Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Олар әр баланың әке-шешесінің қай жерде қандай лауазым атқаратынына, тіпті қанша жалақы алатынына дейін түгендеуді талап еткен. Бұл ата-аналардың орынды наразылығын туғызды. Мектеп чаттарында пікір білдірген азаматтар «бұл ақша жинау үшін қажет» деген қаупін білдірді. Енді мұндай ақпарат жинату үшін жаза енгізілді. Бүгіннен бастап жаңа заң өмірге жолдама алады.
Мұғалімге жаңа қорған
Мемлекет басшысы 2026 жылғы 12 маусымда «Кейбір заңнамалық актілерге педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Негізгі заңына және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне педагог мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» ілеспе заңына қол қойған-тын. Қос құжат та «алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң», яғни 11 тамызда қолданысқа енгізіледі. Мұғалімдерді қорғауды күшейтуге қандай қажеттілік туындады? Өмірге қандай жаңалықтар енгізілмек?
Бір қызығы, ілеспе заң 2 ғана баптан тұрады. «1-бап. 2014 жылғы 5 шілдедегі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне мынадай өзгерістер енгізілсін: 409-баптың 7-3-бөлігінде: 2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын: «2) педагогтан ҚР білім беру саласындағы заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етіп алдыру, сондай-ақ оған құжаттарды бір мезгілде қағаз жеткізгіште және электрондық нысанда жүргізу міндетін жүктеу;», – делінген бірінші бапта. Екінші бап одан да қысқа: «5) тармақшадағы «орта» деген сөз алып тасталсын». Тұтас бір заң небәрі 96 сөзден құралған.
Алайда оның мұғалімдер қауымы үшін маңызы зор. Бұған дейінгі реформа аясында ұстаздар қауымын келесі жұмысқа жегуге тыйым салынған еді: біріншіден, Қазақстан заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагогты кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға; екіншіден, оларға қатысты Қазақстан Республикасы заңдарында көзделмеген тексеру жүргізуге; үшіншіден, педагогқа тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеуге, мысалы, желілік маркетингке жұмылдыруға тосқауыл қойылған еді.
Алайда өмір мен тәжірибе көрсеткендей, педагогтарды мектеп не жергілікті әкімдік ұйымдастыратын түрлі шараға мәжбүрлеп қатыстыру, оқушылардан және ата-аналардан түрлі ақпарат пен есеп жинатқызу сияқты кесірлер тыйылмапты. Салдарынан, екі жыл бұрын Семейде қалалық шыршаны безендіру жұмысы жүктелген мұғалім жерге құлап мертіккенде, оны ешбір заң қорғай алған жоқ.
Сондықтан заң арқылы «педагогтан Қазақстанның білім беру саласындағы заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етіп алдыруға, сондай-ақ оған құжаттарды бір мезгілде қағаз жеткізгіште және электрондық нысанда жүргізу міндетін жүктеуге» тыйым салынды. Мұның сыртында «мемлекеттік білім беру ұйымының педагогын өз кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тартуға» жол берілмейді.
Бұл талап бұзылса, бірінші жолы тек ескерту беріледі. Бір жыл ішінде қайталанса, лауазымды адамдарға – 20 АЕК (2026 жылы – 86 500 теңге), шағын кәсіпкерлік нысандарына немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК (259 500 теңге), орта кәсіпкерлікке – 80 АЕК (346 000 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК (519 000 теңге) айыппұл салынбақ.
ЖИ дәуіріндегі адалдық
Айта кету керек, бұл қос заң Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2025 жылғы «Тамыз конференциясында» берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленіп, ескі Парламент оны шұғыл қабылдады. Басты жаңалықтар, әрине Негізгі заңда қарастырылған. Олар педагогтардың құқығын қорғауды күшейтуге, оларды кәсіби қызметпен байланысты емес міндеттерге тартуға жол бермеуге, сондай-ақ білім беру, бала құқығын қорғау заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталған.
Ең алдымен, құжат «академиялық адалдық» ұғымын енгізді: ол білім беру сапасын арттыруға, зияткерлік меншікті құрметтеуді қамтамасыз етуге және білім беру процесіне қатысушылардың жауапкершілігін қалыптастыруға тиіс. Бүгінде білім беру жүйесіне цифрландыру қарқынды еніп жатыр. Бұл технологиялар білімді кемелдендіруге мүмкіндік береді, сонымен бірге студенттердің, тіпті педагогтардың дайын жұмыстарды көшіре салуы, жасанды интеллектіні орынсыз пайдалануы, ғылыми деректерді бұрмалауы сияқты қауіп-қатерлер де өрши бастаған.
Тағы бір түйткіл – ЖИ-дің кез келген мәтінді «ЖИ генерациялаған» деп тану тәуекелі. Барлық оқу орындары – мектеп, колледж, университеттер антиплагиат жүйелерін жаппай енгізу үстінде. Бірақ өзінің ғылыми жұмысын тексерген көптеген педагог, тіпті ғылыми мақалалардағы әдебиеттер тізімінің өзін бұл жүйе плагиат деп танитынын анықтап, шағымданды. Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері мұның бәрін академиялық адалдық тетіктері арқылы реттеуге міндетті.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова жаппай цифрландыру және ЖИ заманында академиялық адалдықты енгізуге және сондай мәдениетті қалыптастыруға баса мән берілетінін хабарлады. Оқытушылар мен студенттердің арасында жұмыс барысында ЖИ-ді дұрыс пайдалану жолдары, сондай-ақ жаңа жағдайда академиялық жазбаны, яғни ғылыми жұмыстарды, жазба жұмыстарын қалай жазу керегі жан-жақты түсіндірілуге тиіс.
– Министрлік бұл бағыттағы жұмысқа кірісті: арнайы курс жүргізіледі. Ол курстарды, бір жағынан, ЖОО-лар, екінші жағынан, Қазақстан жоғары оқу орындарының қауымдастығы ұсынады. Ал министрлік студенттерге арнап, AI-Sana бағдарламасын жасады. Оның аясында бұған дейін 670 мыңнан астам студент оқытылды. Оқытушылар үшін 2026 оқу жылынан бастап америкалық OpenAI компаниясымен бірге арнайы курстар жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе біздің назарымызда және ол алдағы уақытта да жалғасады, – деді вице-министр.
Ол кейбір кемшілігіне бола, антиплагиаттан бас тартылмайтынын қадап айтты: «Бұл өте қажет, себебі шәкірттер де, педагогтар да жазбаша жұмыстарды немесе ғылыми жұмыстарды адалдықты сақтай отырып жазғаны қажет. Мұның бәрін қолмен тексеріп отыру қиын. Жоғары оқу орындары әртүрлі жүйені пайдаланады, оның ішінде қазақстандық, халықаралық жүйелер бар. Бірақ бұл да жеткіліксіз: ең бастысы, біздер антиплагиатты оқу процесінде және бағалау жүйесінде қолдануымыз керек. Бұл мәселе де назарымызда», – деді Г.Көбенова.
Жаңа заңның елді елең еткізген және қоғамда кең талқыланған келесі жаңалығы – оқушыларды білім ошағы аясында смартфоннан уақытша айыру мәселесі. Бұған дейін әр мектеп төл қамқоршылар кеңесімен, ата-аналар комитетімен келісіп, тиісті шешімді өз бетінше қабылдап келді. Енді жаңа заң білім беру саласындағы уәкілетті органға – қазіргі Оқу-ағарту министрлігіне «орта білім беру ұйымдарында білім алушылардың ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын пайдалану қағидаларын бекіту» құқығын берді. Ендеше, министрлік сабақ кезінде смартфонды қолдануға тыйым салса, бұл талап бүкіл республикаға, мемлекеттік және жекеменшік мектептерге тең қолданылатын болады.
Кадр мәселесі қалай шешілмек?
Тағы бір тың жаңашылдық: бұдан былай мектептен тыс уақытта педагогтар балалардың мінез-құлқы мен іс-әрекетіне жауап бермейді. Осы мақсатта ескі депутаттық корпус «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 70-ші бабына өзгеріс енгізіп, баланы тәрбиелеу және дамыту жөніндегі міндеттерді орындау шеңберінде оның өмірі, денсаулығы және қауіпсіздігі үшін ата-аналардың тікелей жауапкершілігін бекітті. Сонымен қатар заңда білім беру ұйымының педагогы немесе басшысы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қатысты болған оқиғалар үшін тек қана кәсіптік қызметті жүзеге асыру кезеңінде, оның ішінде білім беру процесіне байланысты лауазымдық міндеттерін орындау кезінде ғана жауапты болатыны нақтыланды.
Жеке блокта педагогқа құжаттарды қағаз және электрондық нысанда бір мезгілде жүргізу міндетін жүктеуге жол бермеу туралы түзету енгізілді. Бұл мысалы, ғаламторға қосылмаған немесе мобильді интернет арагідік қана пайда болатын елді мекендерде қағаз және электронды күнделікті қатар жүргізу тәжірибесін жоймақ. Келесі маңызды бағыт талантты түлектерді қолдау: халықаралық кәсіби шеберлік конкурстарының, оның ішінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасындағы WorldSkills жеңімпаздарына ҰБТ тапсырмай-ақ, жоғары оқу орындарына түсу құқығы беріледі.
Қалай болғанда, қазіргі қоғамның келбеті мен ертеңгі ұрпақтың тағдыры білім ордаларының бүгінгі тыныс-тіршілігімен тікелей сабақтасып жатқаны сөзсіз. Қаншама кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып жатса да, білім беру жүйесінде әлі де болса қосымша шешімдерді талап ететін күрмеулі мәселелер сақталып отыр. Ең басты сынақтардың бірі – кадр тапшылығы. Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына жүгінсек, 2025-2026 оқу жылын еліміздегі 400-ден аса мектеп директорсыз аяқтады. Бұл өз кезегінде басқару жүйесінің икемділігіне, әкімшілік сапаға және білім беру реформаларының жүзеге асуына кері әсер етпей қоймайды. Басшы орнының бос қалуы – ұжым жұмысының үйлесімсіздігін тудыратын ұйымдастырушылық ақау.
Мектеп кемесінің бағытын айқындар басшы ғана емес, нақты ғылым нәрімен сусындатар пән иелерінің орны да ойсырап тұр. Түрлі пән (әсіресе жаратылыстану ғылымдары) бойынша 5 мыңнан аса педагогтың тапшылығы өткір күйінде қалды. Бұл проблема ауылдық аймақтарда тіпті тереңдей түседі: барлық бос жұмыс орнының жартысынан көбі ауыл мектептерінің еншісінде. Содан ұстаздар өз мамандығынан тыс пәндерді де жүргізуге мәжбүр: бұл білім беру сапасының төмендеуіне соқтырады, білім көшін кері тартады.
Педагог мамандығының қоғамдағы беделі мен тартымдылығын әрі қарай арттыру жеке назарды талап етеді. Педагогикалық мамандықтарды бітірген түлектердің әрбір бесіншісі мектепке барып жұмыс істеуден бас тартады. Барғанының бір бөлігі бірер жылдан соң саладан кетіп қалады. Кадрлар даярлау мен саланың нақты қажеттіліктері арасында алшақтық сақталған.
Оқу-ағарту министрлігі бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін нақты қадамдар жасап жатыр. Мектеп директорларының бос орындарының саны бірте-бірте азайып, бұрынғы 500-ден бүгінде 400-ден астамға дейін азайтылған. Соның ішінде 200-ден көбі – ауыл мектептерінің үлесінде. Ведомство бұл проблеманы жазғы каникулда кезең-кезеңімен шешуге күш салып жатыр. Бос орындардың көпшілігі Түркістан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының ауылдық елді мекендеріне тиесілі көрінеді.
Ауылдық жерде, негізінен шағын жинақты мектептер орналасқан. Сондықтан көптеген мектеп директорлығына үміткер Оқу-ағарту министрлігі бекіткен біліктілік талаптарына сай келмейді. Осыған орай ведомство бұл тетікті жаңа аттестаттау қағидалары аясында қайта қарап жатыр. Нақтылағанда, мектеп директорларына қойылатын санаты бойынша талаптар педагог-сарапшыдан педагог-модераторға дейін төмендетілмек. Бұл ретте директорлыққа кандидаттар мен педагогтардың біліктілігі менеджмент курстары аясында арттырылатын болды. Жаңашылдыққа ұмтылған бұл қадам – қасаң қағидаларды өмір талабына бейімдеудің бір көрінісі.
Жаңа заң қоғамдағы мұғалімнің рөлін күшейту жөніндегі Мемлекет басшысы қойған міндеттеріне сәйкес келеді. Бұл түзетулер әкімшілік жүктемені азайту және білім беру үрдісін ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін енгізу арқасында педагогтардың жұмыс тиімділігін арттыруға да өз үлесін қоспақ. Әйткенмен, саладағы барлық түйткіл бірден тарқатылады деу ерте. Өзге де көкейкесті мәселелерді шешу жаңа Құрылтайдың еншісіндегі жауапты міндет болмақ.
Айхан ШӘРІП