Вандализм мен заңсыз қазба жұмыстары: Атыраудағы 317 ескерткіш қалай қорғалмақ

16.04.2026

Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Атырау облысында 317 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Мамандар олардың сақталу мәселелерін талқылап, вандализм үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын еске салды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай Атырауда «Атырау өңірінің тарихи-мәдени мұрасы: зерттеу және сақтау мәселелері» атты семинар-кеңес өтті. Жиынға облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов, ғалымдар, тарихшылар және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Кездесуде өңірдегі тарихи-мәдени мұра нысандарының қазіргі жағдайы мен оларды сақтау мәселелері сөз болды. Қазір облыста 317 ескерткіш тіркелген: 313-і жергілікті, 4-еуі республикалық маңызы бар нысандар. Олардың қатарында Сарайшық қалашығы, Махамбет пен Жұбан кесенелері және Жилгородок тұрғын үй кешені бар.

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаевтың айтуынша, мұндай жиындардың басты мақсаты – ескерткіштерді қорғау, зерттеу жұмыстарын жетілдіру және заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету.

Семинарда ескерткіштерді сақтау, зерттеу және қорғау бағытындағы жұмыстар талқыланып, саладағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары қаралды. Сонымен бірге заң талаптарын бұзғандарға қатысты жауапкершілік мәселесіне ерекше назар аударылды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 145-бабына сәйкес ескерткіштерді күтіп-ұстау, археологиялық жұмыстар жүргізу және қорғау аймақтарында жер пайдалану тәртібін бұзғаны үшін айыппұл қарастырылған.

Қылмыстық кодекстің 294-бабы («Вандализм») және 295-бабы («Археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу») бойынша да жауапкершілік көзделгені атап өтілді.

Бүгін, 12:06

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью