Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Бейсенбі күні орталық матч талдықорғандық «Жетісу» мен «Атырау» командалары арасында болды.
Осыған дейін Марат Адрышев баптайтын талдықорғандықтар жеңіс сериясын онға жеткізіп, ұпаймен жеке-дара көш бастап келе жатқан еді.
Ал Игорь Никольченко жаттықтыратын атыраулықтар алты кездесу бойы жеңілмей, төртінші орынға табан тіреген еді. Бірінші партияда алаң иелері 25:23 есебімен басым түсті. Екінші, үшінші сетте талдықорғандықтар сәтті ойнады – 25:23, 26:24.
Төртінші партияда атыраулықтар бастапқыда 6:0 есебімен алға шығып еді. Алайда сол басымдылықты сақтай алмады – 20:25. Қорытынды есеп – 3:1, «Жетісудың» пайдасында.
Осылайша, «Атырау» тоқтата алмаған «Жетісу» клубы турнир кестесінде 33 ұпаймен жеке-дара көш бастап келеді. 29 ұпай жинаған «Ақтөбе» 26 қарашада «Таразды» 3:0 (25:12, 25:23, 25:21) есебімен ұтса, содан кейін «Ұшқын-Көкшетауды» қапы қалдырды – 3:1 (25:21, 25:27, 25:18, 29:27).
Үздік үштікті түйіндеп тұрған биылғы ел чемпионы Оралдың «Жайығы» (25 ұпай) Ақмола облысының «Ұшқын-Көкшетауын» 3:0 (25:15, 25:20, 25:15) есебімен оңай жеңсе, сосын «Тараздан» да айласын асырды – 3:0 (25:14, 25:11, 25:20).
Енді 29 қараша күні «Жетісу» - «Жайық», 30-ында «Ақтөбе» - «Жетісу» командалары арасындағы бәсеке қызу өтетін түрі бар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионатында «Жетісу» командасы «Ақтөбе» мен «Жайықтан» басым түскенін жазған едік.