WTA рейтингісі: Елена Рыбакина ұпай қорын толықтыра ала ма

30.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Майамиде чемпион атанған Беларусь өкілі Арина Соболенко 11 025 ұпаймен бұрынғыша көш бастап келеді.

Аталмыш жарыста жартылай финалға дейін жетіп, А.Соболенкоға есе жіберген қазақстандық Елена Рыбакина 8 108 ұпаймен екінші орынды әзірге нық ұстап тұр. 

Майами финалисі, америкалық Кори Гауфф 7 278 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді. Ол Польша өкілі Ига Швентекті (7 263 ұпай) төртінші сатыға ығыстырды. 

Е.Рыбакина үшін енді топырақ төсенішіндегі маусымды барынша сәтті өткізу аса маңызды болмақ. Сонда рейтингіде А.Соболенкоға жақындай алады.

Қазақстанның үздік теннисшісі алдағы айда Штутгарт (Германия) WTA 500 жарысында бақ сынайды. Е.Рыбакина осы додада 2024 жылы үздік шыққан болатын. Ал өткен жылы Қазақстан құрамасы сапында Билли Джин Кинг кубогында ел намысын қорғағандықтан, Штутгарт додасынан тыс қалған еді. Сондықтан биыл ұпай қорын толықтыра алады. 2025 жылы А.Соболенко Штутгартта финалға дейін жетіп, латвиялық Елена Остапенкодан жеңіліп қалған еді. 

Осы аптада Чарльстон (АҚШ) WTA 500 турнирінде өнер көрсететін Юлия Путинцева 921 ұпаймен әлемдік рейтингіде 75-тен 72-ге көтерілді. 

Зарина Дияс 312-ден 306-ға ауысса, өткен аптада Үндістандағы жарыстың абсолютті жеңімпазы атанған Жібек Құламбаева 419-дан 422-ге төмендеді. 

Астана қаласында 10-11 сәуір күндері Билли Джин Кинг кубогы аясында өтетін Қазақстан – Канада матчына ұлттық құрамаға шақырту алған Аружан Сағындықова 769 (+8), Соня Жиенбаева 1 019-сатыда тұр. 

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина Майамидегі сәтсіздіктен кейін 4-тен 7-орынға түсіп қалды. 

WTA чемпиондық кестесінде Арина Соболенко 3 800 ұпаймен бірінші орынға шықты. Елена Рыбакина 3 483 ұпаймен екінші сатыға ығысты. Америкалық Джессика Пегула (2 405) үшінші орында. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Үндістандағы турнирдің абсолютті жеңімпазы атанғанын жазған едік.

Сондай-ақ Тимофей Скатов Мароккодағы турнирді сәтті бастады.

Юлия Путинцеваның Чарльстон турниріндегі қарсыласы анықталды.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью