Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Бірінші жартылай финалда өткен жылғы ел чемпионы, биылғы суперкубок иегері «Жетісу» (Талдықорған) мен «Тұран» (Түркістан) командалары алаңға шықты.
Тұрақты чемпионатта сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын талдықорғандықтар көштің алдын бермесе, «Тұран» (бас бапкері Асқар Шалқыбеков) төртінші орынмен шектелген еді.
Бұл ойында «Жетісу» қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады — 3:0 (25:17, 25:14, 25:8). «Жетісудан» команда капитаны, ресейлік шабуылшы Мария Фролова, «Тұраннан» байланыстырушы Ирина Кузнецова үздік ойыншы атанды.
Екінші жартылай финалдық кездесуде «Қуаныш» (СҚО) пен «Берел» (Өскемен) шеберлік байқасты.
Юрий Панченко баптайтын солтүстікқазақстандықтар чемпионатты екінші орынмен аяқтаса, өскемендіктер (бас жаттықтырушы — сербиялық Владимир Васович) үздік үштікті түйіндеген еді.
Бұл жолы матчты қарқынды бастаған «Берел» (капитаны Ирина Малькова) бастапқы екі партияны өз есебіне жазды — 25:23, 25:21.
Есесіне үшінші сетте Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Сана Анарқұлова бастаған «Қуаныш» 9:2 есебімен алға кетіп, сол арынын жоғалтпады — 25:10. Төртінші кезеңде де «Қуаныштың» басымдылығы байқалды — 25:20.
Шешуші, бесінші сетте «Берел» 9:3, 12:5 есебімен алда тұрды. Соған қарамастан, «Қуаныш» супер камбэк жасай білді — 17:15. Қорытынды есеп — 3:2.
Сейсенбі күні командалар екінші жартылай финалдық матчын өткізеді. Екі жеңіске қол жеткізген клуб финалға жолдама алады.
Плей-офф кезеңінде 5-8 орындар үшін бәсекеде «Қарағанды» клубы «Астананы» қапы қалдырды — 3:0 (25:16, 25:15, 25:25:21). Ал ақтөбеліктер бес партияда «Алматыдан» айласын асырды — 3:2 (18:25, 25:16, 25:14, 20:25, 15:10).
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында финалдық кезең «Барыс арена» стадионында өтетінін жазған болатынбыз.