Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
АСТАНА, 21 ақпан – Sputnik. WBO тыйым салынған мельдоний заты бойынша допинг сынамасының оң нәтиже көрсетуіне байланысты орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлын бір жыл мерзімге жарыстардан шеттетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Ал чемпиондық атақтары спортшының өзіне қалдырылды.
Шеттету мерзімі аяқталғанға дейін қазақстандық боксшыға кез келген кәсіби немесе көрме жекпе-жектеріне қатысуға тыйым салынады.
Ұйым сондай-ақ шеттету мерзімі аяқталғаннан кейін Жәнібек Әлімханұлы уақытша чемпионмен міндетті түрде жекпе-жек өткізуге тиіс екенін растады. Бұл талап орындалмаған жағдайда ұйым регламентіне сәйкес қосымша шаралар қабылдануы мүмкін. Аталған шешімге дейін аралық кездесу өткізуге жол берілмейді.
WBO президенті Густаво Оливьеридің айтуынша, Чемпиондық жекпе-жектер жөніндегі комитет шешімді бірауыздан қабылдаған. Жаза мерзімі 2025 жылдың 2 желтоқсанынан бастап есептеледі.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы 2025 жылы желтоқсан айында WBA чемпионы Эрисланди Ларамен үш чемпиондық белбеуді біріктіру жекпе-жегіне шығуға тиіс болған.
Алайда VADA жүргізген допинг-сынамада мельдоний анықталғандықтан, айқас өтпей қалды.
Кейін Әлімханұлының командасы спортшы допинг қолданбағанын айтып, екінші сынама тапсырды. Бірақ "B"сынамасында да ағзасында допинг бар екені расталды.