Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Соңғы күні Юрий Панченко жаттықтыратын «Қуаныш» клубы өткен жылғы Қазақстан чемпионы, биылғы суперкубок иегері «Жетісумен» (бас бапкері – сербиялық Марко Гршич) алаңға шықты.
Бірінші партияда алаң иелері 25:23 есебімен басымдылық танытты. Екіншісінде талдықорғандықтар есе қайырды – 25:18. Дегенмен бұдан кейін солтүстікқазақстандықтар нәтижелі ойнай білді – 25:16, 25:16. Қорытынды есеп – 3:1.
«Қуаныш» сапында команда капитаны, Орал волейболының түлегі Сана Анарқұлова, сербиялық Анет Альфонсо Бенитес, Жанна Сыроежкина, Полина Уфимцева сияқты ойыншылар көзге түсті.
Төртінші тур қорытындысы бойынша «Қуаныштан» Анет Альфонсо Бенитес, «Жетісудан» украиналық байланыстырушы Дарья Шаргородская үздік деп танылды.
Осылайша, бұған дейін чемпионат барысында бірде-бір рет жеңілмеген «Жетісу» соңғы бәсекеде ғана сүрінді. Соған қарамастан, талдықорғандықтар 79 ұпаймен көш басында қалды.
«Қуаныш» 72 ұпаймен екінші орынға тұрақтады. Ю.Панченконың шәкірттері чемпиондық атақ үшін тайталаса алатындықтарын байқатты.
Үшінші сатыдағы «Берел» (Өскемен) «Қарағанды» клубын тізе бүктірді – 3:0 (25:12, 25:14, 25:13).
Төртінші орынға табан тіреген «Тұран» (Түркістан) «Ақтөбеден» айласын асырды – 3:0 (25:19, 25:22, 25:17).
«Алматы» командасы «Астананы» қапы қалдырды – 3:1 (17:25, 25:15, 25:15, 25:21).
Енді 5-13 сәуірде Астана қаласындағы «Барыс арена» стадионында плей-офф бәсекелері өтіп, чемпионат жүлдегерлері анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Қуаныш» клубының өз алаңында «Берелден» ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ «Жетісудың» Азия чемпиондар лигасындағы алғашқы қарсыласы белгілі болды.
Жүлделі орыннан үміткер «Қуаныш» клубы «Тұраннан» айласын асырды.