Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Қазақстанда 1213 тіректі гидротехникалық құрылыс бар, оның 495-і жөндеуді қажет етеді. Төтенше жағдайлар министрлігі мен Су ресурстары министрлігі елдегі гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі, оларды бақылау және апаттардың алдын алу шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
1213 гидротехникалық құрылыс: 495-і жөндеуді қажет етеді
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 31 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 1213 тіректі гидротехникалық құрылыс (ГТҚ) есепте тұр. Оның ішінде 405-і – су қоймасы, 120-сы – бөгет, 343-і – плотина, 123-і – гидроторап, 220-сы – тоған және екеуі – су өткізу және су төгу құрылыстары.
Бұл нысандардың басым бөлігі – 790-ы коммуналдық меншікте. Тағы 225-і республикалық меншікке, 197-сі жекеменшікке тиесілі болса, бір құрылыс иесіз деп танылған.
Бұл ретте бүгінде 495 гидротехникалық құрылыс жөндеуді қажет етеді. Мұндай нысандардың ең көбі Қарағанды облысында – 179. Шығыс Қазақстан облысында 57 ГТҚ, Ақмола облысында 45 нысан бар.
Министрлік "жөндеуді қажет етеді" деген мәртебенің өзі барлық 495 құрылыс апаттық жағдайда немесе халыққа тікелей қауіп төндіріп тұр дегенді білдірмейтінін нақтылады. Жұмыс жүргізу қажеттілігі тексеру нәтижелері бойынша анықталады.
Фото: Тengrinews.kz
ГТҚ жай-күйін бақылауды бассейндік су инспекциялары жергілікті атқарушы органдармен, төтенше жағдайлар департаменттерімен және теңгерім ұстаушылармен бірлесіп жүргізеді. Кемшіліктер анықталған жағдайда, меншік иелеріне қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы нұсқамалар беріледі. Ведомство ақпаратынша, меншік иелері ағымдағы жөндеуді жыл сайын жүргізіп тұрады.
Сондай-ақ көпфакторлы зерттеу деп аталатын тереңірек тексеру түрі бар. Су заңнамасының талаптарына сәйкес, ол кемінде бес жылда бір рет жүргізілуі тиіс.
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі
Министрлік мәліметінше, 2022–2025 жылдар аралығында 218 гидротехникалық құрылысқа көпфакторлы зерттеу жүргізілді: оның 93-і республикалық меншіктегі нысан, 106-сы коммуналдық және 19-ы жекеменшік нысан. 2026 жылы тағы 105 ГТҚ-ны осындай тексеруден өткізу көзделген.
"Бүгінгі таңда олар 20 нысанда жүргізілді, қалғандары бойынша келісімшарттық міндеттемелерді орындау жалғасып жатыр", - деп бөлісті ведомство өкілдері.
Министрлік бақылау тек мерзімді тексерулермен шектелмейтінін баса айтты.
"Министрлік жергілікті атқарушы органдармен, ТЖМ-мен және теңгерім ұстаушылармен бірлесіп, ГТҚ-ны қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге, ақаулар мен зақымдануларды дер кезінде анықтауға, техникалық тексерулер мен жөндеу жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ апаттық жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешенін тұрақты түрде жүзеге асырып жатыр", - деп хабарлады ведомство.
Бұл ретте Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, соңғы үш жылда әлеуетті қауіп төндіретін ірі гидротехникалық құрылыстардың ішінара бұзылуы, зақымдануы немесе апаттық жағдайға ұшырауы тіркелмеген.
Қай плотиналар жөнделді?Су министрлігінің мәліметінше, 2024–2025 жылдары түрлі өңірлерде бірқатар ірі гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Ақтөбе облысында Ақтөбе су қоймасы мен "Шолақ" плотинасында, Түркістан облысында Қапшағай су қоймасында, Батыс Қазақстан облысында Киров су қоймасында жұмыстар аяқталды.
Сондай-ақ Абай облысындағы Шар су қоймасы, Қостанай облысындағы Степное ауылындағы плотина мен Албарбөгет, Маңғыстау облысындағы Сарықабақ су қоймасы және Жетісу облысындағы Қызылағаш су қоймасы жөнделді.
Шымкенттегі Ақжар және Тоғыз су қоймаларында, сондай-ақ Ақмола облысындағы "Чапаевская-1" дамбасы мен "Дамса" плотинасында жұмыстар аяқталды.
Фото: "Қазсушар"
Сонымен қатар гидротехникалық инфрақұрылымды жаңарту қажеттілігі сақталып отыр. Министрлік мәліметінше, 2030 жылдың соңына дейін тағы 37 ГТҚ-ны реконструкциялау жоспарланған.
Мемлекет коммуналдық гидротехникалық құрылыстармен жеке айналысып жатыр. 16 өңірде оларды күтіп ұстауға, пайдалануға және басқаруға жауапты мамандандырылған ұйымдар құрылды.
Министрліктің жауабында 2027 жылға дейін 1039 коммуналдық ГТҚ-ны теңгерімге алу жоспарланғаны айтылған.
Алматы: қаланы селден 10 плотина қорғайдыАлматыда плотиналардың қауіпсіздігі мәселесінің тағы бір қыры бар: қала тау етегінде орналасқандықтан, мұнда гидротехникалық құрылыстарға байланысты тәуекелдерге сел қаупі қосылады. Сондықтан қалада қуатты сел тасқынының тұрғын аудандарға жетуіне жол бермеуді мақсат тұтатын бөлек инженерлік қорғаныс жүйесі жұмыс істейді.
ТЖМ мәліметінше, қаладағы негізгі сел қаупі бар бассейндерде 10 инженерлік-қорғаныс құрылысы орналасқан.
Ең ірілерінің қатарында "Мыңжылқы", "Медеу" және "Аюсай" сел ұстайтын бөгеттері, "Сарысай" сел ұстайтын құрылысы, Кіші Алматы өзеніндегі торлы сел ұстағыш, Үлкен Алматы өзеніндегі сел ұстағыш бөгеті, Көкшоқы өзеніндегі құрылыс және Қарғалы өзеніндегі селге қарсы құрылыс бар.
Тағы 23 селден қорғау құрылысы Алматы облысында орналасқан. Олардың ішінде Талғар, Кремнев, Қаскелең және Ұзын-Қарғалы селден қорғау бөгеттері бар.
Төтенше жағдайлар министрлігі бұл нысандардың ең алдымен сел массаларын, ірі сынықты материалдар мен шөгінділерді ұстап қалуға және уақытша бөгеуге арналғанын атап өтті.
Бөгеттердің жай-күйі қандай"Бұл ретте қаланы қорғау жүйесі тек бөгеттермен шектелмейді. Оған сел қаупі бар бассейндерді бақылау, жерүсті және аэровизуалды зерттеулер, автоматтандырылған мониторинг және алдын алу жұмыстары кіреді", - деп хабарлады ТЖМ өкілдері.
ТЖМ хабарлауынша, соңғы тексеру қорытындысы бойынша Алматының жұмыс істеп тұрған селден қорғау және инженерлік қорғаныс құрылыстарының техникалық жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр.
Мамандар құрылыстардың конструктивтік элементтерін тұрақты түрде тексеріп, ықтимал зақымданулар мен деформацияларды іздейді, ал қажет болған жағдайда ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
"Оларды тікелей мақсаты бойынша одан әрі қауіпсіз пайдалануға кедергі келтіретін аса қауіпті зақымданулар мен ақаулар анықталған жоқ. Құрылыстардың техникалық жағдайы басқарма мамандарының тұрақты бақылауында. Қазіргі уақытта ұйым теңгеріміндегі қолданыстағы селден қорғау бөгеттерінің бұзылуы немесе қирауының тікелей қаупі жоқ", - деп мәлімдеді ведомство.
Мамандар "Медеу" және "Аюсай" бөгеттерін бөлек бақылайды. Бұл нысандарда "Қазселденқорғау" филиалының диспетчерлік пункттері орналасқан, онда құрылыстардың техникалық жағдайы, гидрологиялық ахуал мен сел қаупі тәулік бойы қадағаланады.
Ақсай бөгетіАлматыдағы ірі селден қорғау нысандарының ішіндегі ең күрделі жағдай Ақсай бөгетіне қатысты болып отыр. Бұл нысанның құрылысы 2020 жылы басталған болатын, бірақ жұмыстар созылып кетіп, кейін жанжалдар мен мердігермен шарттың бұзылуына байланысты тоқтатылды. Мердігерлік ұйымның басшылығы мен жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты миллиардтаған теңге бюджет қаражатын жымқыру бойынша істер қозғалды.
Сонымен қатар мердігердің нысан құрылысы бойынша міндеттемелерін орындамауы салдарынан Алматы тау бөктеріндегі 30 мыңға жуық тұрғынның өміріне қауіп төнді.
2026 жылы бұл бөгетке қатысты жағдай әлі де толық шешімін тапқан жоқ. ТЖМ мәліметінше, қазіргі уақытта нысанның дайындығы небәрі 85 пайызды құрайды.
"Мердігермен, авторлық және техникалық қадағалау ұйымдарымен жасалған келісімшарттар бұзылды. Нысан екі жылдан астам уақыт бойы консервация жағдайында тұр. Құрылысты аяқтау үшін жұмыстың қалған түрлеріне және жобаның конструктивті бөлігіне түзетулер енгізілді", - деп хабарлады министрліктегілер.
Қазіргі уақытта, олардың мәліметінше, Ақсай бөгеті бойынша жобалау-сметалық құжаттама түзетіліп жатыр. Осыдан кейін ол мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамадан өтуі тиіс.
ТЖМ құрылыс аяқталғанға дейін бассейн қауіпсіздігі басқа тәсілдермен: мониторинг, зерттеулер, гидрологиялық ахуалды бақылау, мореналық көлдердегі су деңгейін реттеу және күштердің жедел әрекет етуге дайындығы арқылы қамтамасыз етілетінін атап өтті.
Бөгеттердің бұзылуыМинистрліктердің бөгеттердің жағдайы қанағаттанарлық деген сеніміне қарамастан, соңғы жылдары Қазақстанда бірнеше ірі бұзылу оқиғасы болды, оның ішінде 2026 жылдың сәуірінде Ақмола облысындағы жағдай мен 2024 жылғы көктемгі су тасқыны бар.
Мәселен, Ақмола облысының Қорғалжын ауданында еріген қар суының келуіне байланысты "Шөптікөл" бөгеті бұзылды. Құтқарушылар суды бұру және дамбаны нығайту жұмыстарын жүргізді, тұрғындарға қауіп төнген жоқ.
2024 жылдың наурызында бірден екі оқиға болды. 20 наурызда Алматы облысының Байкент ауылында Ворошилов су қоймасының бөгеті жарылды. Елдегі ауқымды су тасқыны аясында орын алған бұл оқиға бойынша ресми тергеу басталып, кейін нысан жеке иелерінен алынды.
Алматы облысындағы бөгеттің бұзылуы. Видеодан алынған кадр
Сол жылдың 29 наурызында Ақтөбе облысында Щербаков бөгеті жарылды. Су басу аймағында Талдысай және Жүргенов ауылдарының тұрғындары қалды. ТЖД 149 адамды эвакуациялады, тағы 251 тұрғын ірі қара мал мен үй құстарын айдап, апат аймағынан өз бетінше кетті.
Айта кетейік, бұл бөгет 1970 жылдары салынған, ал 2023 жылы, яғни бұзылудан бір жыл бұрын құрылысқа ауқымды реконструкция жүргізілген болатын.
Тағы оқыңыз: Алматыда Непал сценарийі қайталануы мүмкін бе: ТЖМ жауабы
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу