Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Шынайы көріністі толық ашпайтын сандар
Ресми дерекке сәйкес, 2024 жылы елімізде адам саудасының 247 құрбаны анықталған. Оның 54-і — балалар, 117-сі — шетел азаматтары. Ал 2025 жылы адам саудасына байланысты құқық бұзушылықтардан 157 адам зардап шеккен. Алайда, мамандар нақты көрсеткіштер ресми статистикадан әлдеқайда жоғары екенін айтады.
Фото: Видеодан алынған кадр— Менің ойымша, статистика екі жолмен қалыптасады. Біріншісі — жәбірленушінің өзі құқық қорғау органдарына немесе дағдарыс орталығына жүгінген кезде. Екіншісі — тексерулер немесе рейдтер барысында адамның ұсталғаны, еңбегіне ақы төленбегені және басқа да фактілер анықталған кезде, — дейді көші-қон заңгері Айгерім Хандуллаева.
Ал «Қорғау» дағдарыс орталығы жетекшісі Анна Рыль қазіргі таңда адам саудасы схемаларының күрделене түскенін айтты. Оның пікірінше, бұл қанау фактілерін дәлелдеуді айтарлықтай қиындатады.
— Құрбандармен жұмыс істеу ерекше тәсілді талап етеді. Тек қолдау көрсету жеткіліксіз, нақты әрі сенімді дәлелдер жинау қажет. Ең күрделі мәселе — адамның шын мәнінде қанауға ұшырағанын дәлелдеу, — деді спикер.
22 жыл құлдықта болған жанның тарихы
Соңғы жылдары ең көп талқыланған оқиғаның бірі — Мадина Аманбаеваның тағдыры. Ол еңбек құлдығында 22 жыл өмір сүрген. Бәрі 90-жылдардың соңында басталған. Мадина 16 жасында балалар үйінен шығады. Осы кезеңде оған фермада жұмыс ұсынылады. Бай болмаса да, тыныш тіршілік уәде етіледі. Алайда бұл ұсыныс ұзақ жылдарға созылған қасіреттің бастамасы еді.
Қарағанды облысындағы алыс қыстаулардың біріне келген қыз, кері қайту мүмкіндігінен айырылады. Уәде етілген өмір мен жұмыс шындыққа жанаспай, алдау болып шығады. Таңнан кешке дейін ауыр еңбекке жегіледі, қожайынға толық тәуелді болады, ал еңбекақысы мүлдем төленбейді. Оның қашуға жасалған әрбір талпынысы соққымен аяқталып отырған. Кейін фермада оның балалары дүниеге келеді, бұл жағдайдан шығуын одан әрі қиындатады.
— Адам өз еркімен жұмысқа келеді. Оны қарсы алады, бәрі жақсы сияқты. Кейіннен құжаттарын, телефонын алып қояды, «жолыңды, тамағыңды, тұратын жеріңді біз төлейміз» деп қарызға кіргізеді. Сөйтіп ол адам кете алмай қалады, — дейді Анна Рыль.
Мадина тек 2019 жылы ғана бостандыққа шыққан. Елді мекенге адам саудасы мәселелері бойынша комиссия келген кезде ол сол жерде көмек сұрайды. Қылмыстық іс шамамен бес жыл бойы бірнеше рет жабылып, қайта ашылған. Ақыры 2024 жылы ферма иесінің қайтыс болуына байланысты іс тоқтатылған. Мадина ұзақ реабилитациядан өтіп, жаңа мамандық бойынша білім алады. Бүгінде ол Қарағанды облысында жұмыс істеп жүр.
Фото: Видеодан алынған кадрМигранттар желіде: Астанадағы мейрамханалардағы жағдай
Бірнеше апта бұрын БАҚ-та Өзбекстаннан келген мигранттардың Астанадағы мейрамханалар желісінде қанауға ұшырағаны туралы ақпарат тарады. Зардап шеккендердің айтуынша, оларды жұмыс берушінің өзі шақырған. Алайда уәде етілген шарттар орындалмаған. Қызметкерлердің құжаттары тартып алынып, еңбек ақысы төленбеген. Осылайша олардың елге қайту мүмкіндігі шектелген.
— Мигранттар үш ай бойы еңбекақы алмаған. Құжаттарын тартып алып, оларды жұмыстан жібермеген. Бұл қазіргі заманғы қанаудың бір түрі, — дейді Анна Рыль.
Оның айтуынша, мұндай жағдай бұған дейін де тіркелген. 2023 жылы дәл осы желідегі бір мейрамханада жұмыс істеген мигранттар құқықтарының бұзылғанына шағымданған.
— Құжаттарды алу, жалақыны төлемеу фактілері болған. Қызметкерлер тар, жағдайы жоқ бөлмелерде тұрған, — деді ол.
Бұл оқиғадан кейін мейрамхананың кезекті филиалы жабылғанымен, жағдай толық түзелмеген. 2026 жылы дәл осындай жайт басқа нысанда қайталанған.
Фото: freepik— Тексеру кезінде қызметкерлерге жалақы төленіп, құжаттары қайтарылды. Алайда мигранттар қылмыстық іс қозғаудан бас тартты, — деді Анна Рыль.
Мамандардың айтуынша, қоғамдық тамақтандыру саласында заңсыз жұмыс күшін пайдалану әлі де өзекті мәселе. Ресми құжатсыз еңбек ететін мигранттарды тарту еңбек құқығының бұзылуына әкеледі. Ол санитарлық талаптардың сақталмауына да себеп болады. Мұндай жағдай қоғамдық қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін.
Көпбалалы ана сот алдында: Аягөздегі іс
Құлдыққа қатысты қоғам назарын аудартқан тағы бір оқиға — Аягөз қаласында болды. Бұл жол сот алдына екі жыл бойы адам саудасымен айналысқан көпбалалы ана келген. Оның қылмыстық схема қарапайым болған. Әйел әлеуметтік тұрғыдан осал, әсіресе алкогольдік мас күйде жүрген адамдарды іздеген. Жұмысқа орналасуға көмектесетінін айтып, сенімдеріне кірген. Әрі қожалықтарда еңбек етуге жайлы жағдай жасайтынын уәде еткен.
— Ол Семей қаласында тұрақты мекені жоқ адамдарды тауып, оларға жұмыс ұсынған. Құқық қорғау органдарында таныстары бар екенін айтып, адамдарды сендірген, — деді Мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыға қатысу басқармасының басшысы Досымхан Мұратханов.
Жұмыс берушілер әйелдің шотына 100 мыңнан 400 мың теңгеге дейін ақша аударып отырған. Бұл қаражат жұмысшыларға арналса да, олардың қолына түспеген. Тергеу кемінде осындай бес деректі анықтаған. Алайда сотта айыпталушы кінәсін толық мойындаған. Ол қаржыны өтегенін және жәбірленушілермен татуласқанын айтқан.
— Мен бұл туралы жиі айтамын — бұл «стокгольм синдромы». Адам «аз уақыт шыдаймын» деп ойлайды. Сол ойдың өзі үлкен қателікке әкеледі. Ол өзін жәбірленуші ретінде де көрмей қалады, — деді заңгер Айгерім Хандуллаева.
Сот төрағасы әйелді адам саудасы бойынша кінәлі деп таныды. Оған орташа қауіпсіздік мекемесінде алты жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал айыптау тарапы оның кінәсін мойындағанына қарамастан, істеген ісіне шынайы өкініш білдірмегенін атап өтті.
Фото: Әулиекөл ауданының әкімдігіМьянмадағы скам-орталықта бір жыл: Сәкеннің тарихы
Бүгінде білімді, табысты жастар да адам саудасы құрбандарының қатарынан табылып отыр. Бірнеше ай бұрын YouTube арналарында қазақстандық Сәкен есімді азаматтың сұхбаттары жарияланды. Ол Мьянмадағы скам-орталықта шамамен бір жыл құлдықта болған.
Скам-орталықтар дегеніміз — интернет-алаяқтықпен айналысатын жасырын құрылымдар. Онда адамдар өз еркінен тыс жұмыс істейді. Олар күн сайын мыңдаған хабарлама жіберіп, қоңырау шалып, адамдарды алдап ақша алады. Орталықтарда дайын сценарийлер қолданылады, IT-қолдау да жұмыс істейді. Көбіне бақылауы әлсіз елдерде орналасады. Халықаралық деректер бойынша, мұндай жерлерде жүздеген мың адам болуы мүмкін.
IT маманы Сакен шетелден жұмыс іздеген. Ол Бангкоктағы айына 4 мың доллар жалақы берілетін жұмысқа қызыққан.
Фото: Видеодан алынған кадр— Жұмыс беруші өзі менімен байланысқа шықты. Барлық шартты келісіп алдық. Барлығы дұрыс сияқты көрінді, — деді Сакен.
Алғашқы күндер қалыпты өткен. Оны әуежайдан қарсы алып, қонақүйге орналастырған. Кейін құжат рәсімдеу керек деген сылтаумен Мьянма шекарасына апарған. Сол жерде телефоның алып, қайыққа отырғызған.
— Жолда келе жатып күмән пайда болды. Ал барған соң барлық жерде бақылау камералары болды, — дейді ол.
Кейін жұмыс басталған сәтте Сакенге жалған аккаунттар берілген. Ол парақшаларда басқа адамдардың суреттері жарияланып, ойдан шығарылған өмірбаян жазылған. Ал Сакеннің міндеті — сол аккаунттар арқылы бейтаныс адамдармен сөйлесу. Сенім қалыптастырып, жалған инвестицияға тарту.
Жүйеде Сакеннен бөлек әр елден келген адамдар жұмыс істеген. Бір бөлігі алданған, бірі ұрланған, бірі кездейсоқ түскен.
Фото: Видеодан алынған кадр— Жастар тез жетістікке сенеді. Ал жұмыс берушілер соны пайдаланады. Адамды сендіретін жалған бейнелер жасалады, — дейді психолог Лола Шакимова.
Бұл тығырықтан шығу үшін Сакеннің жалғыз жолы — жұмыс берушілерге ақша төлеу болған екен. Оның отбасы қаражат жинап бастаған. Бірақ Мьянма әскерилері операция жүргізіп, орталықты анықтап, жапқан. Сол кезде Сакен де босатылған.
Дегенмен мұндай оқиғалардың қаншамасы айтылмайды, еш жерде жарияланбайды. Қанша адам табыс уәдесіне сеніп, осындай жағдайға тап болуы мүмкін.
Алаяқтардың құрбаны болмау жолдары: сарапшылардың кеңестері
— Мұндай жағдайларда заңгерлерге жүгіну қажет. Барар елдегі заңды тұлғалардың мемлекеттік тізімінен компанияны тексеріңіз. Еңбек шартының түсінікті тілде жазылғанына және жұмыс істейтін елдің заңнамасына сәйкес келетініне көз жеткізіңіз. Егер жұмыс беруші келісімшартты елге бармай тұрып беруден бас тартса — бұл дабыл белгісі. Егер сізді заң қорғайтын болса — бұл бір бөлек жағдай. Ал келісімшартсыз, тіркеусіз бару жағдайды әлдеқайда қиындатады, — деді көші-қон жөніндегі заңгер Айгерім Хандуллаева.
Алайда болашақ жұмыс берушіні тексергеннен кейін де шетелге жұмысқа шығатын адамдар бірқатар қарапайым ережелерді есте ұстауы тиіс. Сол сәтте бұл ережелер артық сияқты көрінеді. Бірақ қиын жағдайда өмірді сақтап қалуы мүмкін.
— Шетелге жұмысқа баратын адамдар міндетті түрде барлық құжаттарының көшірмесін сенімді адамға қалдыруы керек. Туыстарына нақты жұмыс орны мен тұратын мекенжайын хабарлап отыру қажет. Түпнұсқа құжаттарды ешкімге бермеу керек — жұмыс берушіге де, «кураторға» да. Баратын елдегі Қазақстанның елшілігі қай жерде орналасқанын алдын ала біліп алған жөн — олар әрдайым көмек көрсете алады, — деді Лола Шакимова.