Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Қолында визасы мен құжаттарының толық пакеті болса да, туриске өзге елге кіруге тыйым салынуы мүмкін. Мұндай жағдайда саяхатшы ұшақ билетіне, қонақүйге және жолдамаға жұмсалған ақшасынан айырылуы мүмкін. Tengri Travel Туризм индустриясы комитетінен қаражатты қайтаруды қашан талап етуге болатынын және турфирма немесе тасымалдаушы ақшаны қайтарудан бас тартқан жағдайда қайда жүгіну керек екенін білді.
Неге туристі елге кіргізбеуі мүмкін?
Әр елдің кіру ережелері өзгеріп тұрады, ал шекаралық бақылау қосымша тексерулерді қамтуы мүмкін.
Мәселен, 2026 жылғы 10 сәуірден бастап Шенген аймағы елдерінде Еуропалық комиссия енгізген EES жүйесі толыққанды жұмыс істей бастады. Ол ЕО-ға мүше емес елдер азаматтарының қысқа мерзімді сапары кезінде елге кіруін және шығуын тіркеуге арналған.
Жаңа ережелерге, қосымша тексерулер мен іркілістерге байланысты туристер әуежайларда көбірек уақыт өткізіп, ұзын-сонар кезекте тұруға және Еуропа әуежайларында тұтас бір тәулігін жоғалтуға мәжбүр болуы мүмкін.
Саяхатшының визасы мен барлық қажетті құжаты болса да, елге кіру туралы түпкілікті шешімді баратын елдің уәкілетті органдары қабылдайды. Елге кіргізуден бас тартудың түрлі себебі болуы мүмкін:
тұрғын үй брондалғанын растайтын құжаттың болмауы; қайту билетінің болмауы; сапарға қажетті қаражаттың жеткіліксіздігі; туристің жауаптары мен құжаттардағы деректер арасындағы алшақтық; бұрын көші-қон ережелерін бұзу жағдайларының болуы; құжаттардағы қате немесе паспорттың қолданылу мерзіміне қойылатын талаптарға сәйкес келмеуі; саяхатшы рұқсатсыз жұмыс істемек немесе елде белгіленген мерзімнен ұзақ қалмақ деген күдіктің туындауы; турист өзінің жүру бағытын немесе жоспарын нақты түсіндіре алмаса, сапардың мақсатына күмән келтіру; жалған ақпарат берді деген күдік.Бұл ретте қарапайым туристік сапар да шекарадан кедергісіз өтуге кепілдік бермейді.
Мысалы, жақында Балиде бір турист қызды паспорттық бақылау кезегінде тұрып Telegram-да бейнехабарлама жазғаны үшін жеке бөлмеге алып кетіп, төлқұжатын алып қойған. Қызға депортациялану қаупі төнді.
Елге кіргізбесе билет пен қонақүй ақшасы қайтарыла ма?
Instagram-дағы бұл жазбаны көру
Tengri Travel шетелге кіруге тыйым салынған қазақстандықтардың шығынын кім өтеуі керек екенін анықтау үшін Туризм индустриясы комитетіне жүгінді.
Ведомство мәліметінше, елге кіруден бас тарту туриске жұмсалған барлық соманы автоматты түрде қайтарып алу құқығын бермейді. Қайтару мүмкіндігі болған жағдайдың мән-жайына, шарт талаптарына және билеттер мен қонақүй брондалған ережелерге байланысты.
"Қаржылық жауапкершілік елге кіруден бас тарту мән-жайымен, жасалған шарттардың талаптарымен және қолданыстағы заңнамамен айқындалады", - деп атап өтті ведомство.
Бұл әуе билеттеріне де, қонақүйде тұруға да қатысты. Ақшаны қайтару кезінде тасымалдау шартының талаптары, қолданылған тариф ережелері және қонақүйді брондау шарттары ескеріледі.
Сондықтан турист шекарадан өткізілмесе, пайдаланылмаған қызметтер құны нақты шарттарға байланысты толық, ішінара қайтарылуы немесе мүлдем қайтарылмауы мүмкін.
Турдан бас тартып, ақшаны қайтаруға бола ма?Егер саяхатшы сапар басталғанға дейін барудан айнып қалса, ол шартты орындаудан бас тартуға құқылы. Алайда, бұл оған барлық сома міндетті түрде қайтарылады дегенді білдірмейді.
Қазақстанның "Туристік қызмет туралы" заңының 17-бабы 6-тармағына сәйкес, турист бас тарту туралы хабарлама берілгенге дейін көрсетілген қызметтер үшін жұмсалған шығындарды төлеген жағдайда, сапар басталғанға дейін шарттан бас тарта алады.
Басқаша айтқанда, турфирма бас тартқан сәтке дейін жұмсалып үлгерген, расталған шығындарды ұстап қала алады. Қайтарылатын соманың мөлшері шарт талаптары мен қолданыстағы заңнамаға байланысты болады.
Туристің өз бастамасымен сапардан бас тартуы мен шет мемлекет тарапынан елге кіруге тыйым салынуы екі бөлек жағдай екенін ескеру маңызды. Әрбір жағдайда қаражатты қайтару мән-жайы мен негіздері жеке бағалануы тиіс.
Дайын турдың ақшасын қайтаруға кім жауапты?Егер турист дайын тур сатып алса, шарттың орындалуына туроператор жауап береді. Бұл ереже басқа компаниялар, мысалы, әуе тасымалдаушысы немесе қонақүй қызметтеріне де қолданылады.
Туризм индустриясы комитеті "Туристік қызмет туралы" заңның 15-бабы 3-тармағына сілтеме жасады. Осы нормаға сәйкес, туроператор туристік қызмет көрсету шарты бойынша міндеттемелердің орындалмауы немесе тиісінше орындалмауы үшін, соның ішінде туристік өнімге кіретін қызметтердің қай тараптан көрсетілуі тиіс екеніне қарамастан, олардың көрсетілмеуі немесе тиісінше көрсетілмеуі үшін жауапты болады.
Бірақ бір мәселе бар: туроператордың жауапкершілігі елге кіруден бас тартылған жағдайда туриске жолдаманың толық құны автоматты түрде қайтарылады дегенді білдірмейді. Мәселені шешу үшін оқиғаның себептері, шарт талаптары және жұмсалып қойған шығындар маңызды рөл атқарады.
Дау туындаған жағдайда турист өз талаптарын негіздеуі керек, ал компания ақшаны қайтарудан бас тартудың немесе соманың бір бөлігін ұстап қалудың себептерін түсіндіруге міндетті.
Турфирма елге кіру ережелері туралы ескертуге міндетті ме?Иә. Заң бойынша туристік компания саяхат басталғанға дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірмей клиентке сапардың ерекшеліктері туралы ақпаратты жазбаша түрде беруге міндетті.
Оған елге кіру, шығу және онда болу ережелері, сондай-ақ ықтимал қауіп пен қауіпсіздік шаралары туралы қажетті әрі шынайы мәліметтер кіреді.
Бұл талап "Туристік қызмет туралы" заңның 26-бабы 4-тармағында бекітілген.
Сондықтан сапар алдында туроператордан баратын елдің өзекті талаптарын нақтылап, сондай-ақ төлқұжаттың қолданылу мерзімін, кіру шарттарын және қажетті құжаттар тізімін өз бетінше тексерген жөн.
Бұл ретте турфирманың ақпарат беруі шет елдің шекаралық қызметтерінің елге кіруге рұқсат беретініне кепілдік болмайды.
Ақша қайтарылмаса қайда жүгінуге болады?Туризм индустриясы комитеті алдымен дау туындаған компанияға: туроператорға, әуе тасымалдаушысына немесе қонақүйге жазбаша шағым жіберуді ұсынады.
Егер өзара келісімге келу мүмкін болмаса, турист тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарына, тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектісіне немесе сотқа жүгіне алады.
Мұндай құқық Қазақстанның "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 42-2-бабы 1-тармағында қарастырылған.
Шағымның сәтті қаралу мүмкіндігін арттыру үшін тек ауызша өтінішпен шектелмей, шығын мен сапар жағдайын растайтын құжаттарды сақтап қою маңызды.
Қандай құжаттарды сақтау қажет?Компанияға, мемлекеттік органдарға немесе сотқа жүгіну үшін мыналар қажет болуы мүмкін:
төлқұжаттың қолданылу мерзімі және елдің оны рәсімдеуге қоятын талаптары; елге кірудің өзекті ережелері және виза қажеттілігі; тұрғын үй бронын растау және кері билеттің болуы; қаржылай қаражатты растауға қойылатын талаптар; әуе билеттерін қайтару және қонақүй бронын жою шарттары; сапардан бас тартқанда немесе басқа да күтпеген жағдайлар болғанда туроператормен жасалған шарт талаптары.Егер бәрібір елге кіруге рұқсат берілмесе, шешімнің құжаттық растамасын сұрап алып, билеттер мен чектерді сақтау керек, содан кейін туристік қызмет көрсеткен компанияларға жазбаша түрде жүгіну қажет.
Елге кіруден бас тартылған жағдайда мемлекет туристерді қорғай ма?Туризм комитетінің мәліметінше, Қазақстанда шығу туризмі саласындағы азаматтардың құқықтарына кепілдік беру жүйесі жұмыс істейді. Заңда қарастырылған жағдайларда ол туристерді қорғауға, соның ішінде оларды уақытша жүрген елінен қайтаруды ұйымдастыруға көмектеседі.
"27-2-бап 5-тармағына сәйкес, жүйенің пайда алушылары турист саналатын Қазақстан азаматтары. Заңнамада қарастырылған механизм Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарын қорғауға бағытталған және туристерді қорғау бойынша заңнамада белгіленген іс-қимылдарды жүзеге асыруды, соның ішінде оларды уақытша болған елінен әкетуді және қарастырылған жағдайларда қажетті қызметтермен қамтамасыз етуді қамтиды", - деп хабарлады комитет.
Алайда бұл жүйе елге кіруден кез келген бас тарту жағдайында мемлекет немесе туроператор шығындарды өтеуге міндетті дегенді білдірмейді.
"Сонымен қатар аталған жүйе шет мемлекетке кіруден бас тартылған әрбір жағдайда әуе билеттерінің, тұрудың және басқа да пайдаланылмаған қызметтердің құнын автоматты түрде өтеуді қарастырмайды. Кепілдік беру механизмін қолдану мүмкіндігі заңнамада қарастырылған негіздер бойынша анықталады", - деп түйіндеді комитет өкілдері.
Айта кетейік, жақында Польша шетелдіктерде елге кіру кезінде болуы тиіс ақшаның ең төменгі сомасын арттыруды жоспарлап отыр. Қаулы жобасына сәйкес, қысқа мерзімді сапар үшін кемінде 1000 злотый (шамамен 118 мың теңге) бар екенін растау қажет.
Тағы оқыңыз: Теңіз жағасындағы демалыс тоқтай ма? БАӘ-де мұнай төгілуіне байланысты жағажайлар жабылды
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу