Вэнстің Ереванға сапары: АҚШ пен Армения қарым қатынасы жаңа кезеңге өтті

10.02.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Сапар барысында Вэнс Армения премьер-министрі Никол Пашинянның маусым айында өтетін сайлауға қатысуын қолдайтынын білдіріп, армян армиясына америкалық барлау мақсатындағы дрондар жеткізілетінін мәлімдеді.

Бірлескен баспасөз мәслихатында АҚШ вице-президенті Пашинянның өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымын атап өтті.

– Мен Пашинянның алдағы сайлауы бар екенін білемін. Сайлау туралы тікелей пікір білдірмеймін, бірақ менің қолдауымның салмағы болса, ол бұл қолдауға лайық. Себебі ол Әзербайжанмен тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді әріптестік орната біледі, – деді Джей Ди Вэнс.

Сапар аясында АҚШ пен Армения арасында ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол жеткізілетіні де жарияланды. Бұл құжат америкалық ядролық технологияларды экспорттауға және Армения аумағында шағын модульді ядролық реакторлар салуға жол ашуы мүмкін.

Сонымен қатар америкалық және армяндық Firebird стартапының Арменияда суперкомпьютер мен дата-орталық салу жобасына қосымша 4 млрд доллар инвестиция салатыны белгілі болды. Осы мақсатта АҚШ үкіметі тағы 41 мың Nvidia чипін сатуға рұқсат берген. Бұл жоба Арменияның IT-секторындағы ең ірі инвестиция ретінде бағаланып отыр.

Алайда сапардағы ең маңызды жаңалық – армян армиясына америкалық барлау мақсатындағы V-Bat үлгісіндегі ұшқышсыз аппараттардың жеткізілуі. Жалпы құны 11 млн доллар болатын бұл келісім Армения тарихындағы алғашқы америкалық әскери техника жеткізілімі саналады. Армения ресми түрде Ресейдің одақтасы болып қала отырып, АҚШ-пен стратегиялық әріптес мәртебесіне ие және Еуроодаққа қосылуды мақсат етіп отыр.

Вэнс пен Пашинян Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт үдерісті де талқылады. Келіссөздердегі шешілмеген негізгі мәселелердің бірі – Бакуде қамауда отырған армян азаматтарының тағдыры. АҚШ вице-президенті сапарының келесі бағыты Әзербайжан болатынын айтып, бұл мәселені Баку басшылығымен талқылауды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Сарапшылардың пікірінше, Вэнстің Пашинянға ашық қолдау білдіруі Батыс елдерінің Армениядағы алдағы парламенттік сайлауда бірыңғай кандидатқа тоқтағанын аңғартады. Бұл жайт АҚШ пен Еуропа елдері арасында өзге мәселелер бойынша келіспеушіліктер болғанына қарамастан, Оңтүстік Кавказдағы саяси басымдықтардың ортақ екенін көрсетеді.

Айта кетейік, АҚШ пен Армения бейбіт атом саласындағы ынтымақтастық жөнінде келісімге келді.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью