Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде негізгі бөлмелердің басым бөлігі келушілер үшін ашық. Тек Тайқазан тұрған қазандық бөлмесі ғана екі жылдан астам уақыттан бері жабық тұр.
Осыған байланысты Kazinform тілшісіне Қазқайтажаңарту РМК ресми жауап берді. Мекеме соңғы үш жылда кесенеде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар, ғылыми реставрация жұмыстарын жүргізіп келеді.
Фото: Сәбит Тастанбек/KazinformВедомство мәліметінше, Тайқазан орналасқан қазандық бөлмесінде ішкі күмбездің сталактиттерін зерттеуге байланысты келушілердің кіруіне уақытша шектеу енгізілген.
— Бұған дейін қазандық бөлмесінде ішкі күмбездің ахуалы, сталактиттері және сыртқы күмбезбен байланысатын архитектуралық құрылымы жан-жақты зерттелді. Сонымен қатар күмбездің ішкі кеңістігіндегі мыңдаған ағаш тіректердің жай-күйі жеке бағаланып, олардың құрылымдық тұрақтылыққа әсері сарапталды. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, ішкі және сыртқы күмбездерді ұстап тұрған ағаш тіректерді нығайту және қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ғылыми реставрация жасалады, — деп мәлімдеді Қазқайтажаңарту мекемесі.
Қазіргі таңда қазандық бөлігінде ғылыми реставрация жүргізуге арналған алғашқы инженерлік дайындық жұмыстары қолға алынған.
— Дайындық кезеңі аяқталған соң, ғылыми реставрацияның тиімді әдіс-тәсілдері айқындалып, негізгі жұмыстар басталады. Ол шамамен үш жылға созылуы мүмкін. Жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін Тайқазан бөлмесі келушілерге қайта ашылады, — деді ведомство өкілдері.
Жалпы кесененің қазандық бөлігіне жүргізілетін жұмыстар ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенциясы мен оның нұсқаулықтарына сәйкес жүзеге асырылады.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 15 ақпаннан бастап кесене аумағы қоршалып, келушілердің кіруі арнайы орнатылған турникеттер арқылы жүзеге асырылатынын жазған едік.