XXI ғасыр көшбасшысы : ұлытаулық үздіктер

27.01.2026

24.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

«XXI ғасыр көшбасшысы» сайысының Ұлытау облысындағы іріктеу кезеңінде Жезқазғандағы Абай атындағы мектеп-лицей үздік нәтиже көрсетті. 

Республикалық кезеңге жолдама жеңіп алған бес талапкердің үшеуі осы оқу ордасының оқушылары. Тағы екі жолдама Білім-инновация лицейі мен Сәтбаевтағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицей шәкіртіне бұйырды. Олар зияткерлік сайыстың ақтық кезеңінде облыс намысын қорғайды.

Облыстық іріктеу кезеңінде ең жоғары ұпай жинаған бес оқушының бірі – Гүлім Бақытова. Ол Жезқазғандағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп интернатында оқиды. Химия пәніне қызығатын шәкірттің болашақта жаратылыстану бағытында жаңалық ашсам деген арманы бар. 

Гүлім Бақытова, облыстық кезең жеңімпазы:

-Мен облыстық кезеңнен жеңетініме сенімді болдым. Себебі мен осы уақытқа дейін дайындалдым және де сұрақтары мен үшін таныс және жеңіл болды. 

Осы мектептен тағы екі оқушы үздік бестік қатарына енді. Түрлі олимпиадаларға қатысып шыңдалған Гүлім Мұхамбетжан бұл жолы да ұстаздар сенімін ақтай білді. Гүлім біліммен қатар спортты қатар алып жүр. Шахмат үйірмесіне қатысып, үстел теннисімен айналысады. Өнерден де кенде емес.

Гүлім Мұхамбетжан, облыстық кезең жеңімпазы:

- Жобалар шығарып, еліміздің дамуына үлесімді қосып, яғни IT саласын дамытып, өзі қазір заман талабы ғой. 21-ғысыр технология заманы дегендіктен осы саланы таңдап өзімнің үлесімді қосқым келеді. 

Абай мектебінде оқушыларды төменгі сыныптан бастап ғылымға баулу ісі жүйелі жолға қойылған. Мысалы, Нұрасыл Жаналинов бірнеше жыл бойы су үнемдеу жолдарын зерттеп жүр. Шөлейтті аймақта көкөністі бу арқылы өсіру жобасын жасаған. Мұндай технология әзірге әлемнің санаулы елінде бар.

Нұрасыл Жаналинов, облыстық кезең жеңімпазы:

- Алдағы мақсатым республикалықтан топ жарып, жүлдегер атану. Әрине грант ұтып алу барлық оқушының арманы деп ойлаймын. 

Жезқазғандағы білім-инновация лицейінің оқушысы Нұрасыл Тұрсынхан 4 пән бойынша республикалық олимпиада жүлдегері. «Оқу бағдарламасының тығыздығына қарамай зияткерлік сайысқа қатысуды жөн көрдім», - дейді ол.  Облыстық кезеңнен сүрінбей өтті. Ендігі меже – республикадан олжалы оралу. Болашақта мұғалім болуды армандайтын ол білім грантынан үмітті. 

Нұрасыл Тұрсынхан, облыстық кезең жеңімпазы:

- Осы сайысқа қатысудағы мақсатым өзімнің білімімді шыңдау және үлкен тәжірибе алу. Болашақта математика пәні мұғалімі саласының үздігі болуды армандаймын.

Сәтбаевтағы Ыбырай Алтынсарин мектеп-лицейінің оқушысы Уәлихан Қапар үш тілді жетік меңгерген. Ағылшын тілінен сынақ тапсырып, шетелде білім алуға мүмкіндік беретін сертификат ұтып алған. «Дегенмен елде қалып, туған қаламның дамуына үлес қосамын», - дейді.

Уәлихан Қапар, облыстық кезең жеңімпазы:

- Мен болашақта негізі инженер болғым келеді. «XXI ғасыр көшбасшысы» маған грант алуға мүмкіндік береді. Мен сол үшін қатысқанмын. 

Жеңімпаздар сайыстың республикалық кезеңіне дайындықты қазірден бастап кетті. Ақтық сында облыс намысын абыроймен қорғап шығамыз, дейді. Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агенттігі ұйымдастырған «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының республикалық кезеңі көктемде басталады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов, Нұрбол Үздікбаев

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью