VIP кабиналар мен дыбыс жазу студиясы: Алматыдағы шатыры құлаған Студенттер сарайында не пайда болады

27.10.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Алматыдағы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының шатыры опырылғаннан кейін ғимаратты реконструкциялауға қатысты жаңа мәліметтері белгілі болды. Онда дыбыс жазу студиясын, би залын және VIP-кабиналарды жабдықтау жоспарланған. Жөндеуден кейін сарайда тағы не пайда болады және ғимараттың қазіргі жай-күйі қандай – Tengrinews.kz материалында.

Студенттер сарайы

Оқыс оқиғадан бір ай өткен соң Tengrinews.kz тілшісі нысанға барып, ғимараттың қазіргі жай-күйін көріп қайтты.

Анықтама: Студенттер сарайы (Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы) жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесіне ие (мемлекеттік тізімге 2021 жылғы 17 наурызда №115 нөмірмен енгізілген).

Фото © Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм

Фото © Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм

Шатырда әлі де металл конструкциялар мен құрылыс қалдығы үйіліп жатқанын байқадық. Қасбеттің жекелеген бөліктерінде қаптама жоқ, негізгі конструкциялар ашық қалған, терезе ойықтары бос тұр.

Фото © Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм

Студенттер сарайының айналасы темір қоршаумен қоршалған. Нысанға жақын бару мүмкін болмағандықтан, оның жай-күйін жақыннан қарап шығу мүмкін болмады.

Фото © Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм

Реконструкциядан кейін не өзгереді?

Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы ұзақ уақыттан бері реконструкцияланып жатыр. ҚазҰУ өкілдері жұмыс барысында нақты не өзгертілетінін егжей-тегжейлі айтып берді.

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

Isla (@isla_viviente) жарияланымы

ЖОО әкімшілігінің мәліметінше, сарайдың шатырын ғана емес, қасбет, терезе, ішкі бөлмелер мен инженерлік жүйелерді жаңарту жоспарланған.

"Жоба нысанның тарихи-мәдени құндылығын сақтай отырып, оны кешенді түрде жаңартуды қарастырады", – деп хабарлады ҚазҰУ өкілдері.

Университет өкілдері ескі қасбет бөлшектелетінін, қабырғалар жылытылып, ұлутас плиталарымен қапталатынын атап өтті. Қолданыстағы терезе және витраж жүйелері жылытылған алюминий профилі бар және бір қабатты шыны пакетті конструкцияларға ауыстырылады.

Ғимараттың ішкі жоспары да өзгереді. Алматы қалалық жастар саясаты басқармасының мәліметінше, бірінші қабатта вестибюль кеңейтіліп, буфет аймағы мен дыбыс жазу студиясы жабдықталады. Үшінші қабатта көрермендерге арналған VIP-кабиналар, ал төртінші қабатта оқу кабинеттері, репетиция залы, би залы және VIP-бөлме пайда болады.

Ғимараттың жертөле бөлігінде тіреуіш қабырғаларын тұрғызу жоспарланған, бұл үй-жайлардың пайдалы алаңын арттыруға мүмкіндік береді.

ҚазҰУ мәліметінше, жобада желдету және ауа баптау, жылыту, сумен жабдықтау және кәріз, электртехникалық жүйелер мен жарықтандыруды ауыстыру да қарастырылған. Сонымен қатар сахна механизациясы мен үй-жайлардың ішкі әрлеуі заманауи құрылыс материалдарымен жаңартылады.

Фото: ҚазҰУ баспасөз қызметі

Ғимараттың шатырын да жылу оқшаулағыш және гидрооқшаулағыш қабаттарды қарастыра отырып, қайта жабдықтау жоспарланған.

Өзгерістер концерт залына да қатысты болады.

"Акустиканы жақсарту және үй-жайды нормативтік талаптарға сәйкес келтіру үшін қабырғалар мен төбелердің ерекше формалары, сондай-ақ заманауи жанбайтын акустикалық панельдермен әрлеу қарастырылған", – деді оқу орнындағылар.

Фото: ҚазҰУ баспасөз қызметі

Университет ғимараттың сейсмикалық қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге уәде беріп отыр. ҚазҰУ мәліметінше, конструкциялардың күйін, олардың көтергіштік қабілеті мен сейсмотөзімділігін нақтылау үшін "ҚазҚСҒЗИ" АҚ-ты тарту жоспарланған. Тексеру нәтижесі бойынша мамандар ғимараттың сенімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қандай қосымша шаралар қажет екенін анықтайды.

Фото: ҚазҰУ баспасөз қызметі

Ғимарат қашан пайдалануға беріледі?

ҚазҰУ мәліметінше, құрылысты ұйымдастыру жобасымен белгіленген құрылыстың есептік ұзақтығы 17 ай. Дегенмен, университет реконструкцияның аяқталуы мен толыққанды пайдалануға берілуінің нақты күнін атаған жоқ.

"Ғимарат жоспарланған жұмыстар аяқталғаннан кейін, қажетті сынақтар мен тексерулер жүргізіліп, растаушы құжаттар рәсімделген соң және нысан белгіленген тәртіппен қабылданғаннан кейін толыққанды пайдалануға беріледі", – деп атап өтті ЖОО өкілдері.

Анықтама: ҚазҰУ деректері бойынша, құрылыс-монтаж жұмыстарына техникалық қадағалауды "СК "Юпитер" ЖШС жүзеге асырады, бас жобалаушы – Qazaq Project ЖШС, ал бас мердігер – Exclusive Construction ЖШС.

Реконструкция кімнің есебінен жүргізіледі және құны қанша?

ҚазҰУ мәліметінше, реконструкцияны қаржыландыру республикалық бюджеттен қарастырылған. Бұл ретте жұмыстың түпкілікті құны әзірге анықталған жоқ.

Университет ақпаратына сәйкес, мамандар конструкциялардың нақты жай-күйін, көтергіштік қабілеті мен сейсмотөзімділігін бағалауы, сондай-ақ ғимараттың сенімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қандай қосымша іс-шаралар қажет екенін анықтауы тиіс. Қазір ҚазҰУ "ҚазҚСҒЗИ" АҚ-мен шарт жасау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Тексеру нәтижелері қажетті жұмыстар көлемін нақтылауға және одан арғы техникалық шешімдерді анықтауға мүмкіндік береді. Университет мәліметінше, осы жұмыстар аяқталғаннан кейін реконструкцияның түпкілікті құны қалыптасады.

Шатырды демонтаждау

Еске салсақ, 24 қыркүйекте алматылықтар үрейлі көрініске куә болды: Студенттер сарайы шатырының орнында бетон блоктар мен темір конструкциялардың үйіндісі жатты. Ол кезде жұрт реконструкция жасалып жатқан ғимараттың шатыры опырылып түсті деп топшылаған. Алайда ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі бұл апатты жағдайдағы шатырды жоспарлы түрде бұзу жұмыстары екенін хабарлады.

Университет мәліметінше, демонтаж жұмыстарын бас мердігер – "Exclusive Construction" ЖШС жүргізген.

ҚазҰУ Студенттер сарайын реконструкциялау үшін жұмыс жобасы әзірленгенін, ол "Мемсараптама" РМК кешенді ведомстводан тыс сараптамасының оң қорытындысын алып, белгіленген тәртіппен бекітілгенін атап өтті. Дегенмен, редакция сауалы бойынша жобаның өзі ұсынылған жоқ.

"Жұмысты ұйымдастыру, соның ішінде бұзу шаралары қарастырылған құрылыс жобасы әзірленді. Жобалық шешімдер бойынша қолданыстағы шатыр жабыны мен конструкцияларын ауыстыру, жылу оқшаулағыш, қалыңдығы 2 миллиметрлік армирленген ТПО-мембранадан гидрооқшаулағыш орнату және парапетті жаңарту көзделген", – деп хабарлады жоғары оқу орны.

Неге бұзу керек болды?

Университет өкілдері шатыр конструкцияларын толық бұзу туралы шешім бұған дейін анықталған ақауларға және жекелеген элементтерді нығайту қажеттілігіне байланысты қабылданғанын түсіндірді.

ҚазҰУ мәліметінше, ғимаратты техникалық тексеру жұмыстары 2023 жылдың желтоқсанында аяқталған. Мамандар шатыр жабынының жарылуын, майысуын және жыртылуын, мастиканың шытынауын, ауа және су көпіршіктерінің түзілуін, сондай-ақ тік конструкциялармен түйіскен жерлердегі гидрооқшаулағыштың зақымдануын тіркеді. Шатыр жабынының тозуы 55 пайызға бағаланды. Сонымен қатар тексеру материалдарында металл конструкциялары мен қосылыстарының зақымданғаны атап өтілген.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Университет 2024 жылы шатырдың бір бөлігінде жабын элементтерін ішінара опырылғанын хабарлады. Қосымша тексеруден кейін мамандар металл конструкцияларының жекелеген элементтерін нығайтуды ұсынды. Кейін ҚазҰУ ғимараттың жоғарғы бөлігіндегі конструкциялардың деформациясы одан ары жалғасқан.

"Анықталған ақаулар мен жабын конструкцияларын нығайту бойынша қажетті жұмыстардың көлемін ескере отырып, оларды толық бұзып, кейін жобалық шешімдерге сәйкес жаңа конструкциялар орнату туралы шешім қабылданды", – деп хабарлады университет.

Студенттер сарайын реконструкциялау 2024 жылдың көктемінде басталды. Сол кезде тарихи ғимарат құрылыс қоршауымен қоршалды. Бірақ реконструкцияның басталғаны туралы ресми түрде хабарланған жоқ. Сонымен қатар жұмыс Алматының мәдениет басқармасымен келісілмегені анықталды.

Сол жылдың наурызында ведомство ҚазҰУ-дың ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізуге қатысты әкімдікке қарасты мекемеге жүгінгенін, алайда ол уақытта органға ешқандай ғылыми-жобалық құжаттама ұсынылмағанын хабарлады.

Фото © Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм

Бұған қарамастан, сол жылдың аяғына қарай жұмыстар басталып кетті. БАҚ мәліметінше, 2024 жылдың желтоқсанында Студенттер сарайының қасбетінен ғимараттың танымал бейнесін қалыптастырып тұрған қаптама материал – ұлутас алына бастады.

ҚазҰУ әкімшілігі қаптаманы алу реконструкция басталғанын білдірмейтінін түсіндіруге тырысты. Олардың нұсқасы бойынша, бұл мамандар қасбеттің артындағы конструкцияларды көріп, олардың жай-күйін бағалауы үшін, ғимаратқа техникалық зерттеу жүргізу мақсатында қажет болған. Ал 2025 жылдың басында Алматы қалалық мәдениет басқармасы реконструкция жұмыстары қала билігімен келісілмегенін тағы мәлімдеді.

Фото © Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм

2025 жыл бойы жағдай өзгерген жоқ. Тамызға қарай тарихи ғимараттың қабырғалары алынып тасталғанымен, реставрацияның түпкілікті жобасы әлі дайын болмады. Ал университет нысанда "құрылыс-монтаж немесе жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жоқ" деген уәждерінен танбады. ЖОО әкімшілігі мұны дайындық шаралары деп атады, оған техникалық тексеру, инженерлік-геологиялық, сондай-ақ тарихи-мәдени сараптамалар кірді.

Реконструкция 2026 жылы ғана түпкілікті келісілді. 24 шілдеде Алматының мәдениет басқармасы Студенттер сарайының ғылыми-реставрациялау жұмыстарына арналған ғылыми-жобалық құжаттамасын мақұлдады. Осылайша, ғимарат қоршалғаннан кейін шамамен екі жыл өткен соң жоба ресми мақұлдау алды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью