Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Қазақ КСР-інде вице-президент қызметінің бекітілуі одақтық орталықта жүріп жатқан үдерістердің тікелей көрінісі еді. Михаил Горбачев КСРО-да президенттік институтты енгізуге қол жеткізген кезде бұл билікті қайта бөлу мен партиялық құрылымдарға тәуелділікті әлсірету жолындағы маңызды қадамға айналды. Іле-шала одақтас республикалар да басқару жүйелерін бейімдеуге кірісіп, дербестік пен демократияландыруға ұмтылды.
Вице-президент лауазымының бекітілуі партиялық және кеңестік функцияларды бөлуге, атқарушы билікті нығайтуға бағытталған реформаның бір бөлігі болды. Осылайша, Қазақстандағы өзгерістер бүкіл одақтық басқару жүйесінің, тіпті қоғамның өзін трансформациялаудың ортақ бағытымен айқындалды. Қоғам тарапынан туындаған өзгерістерге деген сұранысты елемеу енді мүмкін емес еді.
Коллаж: Kazinform
Қазақ КСР-індегі вице-президент қызметі ең бірінші Сергей Терещенкоға бұйырды. Алайда ол бұл қызметті ары кеткенде 2 айға жуық уақыт қана атқарды. 1991 жылғы желтоқсанда бүкілхалықтық алғашқы президенттік сайлау өткізілгеннен кейін бұл лауазымға сол кезеңде Парламент пен Үкімет жұмысында елеулі рөл атқарған саясаткер Ерік Асанбаев тағайындалды.
Көп ұзамай Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізіп, вице-президент институт кеңестік басқару үлгісінен президенттік басқару формасына біртіндеп көшуге бағытталған жаңа мемлекеттік жүйенің құрамдас бөлігіне айналды.
Сол жылдары Жоғарғы кеңестің депутаты, Экономикалық реформа комитетінің төрағасы болған экономика ғылымының докторы, профессор, академик Оразалы Сәбден вице-президент лауазымы неліктен жойылғанын былай түсіндірген еді.
- Бірінші Конституцияны әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, Ата заңды Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев бәріміз жаздық. Құжат өте жақсы болды. Себебі бүкіл шетел тәжірибесін қарадық. Ата заңды депутаттардың өздері жазып шығып, Жоғарғы кеңесте талқыланып барып қабылданды. Ал екінші Конституцияны депутаттар жазған жоқ. Ол бұрынғы Президенттің тапсырмасымен кабинетте жазылды. Екінші Конституция қабылданған кезде Жоғарғы кеңес Президент пәрменімен тарап кеткен еді. Сөйтіп, бүкіл құқық Президентке беріліп, вице-президент лауазымы жойылып кетті. Енді міне соған қайта келе жатырмыз. Күні кеше өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы Парламент жасақталып, вице-президент лауазымы қайтарылатынын мәлім етті. Вице-президент лауазымы Парламентпен, Үкіметпен, шетелмен қарым-қатынаста, көптеген мәселені шешуде өз септігін тигізетінін айтып отыр, - деді академик.
Оразалы Сәбденнің айтуынша, вице-президент Парламентпен де, Үкіметпен де тығыз байланыста болды. Стратегиялық мәселелерді шешкенде де тікелей араласып отырды.
- Өздеріңіз білетін Қазақстан халқы Ассамблеясы бар. Сол Ассамблея авторларының бірі – Ерік Асанбаев. Ол уақытта ақша қатты құнсызданып, инфляция жоғары болды, халықтың жағдайы қиындап кетті. Міне осы уақытта халықтың бірлігі қажет еді. Ерік Асанбаевтың ең үлкен ерлігінің бірі - халықтың бірлігін сақтау үшін ұсыныс жасап, Ассамблея құрылды. Осылайша, елімізде тұратын барлық ұлт пен ұлыстың бірлігіне септігін тигізді. Оның екінші еңбегі – стратегиялары, келешекті болжауы. Естеріңізде болса, 2030 бағдарламасы болды. Бұл да Ерік Асанбаевтың тікелей еңбегімен жасалған дүние. Ал оның іске асырылуы бөлек әңгіме. Идея ұсыну, дұрыс бағыт-бағдар аса қажет. Тіпті, қазірдің өзінде де керек, - деді ғалым.
1991-1996 жылдары вице-президент лауазымын атқарған Ерік Асанбаев сұхбаттарының бірінде бұл лауазымның билік легитимділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарғанын айтқан еді.
Фото: Kazinform
- Вице-президенттік орнының өзіндік ерекшелігі бар. Президенттің тапсырмасы мен экономикалық стратегияны, нарықтық институттарды, заңнаманы іске асыруға мүмкіндік беретін стратегиялық мәселелермен және тетіктермен, сондай-ақ идеологияны және тұрғын үй құрылысының тетіктерін әзірлеумен айналыстым, - деп атап өткен еді ол мұрағаттардан табылған телесұхбатында.
Осылайша, бірінші вице-президент институты жаңа мемлекеттіліктің маңызды элементіне айналды: ол ағымдағы міндеттер мен ұзақмерзімді мақсаттар арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етіп, халық бірлігін сақтауға ықпал етті әрі елдің орнықты дамуының негізін қалады.
Жас тәуелсіз республикада билік транзитін қамтамасыз етуі тиіс лауазымға тәжірибесі мол, беделі жоғары, басқарудың әртүрлі деңгейін үйлестіре алатын ерекше тұлға қажет еді. Сондықтан таңдау Ерік Асанбаевқа түсті. Ол 1960 жылдардың басында-ақ Қазақ КСР Мемжоспар жанындағы ғылыми-зерттеу институтында қаржылық жоспарлау бөлімін басқарды. Сол кезден бастап оның тағдыры мемлекеттік басқарумен тығыз байланысты.
Кейінгі онжылдықтар билік баспалдақтарымен біртіндеп көтерілу кезеңіне айналды: Министрлер кеңесі мен Компартия ОК аппаратында қызмет істеді, ОК бөлімін басқарды, Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болды. 1980 жылдардың соңында ол республиканың саяси өмірінің дәл ортасында тұрды — ОК хатшысы әрі Саяси бюро мүшесі, кейін Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды.
Вице-президент лауазымында Асанбаев өтпелі кезеңнің басты тұлғасына айналды: стратегиялық шешімдерді әзірлеуге қатысты, Қауіпсіздік кеңесінің құрамына кірді, экономика, заңнама және идеология мәселелерімен айналысты. Оның миссиясы жаңа билік жүйесіне заңдылық пен легитимділік беру және кеңестік модельден президенттік республикаға басқарылатын, жүйелі транзитті қамтамасыз ету болды.
Фото: Kazinform
Осы кезеңнің аяқталуы дипломатиялық қызметпен тұспа-тұс келді. 1996 жылдан 2000 жылға дейін Ерік Асанбаев Германияда Қазақстанның мүддесін білдіріп, сол жерде саясат пен мәдениетті үйлестірді, Берлиннің бір көшесіне Абай есімін беруге қол жеткізді. Бұл әрекет символдық мәнге ие: Қазақстан өзін бай мәдени мұраға ие жас тәуелсіз мемлекет ретінде танытып, халықаралық аренада лайықты орынға ие екенін көрсетті.
Академик Оразалы Сәбден атап өткендей, 1995 жылы Конституция қабылданғаннан кейін вице-президент лауазымы жойылып, оның қызметі Сенат спикері мен Мемлекеттік хатшы арасында бөлінді. Сол уақытта бұл құрылым өзінің басты міндетін — күрделі өтпелі кезеңде билік транзитінің кепілі ретінде тежеуші әрі тепе-теңдік жүйесін қамтамасыз ету міндетін толық орындады деген шешім қабылданды.
Бүгінде посткеңестік елдердің тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қоғамдық-саяси ортасы вице-президенттік модельдің институционалдық тұрғыдан дамуына дайын болмаған деп пайымдауға болады. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі тепе-теңдіктің орнына биліктің әртүрлі тармақтары арасында институционалдық қақтығыс туындап отырды.
Фото: Kazpravda.kz
Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болған жазушы, драматург, саясаткер Алтыншаш Жағанова сол уақыттың міндеттері сәтті орындалды деп есептейді.
— Біз әзірлеуге қатысқан 1993 жылғы Конституция шын мәнінде демократияның нағыз көрінісі болды. Ол кезде демократиямен бірге көптеген дақпырттың да қатар жүретінін әлі толық түсінбегеніміз сөзсіз. Мұның дәлелі — демократиялық ел жағдайында бар-жоғы екі жыл ғана өмір сүргеніміз. 1993 жылғы Конституцияға сәйкес депутаттар Премьер-министр мен оның орынбасарларын, министрлерді, прокурорларды, күштік құрылымдардың басшылық құрамын бекітетін. Алайда демократияға деген осы романтикалық ұмтылыс іс жүзінде кейін өте тұрпайы түрде жүзеге асырылды. Мен мемлекеттік мүлікті ашық тонауға айналған жекешелендіру туралы айтып отырмын. Шахталар, кеніштер, фабрикалар — барлығы талқандалып, тиын-тебенге сатылды, нарықтық құн туралы сөз де болған жоқ, - деп еске алады ол.
Фото: Александр Павский / Kazinform
Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан кезең-кезеңімен мемлекеттік құрылымның жаңа формаларына бет бұрып, жіберілген қателіктерді түзетті, демократиялық ұмтылыстар мен нақты саяси тәжірибе арасындағы тепе-теңдікті іздеді. Әрбір конституциялық реформа мемлекеттің есеюінің өзіндік бір кезеңіне айналды: демократиялық тетіктерді алғаш рет бекітуге жасалған талпыныстардан бастап, уақыт сынағына төтеп бере алатын орнықты билік моделін іздеуге дейін.
Дәл сол себепті 2022 жылы елдің Конституцияны жаңарту мәселесіне қайта оралуының символдық мәні бар. Бұл реформалар тек Ата заң мәтінін техникалық өзгерту ғана емес, жаңа қоғамдық сұранысты — ашықтыққа, әділдікке және азаматтардың шешім қабылдауға қатысуына бағытталған көрінісі болды. Онда сабақтастық байқалады: өткеннің сабақтары ескерілді, ал демократиялық идеялар жаңа тыныс алды.
- Қазақстанның келешегі, болашағы бар екенін көріп отырмын. Біз баяу болса да билік мақсаттарға қадам басып барамыз, - деді Алтыншаш Жағанова.
2022 жылғы конституциялық өзгерістер өкілеттікті қайта бөлуге, Парламенттің рөлін күшейтуге және азаматтардың құқығын кеңейтуге деген ұмтылысты айқындады. Бұл саяси жүйені қоғамның сұраныстарына неғұрлым икемді әрі сезімтал етуге бағытталған қадамға айналды. Егер 1993 жылы демократияландыру тым осал болып, қатал шындыққа жылдам жол берген болса, бүгінде реформалар біртіндеп, бірақ дәйекті түрде жоғары мақсаттарға ұмтылуға дайын, кемелденген мемлекеттің саналы таңдауы ретінде қабылданды.
2026 жылғы қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы дәл осы мән-мәтінде айтылды. Ол Мемлекет басшысы тағайындайтын вице-президент лауазымын енгізуді, сондай-ақ Парламентті «Құрылтай» деп атауды ұсынды. Осылайша, аталған институт идеясы саяси дискурсқа қайта оралды. Бірақ енді ол жаңа жағдайларда - тежеуші және қарама-қайшылық элементі ретінде емес, президенттік вертикалды нығайту құралы ретінде қарастырылады.