Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
«Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Ұстаз айтса» республикалық диалог алаңы аясында ардагер және үздік педагогтер бас қосып, білім беру жүйесінің қазіргі ахуалы мен оны одан әрі жетілдіру жолдары талқыланды. «Ұлағатты ұстаз – ел тірегі» тақырыбымен өткен кездесуде білім сапасы, педагог мәртебесі, мұғалімдердің кәсіби дамуы, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні оқу үдерісінде тиімді пайдалану мәселелері қозғалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жиында сөз алған Қызылорда облыстық Сырдария ауданының білім саласының ардагері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері Баян Сүюбаева білім беру саласында қалыптасқан тәжірибенің маңызына тоқталды. Еңбек жолында мектеп директоры және білім бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарған ардагер ұстаз педагог еңбегін бағалау мен білім сапасын арттыруға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Ал жас педагогтер атынан Қызылорда қаласындағы №285 мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының мұғалімі Ермек Жақсыбаев қазіргі заман мұғаліміне қойылатын талаптар туралы пікір білдірді. Ол цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісінде тиімді қолданудың маңызын атап өтті.
Соңғы жылдары өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңартуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соңғы төрт жылда салаға 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлініп, 123 миллиард теңгеге 46 білім беру нысаны жаңадан салынды. Сонымен қатар Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп пайдалануға берілді.
Бұл жұмыстар білім беру саласының материалдық-техникалық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашты деп айтуға болады. Дей тұрғанмен, жаңа ғимараттар мен заманауи құрал-жабдықтардың тиімділігін, оларды кәсіби тұрғыда пайдалана алатын білікті мамандар мәселесі басты назарда тұр.
Жиында «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай да осы мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, заман өзгерген сайын ұстазға қойылатын талаптар да жаңарып келеді. Бүгінде педагог өз пәнін жетік меңгерумен қатар, цифрлық құралдарды еркін игеріп, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білуі қажет.
Бұл бағытта Сыр өңірінің ұстаздары да белсенділік танытып келеді. Партияның қолдауымен Daryn.ai платформасында ұйымдастырылған жасанды интеллект бойынша біліктілікті арттыру курсын Қызылорда облысының 20 020 педагогі аяқтаған. Олардың қатарындағы 23 педагог Астана қаласында өткен педагогикалық хакатонға қатысып, өз білімдері мен тәжірибелерін жаңа форматта сынақтан өткізуге мүмкіндік алды.
Сондай-ақ «Цифрлық қоғам» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған USTAZGA AI курсы мен «Оқу үдерісі және ЖИ: генеративті модельдер мен промпт-инжиниринг өнері» бағдарламасы педагогтердің жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу жөніндегі құзыреттерін жетілдіруге бағытталды. Аталған бағдарламалар арқылы өңірдің мыңдаған педагогі біліктілігін арттырды.
Диалог алаңында ардагер ұстаздардың жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі мен жас педагогтердің жаңашыл көзқарасы бір алаңда тоғысып, білім беру жүйесіндегі ұрпақтар сабақтастығын айқындады.
«Білім мен ғылым – адами капиталдың ұзақмерзімді дамуының негізгі тірегі. Осы орайда «Әділет» партиясы педагогтердің пікірін тыңдап қана қоймай, олардың кәсіби құқықтары мен еңбек жағдайын қорғауға, білім сапасын арттыруға бағытталған Президент бастамаларын іске асыруға атсалысатын болады», – деді Жандос Базартай.
Іс-шара соңында білім беру саласына қосқан үлесі мен кәсіби қызметтегі еңбегі үшін бірқатар педагог «Әділет» партиясы облыстық филиалының Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар мерекеге орай партия белсендісі, облыстық мәслихат депутаты Нұрболат Ибраевтың демеушілігімен ұстаздарға бағалы сыйлықтар мен тәттілер салынған себеттер табысталды.