Ұшу кеңістігін ұлғайтқан қала

04.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Көлік министрлігі Азаматтық авиа­ция комитетінің төрағасы Салтанат Томпиеваның айтуынша, Астанадан ішкі бағытта 18 тұрақты рейс, халықаралық деңгейде 40 бағытта рейс орындалады. Ішкі бағытта аптасына – 496, халықаралық бағытта 270 рейс жүзеге асырылады екен.

Жыл басынан бері де, ал­дағы кезеңде де Астананың әуе бағыттарын дамыту ісі жол­ға қойылған. Министрлік халық­аралық әуе қатынасының геогра­фиясын кеңейтуде жүйелі жұ­мыс жүргізіп жатыр. Салтанат Еркінқызының сөзінше, елімізде шетелдік әуе тасымалдаушылары үшін ұшу бағыттары мен рұқ­сат етілген рейстер жиілігіне қа­тысты шектеулерді алып тастай­тын «ашық аспан» режімі қол­данылады. Биыл елде 15-тен астам жаңа халықаралық әуе бағытын ашу жоспарда тұр. Жүзеге асқаны да бар. Елорданың да еңсесін биіктетер бастамалар жоқ емес.

«Атап айтқанда, Арменияның «Shirak Avia» әуе компаниясы Ереван – Астана, «FlyOne Armenia» әуе компаниясы Ере­ван – Алматы, ал «SCAT» әуе ком­паниясы Ереван – Ақтау бағыт­тарында тұрақты рейстерді іске қосты. Сонымен қатар «SCAT» әуе компаниясы Астана – Ұлан-Батыр бағытында рейстерді ашты. «Air Astana» әуе компаниясы Астана мен Алматыдан Ларнакаға (Кипр) жаңа рейстерді, сондай-ақ Астана – Гуанчжоу және Алматы – Шанхай халықаралық бағыт­тарында тұрақты рейстерді іске қосты», дейді Комитет төрағасы.

Сондай-ақ Мемлекет басшы­сының тапсырмасын орындау аясында елордадан Токиоға және Нью-Йоркке тікелей рейстер ашу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Экономист, «Qazaq Expert Club»-тың тең құрылтайшысы Бауыржан Шурмановтың пікірінше, Астананың авиациялық әлеуетін күшейту тек көлік саласының мәселесі емес. Бұл – Қазақстанның халықаралық логистикадағы орнын айқындайтын стратегиялық қадам. Оның айтуынша, кейінгі кезде әлемдік әуе тасымалы жүйе­сінде елеулі өзгеріс байқа­лып отыр. Геосаяси тұрақсыздық күшейген сайын халықаралық әуе компаниялары қауіпсіз әрі тұрақты бағыттарды іздей бас­тады. Осындай жағдайда еліміз өзінің географиялық орналасуын тиімді пайдалана алады.

«Қазақстан Еуропа мен Азия­ның, Қытай мен Ресейдің түйіскен тұсында орналасқан. Егер әуе инфрақұрылымы уақ­тылы жаңғыртылса, еліміздің халық­аралық жүк және жолаушылар ағы­нының маңызды бөлігіне айналуға толық мүмкіндігі бар. Бұл ретте Астананың әлеуеті ерекше», дейді Б.Шурманов.

Экономистің пікірінше, ке­лесі жылы басталатын елорда әуе­жайын жаңғырту мен жаңа әуежай салу жос­пары Астананың рөлін жаңа деңгейге көтеруі мүмкін. Оның айтуынша, елорда Еуропа, Ресей және Орталық Азия арасындағы іскерлік, дип­ломатиялық әрі транзиттік байланысты тоғыстыратын әкімшілік-саяси авиациялық хаб ретінде қалыптасуға қабілетті.

«Авиациялық хабтың тиім­ділігі тек ұшақтардың санымен өлшенбейді. Мұндай жобалар туризмнің, қонақүй бизнесінің, қоғамдық тамақтану, сауда және қызмет көрсету салаларының дамуына серпін береді. Транзит­тік жолаушылар ағыны көбейген сайын қала экономикасына түсе­тін кіріс те арта түседі», деп қорытындылады экономист.

Жол қадірін жүрген біледі. Жаңа бағыттардың ашылуы – алдымен сапарға жиі шығатын адамдар үшін үлкен қуаныш. Соның бірі – қазір АҚШ-та жұмыс істейтін қызылордалық Зұлпы­хар Бектасұлы. 7 жылдан бері мұхит­тың арғы бетінен нәпақасын тауып жүрген кәсіпкер Астанадан Нью-Йоркке тікелей рейс ашылатынын естіп, қуанышында шек болмағанын жеткізді.

«Шет мемлекетте жүрген соң, туған елге деген сағыныш әр­дайым жүрегіңде тұрады. Жол­дың ұзақтығынан жыл са­йын баруға мүмкіндік бола бермейді. Қазір елге Доха, Дубай қалалары немесе Түркия арқылы баруға тура келеді. Осылай жолға 15–20 сағат уақыт жұмсайсың. Жол шығыны да қалтаға ауыр тиеді. Ал мына сүйінші жаңалық кө­ңіл­ге медеу болды. Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей рейс ашылса, жол қысқарып, шығынды кемінде мың долларға дейін азайтуға болады деп ойлаймын. Себебі қазіргі жағдайда рейс­тер арасында қонақүйге орналасуға мәжбүрсің. Тамағыңа да жұмсайтын қаражат аз болмайды әрі ұйқың да бұзылады. Үкімет көтеріп отырған бас­тама іске асса, елге жиі барып тұруға мүмкіндік туар еді», дейді ол.

Зұлпыхар Бектасұлының сөзін­ше, АҚШ-тағы әріптестерінің, достары мен таныстарының арасында елімізге саяхаттауға ниетті адамдар жетерлік. Сондықтан ол тікелей рейстің іске қосылуы тек өзі үшін емес, шетелдік турис­тердің де жоспарын жеңілдетіп, ойдағысын орындауға сеп болатын игі бастама екенін айтады.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью