Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Бұл жолы орталық кездесу «Жетісу» (Талдықорған) мен «Атырау» командалары арасында болды.
Марат Адрышев баптайтын талдықорғандықтар турнир кестесінде жеке-дара көш бастаумен қатар жуырда суперкубокты ұтып алған еді. Ал Игорь Никольченконың шәкірттері үздік үштікті түйіндеп тұрған.
Барынша тартысты өрбіген ойында «Жетісу» 3:1 (25:19, 17:25, 25:23, 25:20) есебімен ұтты.
Осылайша, талдықорғандықтар жеңіс сериясын 7 матчқа жеткізіп, 53 ұпаймен қара үзіп кетті.
Екінші орындағы «Ақтөбе» клубы (46 ұпай) «Ұшқын-Көкшетауды» 3:0 (25:23, 25:12, 26:24) есебімен тізе бүктірді.
Өткен жылғы ел чемпионы «Жайық» командасы өз алаңында «Тараздан» айласын асырды — 3:0 (25:13, 25:14, 25:15). Сөйтіп «Атырауды» қуып жетіп, 41 ұпаймен үшінші орынға шықты.
Алматының «Буревестнигі» СҚО-ның «Есілін» 3:1 (28:26, 22:25, 25:19, 26:24) есебімен жеңді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан «Жетісудың» қатарынан 6 ойында жеңіске жеткенін жазған едік.
Сондай-ақ «Тұран» Орталық Азия чемпиондар лигасында күміс жүлдегер атанды.