Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
АСТАНА, 20 сәуір – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көші-кон саласындағы өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Заман талабына сай көші-қон саясаты
Қазақстанда 10 сәуірден бастап шетел азаматтарын тұрақты тұруға қабылдау тәртібі өзгерді. Вице-премьер Аида Балаеваның айтуынша, инвесторлар мен кәсіби мамандар ештеңе өзгермейді. Олар бұрынғыдай жеңілдетілген тәртіппен құжат рәсімдей алады.
"Былайша айтқанда, базалық ұстаным сақталады. Қазақстан экономикаға қажетті кәсіби мамандар, технологиялар мен инвестицияларды тартуға мүдделі. Бірақ мемлекет осы жұмыспен қатар шетел азаматтарын тұрақты тұруға қабылдаудың неғұрлым дәл моделіне көшіп отыр. Осы орайда біліктілік деңгейін, интеграцияның нақты әлеуетін, аймақтық дамудың мүдделерін ескерген маңызды. Сол себепті мен былай айтатын едім. Қазақстан жабылып жатқан жоқ. Біз заман талабына сай, таңдамалы және жауапты көші-қон саясатын қалыптастырып жатырмыз. Оның негізгі мән-мағынасы да сол", - деді Балаева Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында.
Осы орайда вице-премьер іскерлік және туристік визалардың сақталатынын ерекше атап өтті.
Қосымша талаптар қандай
Бұдан былай жеңілдетілген тәртіпті қолдана алмайтын шетел азаматтарына Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу үшін тексерістің бірнеше кезеңінен өту керек.
Алдымен онлайн-тестілеу, одан кейін анкетаны толтыру қажет. Осы мәліметтердің бәрі ішкі істер органдары мен ұлттық қауіпсіздік қызметіне тарапынан тексеріледі. Бұдан бөлек, Қазақстанның шет елдегі мекемелерде немесе жергілікті атқарушы органда сұхбаттасудан өту керек. Шекті ұпай саны да белгіленіп отыр. Ол – 600 балл.
"2026 жылдың басынан бері Қазақстанда шетелдік жұмысшыларды тарту үшін 5,1 мың рұқсат берілген. Демек, біз ешқандай шектеу енгізіп жатқан жоқпыз. Бірақ елде тұрақты тұру мәселесіне келгенде мемлекетке адамның біліктілігін, интеграцияға дайындық деңгейін, сондай-ақ, ол баратын аймақтардың сұранысын көріп білген маңызды", - деп атап көрсетті Балаева.
Оның айтуынша, цифрлық жүйе негізіндегі скоринг модель іріктеудің дәл әрі жауапты құралы бола алады.
Қазақстанда тұрақты тұруға өтініш берген шетел азаматтарына қаржылық талаптар да қойылады. Атап айтқанда, төлемқабілеттілігінің көлемі - 5,7 миллион теңге. Өтініш берген адамдарды қоныстандыру үшін жеті өңір анықталды. Ол жерде 5 жылға дейін тұруға рұқсат беріледі.
Жеңілдетілген режимді кімдер қолдана алады
Бүгінде Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алудың жеңілдетілген тәртібін инвесторлар, білікті шетелдік мамандар, сондай-ақ, уәкілетті мемлекеттік органнның өтінішхаты негізінде келген шетелдік азаматтар қолдана алады. Былайша айтқанда, олардың барлығы - экономикаға мағыналы үлес қосатын, маңызды жобаларға қатысатын немесе әмбебап құзіреті бар мамандар.
Бүгінде шетелден тартуға болатын 54 мамандықтың тізімі белгіленген. Соның ішінде нейрохирургтер, гематологтар, фармацевтика өнеркәсібінің инженер-технологтары, бактериологтар, цифрлық және креативті сала мамандары бар. Олардың бәрі тұрақты тұруға рұқсатты жеңілдетілген тәртіппен алады.