Ұстаз үні ұрпақ үміті

20.08.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Биылғы жиын «Құндылықтар. AI. Адами капитал» атты тақырыпта өтті, яғни конференцияда білім беру жүйесінің стратегиялық тұрғыдан дамыту, констититуциялық құндылықтар, жасанды инттелект жүйесі мен адами капитал бағыты аса маңызға ие болды.

Астана қаласының Білім басқармасының бастама­сымен ұйымдастырылған форумға офлайн форматта 3 мыңға жуық педагог қатысып, 20 мың ұстаздың тікелей эфирден көруіне мүмкіндік туған. Жиынға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, білім беру ұйым­дарының басшылары, ғалымдар, сарапшылар, педагогтар және білім беру саясаты саласындағы халықаралық мамандар қатысты. Пленарлық отырыста қатысушылар елордадағы білім беру жүйесінің негізгі міндеттерін, оқыту сапасын арттыруды, педагогтардың кәсіби әлеуетін дамытуды, жасанды интеллектіні енгізуді, сонымен қатар оқушылардың әрі қарай білім алуы мен кәсіби қызметіне қажетті құндылықтар мен дағдыларды қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Инфрақұрылым жаңарып келеді

Қалалық тамыз конференциясында қозғалған басты тақырыптың бірі – білім беру инфрақұрылымын одан әрі дамыту, жаңғырту. Білім басқармасының мәліметінше, қалада оқушылар саны әр жыл сайын 20 мыңға артып артып келеді. Бұл қарқынды есептесек, 2029-2030 оқу жылына қарай қала мектептерінде шамамен 400 мың бала білім алады. Осыған орай қаланың  Бас жоспарында 140 жаңа мектеп салуға арналған жер учаскесі қарасты­рылып қойған. Қала әкімінің есебінше, кейінгі 3 жылда 110 мың оқушыға арналған 44 мектеп салынды. 24 мек­теп­тің құрылысы Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында іске асқан. Осы уақыт ішінде алты оқушылар сарайы, үш мемлекеттік балабақша және басқа да нысандар да бой көтерді. Биылғы оқу жылында тағы 11,5 мың оқушыға арналған 10 мектеп пайдалануға беріледі. Оның сегізі 1 қыркүйекке дейін ашылады. 2027 жылға 34 мың оқушыға арналған тағы 19 мектеп салу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар қыркүйек айынан бастап Science Lab жобасы іске қосылады. Жоба жаратылыстану-ғылыми пәндерді оқытудың практикалық бағытын күшейтуге арналған. Оның аясында оқушылар теорияны меңгеріп қоймай, тәжірибе жүргізіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады, деректермен жұмыс істейді, нәтижелерді талдап, өз тұжырымын дәлелдеуді үйренеді.

– Астана мектептері – бұл баланың күніне алты сағат уақыт өткізетін жай ғана ғимараттар емес. Бұл – қаланың білім беру экожүйесіне бастайтын жол, – дейді Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Білім сапасы 66 пайызға өсті

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, инфрақұрылымды дамыту білім сапасын арттырумен қатар жүруі керек. Жиында білім сапасын арттыру, педагогтардың кәсіби біліктілігін жетілдіру және жасан­ды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу мәселелері қаралды. Кейінгі үш жылда елордадағы білім сапасының көрсеткіші 59-дан 66 пайызға өскен. Мұның өзі білім сапасына басымдық беріліп жатқанының дәлелі іспеттес. Бүгінде Астана оқушылары зияткерлік жарыстарда да үздік нәтиже көрсетіп келеді. Кейінгі үш жылда елорда­лық оқу­шылар халықаралық және республикалық олим­пиа­даларда 331 медаль жеңіп алды. Оның 83-і – алтын, 100-і – күміс, 148-і – қола медаль.

Тамыз кеңесінде педагогтарды даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазір Астана қаласындағы жоғары оқу орындарында шамамен 5 мың студент педагогикалық мамандықтар бойынша білім алып жатыр. Ал биыл оқуын аяқтаған 500 жас маман елорда мектептерінде еңбек жолын бастады. Қала әкімінің айтуынша, кейінгі бес жылда Астана әкімдігі болашақ педагогтерді даярлауға арналған шамамен 4 мың білім беру грантын бөлген.

Тағы бір маңызды бағыт – жауапты азамат тәрбиелеу. Елордада «Қала менен басталады» атты қалалық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның мақсаты – оқушыларға білім беріп қана қоймай, жауапкершілік пен қоғам өміріне араласудың нақты тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік беру.

AI Teacher Astana жобасы таныстырылды

Сонымен қоса, форумның негізгі бағыттарының бірі білім беру үдерісіне жасанды интеллектіні енгізу болды. Жаңа оқу жылынан бастап Астанада AI Teacher Astana жобасын іске қосу жоспарланып отыр, тамыз кеңесінде аталмыш жоба педагогтарға егжей-тегжейлі таныстырылды. Жоба педагогтердің жасанды интеллект құралдарын тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалану бойынша практикалық дағдыларын қалыптастыруға бағытталады. Жоба ұстаздардың ЖИ жүйесін қосымша құрал ретінде емес, күнделікті сабақ берудегі нақты жұмыс құралына айналуына мүмкіндік береді.  

Жаңа жобаның ұстаздарға берер мүмкіндігі жайында №9 «Зерде» мамандандырылған лицейінің физика пәнінің мұғалімі Айбол Кулан мырзаның пікірін білген едік. Ұстаздың айтуынша, жалпы, педагогтардың жасанды интеллект құралдарын қолдана білуі аса маңызды артық­шылық бола алады. 

– Бұрын цифрлық технология  мұғалімнің жұмысын жеңілдететін құрал ретінде қарастырылса, қазір ЖИ мұғалімнің кәсіби қызметін, оқушының оқу тәсілін және бағалау үдерісін өзгерте алатын фактор ретінде қарастырыла бастады. Қазір қолға алынып жатқан шаралар, біріншіден, мұғалімнің цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтеді. ЖИ-ді сабақ жоспарын әзірлеу, тапсырмаларды саралау, мәтіндерді бейімдеу, кері байланыс дайындау, оқушының оқу нәтижесін талдау сияқты жұмыстарда да тиімді пайдалануға болады. Екіншіден, оқытуды жекелендіру мүмкіндігі артады. Бір сыныптағы оқушы­лардың дайындық деңгейі әртүрлі. ЖИ құралдары арқы­лы бір тақырыпқа деңгейі әртүрлі тапсырма дайындау, қосымша түсіндіру немесе оқушының қателерін талдау жеңілдейді, – дейді физика мұғалімі.

Оның айтуынша, ЖИ арқылы бірнеше олқылықтың да орнын толтыруға болады. Ең маңыздысы, технологияны енгізумен қатар педагогикалық мәселені шешуге мүм­кіндік береді.  Мысалы, оқушының функционалдық сауат­тылығын арттыру, сыни және шығармашылық ойлауды дамыту, зерттеу дағдыларын күшейту, оқушының жеке оқу траекториясын қалыптастыру, мұғалімнің қағаз­бастылығын азайту, бағалауды оқу үдерісінің ажыра­мас бөлігіне айналдыру сынды мәселелерді реттеуге болады. 

Форум аясында «БІЛІМ. AI. БОЛАШАҚ: Иннова­ция­лар және серіктестік» атты білім беру көрмесі де ұйымдастырылды. Онда халықаралық және отандық IT-компаниялар, білім беру ұйымдары мен стартаптар білім беру саласына арналған цифрлық шешімдер мен заманауи технологияларын таныстырды.

Форум жұмысы одан әрі білім беру менеджменті, мек­тепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, ин­клюзивті және қосымша білім беру, педагогтардың кәсіби дамуы, тәрбие жұмысы, психологиялық қызмет және басқа да бағыттарды қамтыған 16 панельдік сессияда жал­­ғасты. Ал форумның екінші күнінде елорданың барлық білім беру ұйымында бірыңғай әдістемелік кеңес өтті. Педагогтар телекөпір форматында форумда ұсынылған тәжі­рибелер мен ұсынымдарды талқылап, жаңа оқу жыл­ындағы басым міндеттерді ортаға салды. Екі күндік форум қорытындысы бойынша оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру, жасанды интеллектіні тиімді пайдалану, педа­гогтардың кәсіби дамуы және білім сапасын арттыру бойынша практикалық ұсынымдар әзірлеу жоспарланып отыр.

Жиында инклюзив білім беруді дамыту мәселесі де талқыланды. Қазір елордада орта білім беру деңгейінде 5 мыңнан астам бала инклюзив оқытумен қамтылған. Мектептерде инклюзияны қолдауға арналған 98 кабинет жұмыс істейді. Биыл тағы 20 кабинет ашу жоспарда екен. Қасымхан Сенғазыевтің айтуынша, саладағы сандық көрсеткіштер баланың білім алудағы ілгерілеуі, дербестігі, әлеуметтенуі және мектеп өміріне белсенді қатысуына байланысты болмақ.

Биылдан бастап бағалау өзгереді

Жаңа оқу жылында ұстаздар қауымын өзгерістер де күтіп тұр. Енді бағалау жүйесіне де өзгерістер енгізі­леді, яғни тоқсандық жиынтық бағалау жүргізілмейтін болады. Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарованың айтуынша, формативтік бағалау оқушының күнделікті оқу барысындағы жетістігін көрсетсе, аралық бағалау белгілі бір бөлім аяқталғаннан кейін меңгерілген білім мен дағдыларды қорытындылауға бағытталады. Нәтижесінде тоқсан ішіндегі бағалау жұмыстарының саны бір жұмысқа қысқарады. Бұл білім алушының бағалау жүктемесін оңтайландырады және педагогтің ТЖБ тапсырмаларын бөлек әзірлеу, өткізу және тексеруге жұмсалатын уақытын қысқартады.

– Аралық бағалаудың енгізілуімен бағалау жұмыстарының құрылымы да өзгереді. Жаңартылған тәртіп бойынша тоқсан соңында бөлек ТЖБ өткізілмейді. Оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесі аралық бағалау арқылы анықталады және тоқсан соңында бұрынғы бағаланған бөлімдерді қамтитын жеке жиынтық жұмысы жүргізілмейді, – дейді вице-министр.

Аралық бағалаудың тағы бір ерекшелігі – оның фор­маты және мазмұны. Енді диктант, бақылау, шығарма, маз­мұн­дама секілді жазба жұмыстары аралық бағалаудың негізгі нысандарының бірі болады. Оларды орындауға тол­ық сабақ уақыты 45 минут беріледі. Жаңа өзгеріс жайын­да физика мұғалімі Абай Қулан да пікір білдірген еді. 

– ТЖБ-ның белгілі бір кезең соңындағы нәтижені жинақтап көрсетуде артықшылығы бар, бірақ тоқсан соңындағы бір бақылау оқушының бүкіл оқу кезеңіндегі жетістігін толық көрсете алмауы мүмкін. Оқушының сол күнгі психологиялық жағдайы, дайындық деңгейі немесе тапсырманың ерекшелігі нәтижеге әсер етеді. Сондықтан аралық бақылауды жүйелі түрде күшейту – педагогикалық тұрғыдан негізді бағыт деп есептеймін. Егер мұғалім оқушының оқуындағы қиындықты тоқсан соңында емес, оқу барысында анықтаса, оны дер кезінде түзетуге мүмкіндік бар, – дейді ұстаз. 

Ұстаздың пайымдауынша, мақсат оқушыны «бағамен өлшеу» емес, оның қай жерде қиналып тұрғанын анықтап, әрі қарай дамуына қолдау болуы керек. Егер осы қағида сақталса, ТЖБ-ға түсетін салмақты азайтып, аралық және қалыптастырушы бағалауды күшейту білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. 

А.ЖӘНІБЕКҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью