ұшқышсыз технологияларды біріктіріп, халықаралық стандарттарға сәйкес мамандар даярлауға мүмкіндік беретінін айтты. Бұл бастама жас мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, отандық авиациялық жобаларды әлемдік деңгейге шығаруға маңызды үлес қосады.
Қорғаныс министрлігінің Әуе қорғаныс күштері бас басқармасының жетекшісі Сәкен Рүстемов жаңа орталықтың алдағы жұмысына табыс тілеп, орталық әуе қозғалысы саласының дамуына елеулі үлес қосуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Шара соңында қатысушыларға орталықтағы заманауи құрылғылар мен аппараттар көрсетіліп, негізгі атқаратын жұмысы туралы ақпарат берілді.