Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Ресейдегі Wildberries қойма кешендеріне жасалған шабуылдардың салдарынан қазақстандық кәсіпкерлердің алдын ала есептелген шығыны 1 млрд теңгеден асты. Бұл туралы «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы хабарлады.
«Атамекен» ҰКП еліміздің барлық өңірінде ақпарат жинау және оны жүйелеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Қазақстанның электрондық сауда кәсіпкерлері қауымдастығы ECOMMERCE-KZ»-ның алдын ала деректеріне сәйкес, төтенше жағдай салдарынан қауымдастыққа мүше 100-ден астам кәсіпкер зардап шекті. Келтірілген шығын көлемі 1 млрд теңгеден асады», – делінген ұлттық палатаның агенттік сауалына берген жауабында.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның e-commerce сатушылар қауымдастығы Wildberries маркетплейсінде жұмыс істейтін 150-ден астам қазақстандық сатушының алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі шамамен 2 млрд теңгеге жеткенін хабарлаған еді.
Ұлттық палата сондай-ақ отандық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және өтемақы алу рәсімдерін жеделдету үшін мемлекетаралық өзара іс-қимыл тетіктерін пайдалануды ұсынып, Сауда және интеграция министрлігіне ресми хат жолдағанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, уәкілетті мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП-ның, Wildberries маркетплейсі басшылығының және бизнес өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобын құру ұсынылды. Бұл топ зардапты бағалау алгоритмдерін әзірлеп, зардап шеккен сатушыларға құқықтық қолдау көрсету мәселелерін қарастыруы тиіс.