Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Ел құрамасынан бүгін, 30 наурызда екі боксшы шаршы алаңға шыққан еді. Олардың екеуі де қарсыластарына есе жіберіп, жарысы ерте аяқтауға мәжбүр болды.
Отандасымыз Жазира Орақбаева (51 келі) Солтүстік Корея өкілі Кум Бёл Анмен кездесті. Қазақстандық боксшы жекпе-жек барысында есепте алда келе жатқан еді. Дегенмен шешуші раунда жарақатына байланысты айқасты тоқтатуға мәжбүр болып, жеңіс қарсыласына берілді.
Ал Элина Базарова (54 келі) үндістандық Притиге 0:5 есебімен есе жіберді.
Енді әйелдер құрамасынан Айгерім Саттыбаева (48 келі) өзбекстандық Сабина Бобокулова қолғап түйістірсе, Ұлжан Сәрсенбек (57 келі) таиландтық Пунрави Руенрос пен вьетнамдық Хьен Тран Нгуен жұбының жеңімпазымен жекпе-жек өткізеді.
Ал Римма Волосенко (60 келі) үндістандық Прия, Лаура Есенгелді (65 келі) үндістандық Анкушита Боро, Бақыт Сейдиш (70 келі) Оңтүстік Корея спортшысы Суджин Сон мен Қытай өкілі Алимире Абудурейиму жұбының жеңімпазымен қолғап түйістіреді.
Сондай-ақ Валентина Хальзова (75 келі) оңтүстіккореялық Суён Сон, Надежда Рябец (80 келі) үндістандық Пуджа Рани, Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) өзбекстандық Олтиной Сотимбоеваға қарсы шығады.
Еліміздің ерлер құрамасындағы боксшылардың да қарсыластары анықталды. Олардың қатарынан Санжар Тәшкенбай (50 келі) қырғызстандық Бекзат Эргешов пен үндістандық Вишванат Суреш, Махмұд Сабырхан (55 келі) иорданиялық Махди Аль-Машалех пен өзбекстандық Шахзод Музаффаров жұптарының жеңімпаздарымен қолғап түйістіреді.
Тағы бір отандасымыз Оразбек Асылқұлов (60 келі) филиппиндік Пол Джулифер Баскон, Ертұған Зейнуллинов (65 келі) тайваньдық Ю Линьмен кездессе, Төрехан Сабырхан (70 келі) оңтүстіккореялық Ён Су Ким мен тәжікстандық Шамшер Саидов жұбының жеңімпазымен, Сабыржан Аққалықов жапониялық Таигa Ягимен (75 келі) шаршы алаңға шығады.
Ел құрамасынан Ерасыл Жақпеков (80 келі) қырғызстандық Сагын Сатыбалды уулу мен өзбекстандық Фазлиддин Эркинбоев, Нұрбек Оралбай (85 келі) моңғолиялық Бариахаан Дорж бен иорданиялық Мохаммад Сулейман жұптарының жеңімпаздарымен кездессе. Сағындық Тоғамбай (90 келі) қытайлық Хань Сюэчжэньмен жұдырықтасады.
Ал аса ауыр салмақта Айбек Оралбай моңғолиялық Бекнур Хали мен өзбекстандық Арман Маханов арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен шаршы алаңға шығады.
Айта кетейік, Азия чемпионаты 30 наурыз бен 10 сәуір аралығында өтеді.