Ұстаз рухына тағзым: Абай облысында Берік Сәрсенбековті еске алуға арналған волейбол турнирі өтті

08.05.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

2 мамырда Абай облысы, Жаңасемей ауданы (бұрынғы Абыралы ауданы), Қайнар ауылында білім мен тәрбие беруге, спортты өркендетуге үлкен үлес қосқан танымал тұлға, саналы ғұмырын білім мен спортқа арнаған, 14 жыл бойы мектеп директоры қызметін абыроймен атқарған, шәкірт тәрбиелеуде өшпес із қалдырған үздік бапкер, жоғары санатты мұғалім, «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері, ұлағатты ұстаз Берік Сәрсенбековті еске алуға арналған республикалық ашық турнир өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Турнирге қатысуға республика бойынша 5 облыстан 12 команда: Семей қаласынан – үш, Астана қаласынан – бір, Павлодар облысы, Абай ауылы (Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы), Тарбағатай (ШҚО), Доғалаң, Шакаман және Қайнардың ауылдарынан командалар ресми өтініш берді.

Турнирді өткізуге бастама жасаған және басты демеуші болған – Беріктің әке-шешесі, Абыралы өңіріне белгілі ұстаздар Самат Сәрсенбеков пен Өзипа Жәйкенованың ұрпақтары мен өз отбасы.

Турнирді ұйымдастыруға Абай облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жаңасемей ауданы Қараөлең ауылдық округі, С.Бегалин атындағы Қайнар орта мектебінің әкімшілігі, Қайнар ауылындағы Дене шынықтыру-сауықтыру кешені (ФОК) атсалысты. Әртүрлі спорттық іс-шаралар өткізу тәжірибесі мол ауыл азаматы, Берк Саматұлының шәкірті Рахым Мейржанның турнирдің өте жоғары деңгейде өтуіне қосқан үлесі зор.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың құттықтау хатын ведомствоның аппарат басшысы, Берік Саматұлының шәкірті Роллан Серіков арнайы әкеліп табыстады. Хатта: «Берік Саматұлы ауыл жағдайында, шектеулі мүмкіндіктерге қарамастан, мектеп спорт залы мен ауласында ғана жұмыс істеп, жасөспірімдерді спортқа баулыды. Осы қарапайым еңбек арқылы ол жүздеген шәкіртке жол көрсетіп, спортқа деген қызығушылықты қалыптастырды. Бұл – нағыз ұстаздық пен жанашырлықтың үлгісі», – деп атап көрсетілген.

Қазақстан волейбол федерациясы атынан бірінші вице-президент А.Көбенов турнирдің өткізілуін қолдап, арнайы құттықтау хат жолдады. Хатта сондай-ақ: «Берік Саматұлы – бүкіл еңбек жолын білім мен тәрбиеге, жас ұрпақта спортқа баулуға арнаған жоғары санатты ұстаз. Ол Қайнар өңірінде дене шынықтыру мен спорттың дамуына зор үлес қосып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Бұл турнир – тұлғаға деген құрмет, ұрпақтар сабақтастығы және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған игі бастаманың айқын көрінісі. Қазақстан волейбол федерациясы аталған турнирдің жүлде қорына өз үлесін қосатынын білдіреді және алдағы уақытта да осындай бастамаларды қолдауға дайын екенін жетізеді», – деп көрсетіле келіп, бас жүлдеге федерация атынан 1 миллион теңге атады.

Нәтижесінде, Берік Саматұлының бір туған бауырлары атаған 1 миллион теңгеге аталмыш қаражат қосылып, бірінші орынның жүлде қоры 2 миллион болды. Сондықтан да болар финалдағы ойындар тартысты өтті.

Екінші орынның жүлде қорына Қайнар ауылы жастары – Беріктің шәкірттері жарты миллион теңгені ұсынды. Берктің кластас достары үшінші орынға үш жүз мың теңге атады.

Жеке үздік ойыншыларға жүлде атаушылар – Берік Саматұлымен кезінде бір алаңға шыққан «доп достары» (ардагер спортшылар), әріптестері, Қайнар орта мектебінің әр жылғы түлектері өте көп болды.

Турнирге сондай-ақ Абай облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Мерей Қайрат, Жаңасемей ауданы әкімшілігінің өкілдері келіп, құттықтау сөз сөйледі.

Спортшы-ұстаздың жылдық асына орай 2024 жылы шығарылған естеліктер кітабы арқылы спортсүйер осындай ауылмен етене танысқан Қазақстан волейбол федерациясы мектептің биылғы екі түлегіне Астанадағы жаңадан ашылатын Ұлттық спорт университетіне грант бөлді.

Семей сынақ полигоны іргесінде орналасқан, жері тозып, елі тұрақтамауға айналған, кезінде талай жақсылар мен жайсаңдар ұшырған Қайнар ауылында өткізілген турнир еліміздегі шағын ауылдардың үлкен болашағына сенімді оятты. Сайысты ұйымдастырушылар өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салты мен волейбол спортын насихаттау;  ел патриоты, спортшы ұстаздың өмірі үлгісінде отансүйгіштікке,  елін шынайы сүю қасиеттеріне баулу; сайыпқыран спортшылар сайысындағы ойындар барысында жастарды командалық рух, еркін бәсекелестік, төзімділік пен табандылық, қимыл-қозғалыс шеберлігіне тәрбиелеуді мақсат тұтты.

1992 жылы Семей педагогикалық институтының Дене шынықтыру факультетін бітіргеннен бастап өмірінің соңына дейін 30 жылдан артық С.Бегалин атындағы Қайнар орта мектебінде табан аудармай жұмыс істеген Берк Саматұлының өмір жолы – дәл осындай жанкештілік үлгісі.  Спортшы-ұстаздың өзгелерден жеке ерекшелігі – бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесі, ұстаздық жолға арнап, спортты жан дүниесімен сүйе біліп, оны оқушыларына үйретіп, ерекше ыждаһаттылықпен машықтандырып жеткізуі.

Көптеген оқушылар ұстазына еліктеп, спорт үйірмесіне асқан қызығушылықпен қатысып, кейін көпшілігі спорт саласын өмірлік серік етіп, ұстаз жолын жалғастырған. Мысалы, Н.Қабдрахманов – Қайнар ауылындағы ФОК басшысы, С.Алдабергенов, М.Исабаев – Қайнар орта мектебінде (Ерлан Искаков, қайтыс болды), М.Қаржаубаева, Р.Мәдениетов, Ұ.Жангуттин, Ғ.Қойшыбеков, С.Оспанов, Н.Қойшыбаев – Астана қаласындағы мектептерде, А.Болатов, Н.Абдрасилов, М.Көпбаев, А.Сандықбаев, С.Мұхтаров – Семей қаласындағы мектептерде, А.Қайроллин – Көкентау ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімдері. Олар сүйікті ұстаздары ісін жалғап, жас ұрпақты шыңдап, тәрбиелеу жолында  еңбек етуде. Мұның бәрі – Берк Саматұлы еңбегі, спортқа деген ұшан-теңіз махаббатының жемісі.

Турнирге қатысқан Абай ауылы (Қарағанды, Қарқаралы ауданы), Семей қаласынан Абай ҰҚК (КНБ), Volley Семей, Семей Фреш, Семей-Көркем, Қайнар ауылы, Қайнар Шәкірттер, Ақбұлақ ауылы, Доғалаң ауылы, Новопакровка ауылы, Тарбағатай ауылы (ШҚО), Шакаман ауылы командалары арасынан 1-орынды Қайнар ауылы командасы, 2-орынды Тарбағатай ауылы (ШҚО) командасы, 3-орынды Абай облысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің командасы иеленді.

Үздік ойынымен көзге түсіп, көрермен көзайымы атанған Volley Семей командасына мектептің 1999 жылғы түлектері арнайы қаржылай жүлде  тапсырды.

Жарыстың үздіктері: үздік шабуылшы – Нұртөре Төлеухановқа (ҰҚКД), үздік қорғаушы – Ілияс Дарабаевқа (Тарбағатай), үздік үйлестіруші – Фарид Ибраевқа (Қайнар), үздік шабуылшы, МVP Расул Мадияровқа табысталды.

Спорт – достық пен бірліктің жаршысы. Бұл турнир – тек жарыс қана емес, бұл – тағылым, бұл – құрмет, бұл – ұрпаққа үлгі.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью