Ынтымақ елдің өзегі

30.04.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Бірақ бұл тақырыпты түсіну үшін адамдардың қалай өмір сүріп жатқанын, бір-бірін қалай қабылдайтынын, қандай құндылықтарға сүйенетінін қарау маңызды. Себебі татулық – құжаттағы ұстаным емес, күнделікті өмірде қалыптасатын құбылыс.

Қазақстанда ұлтаралық татулық – тек саяси ұстаным ғана емес, қоғамның күнделікті өмірінде көрініс табатын маңызды құндылық. Әртүрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп, ортақ мақсаттарға ұмтылып отырған ел үшін өзара түсіністік пен келісімнің орны ерекше. Сарапшылардың пікірінше, бұл тек мемлекеттік саясаттың нәтижесі емес, адамдардың өзін қалай танитынына, қандай құндылықтарды бөлісетініне тікелей байланысты.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты­ның бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова қазіргі қоғамда діннің рөлі айтарлықтай өзгергенін айтады.

«Дін арқылы қоғам өзін сипаттайды, моральдық шекараларын айқындайды және өзгерістерді түсіндіреді. Қазақстандықтардың 86 пайызы өзін діндармын деп санайды, бұл діни сәйкестік қоғамда кең таралғанын көрсетеді. Бірақ бұл көрсеткіштің өзі жеткіліксіз, маңыздысы – адамдардың сенімді қалай ұстанатыны. Мысалы, 72 пайызы діни мерекелерді сақтайды, 41 пайызы намаз оқиды, ал 27 пайызы мешітке барады. Бұл әртүрлі деңгейлер қоғамдағы діни өмірдің күрделі әрі көпқырлы екенін көрсетеді. Әрқайсысының өз орны мен маңызы бар», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, мұндай көпқабатты діни тә­жірибе қоғамдағы бөлінуге емес, керісінше әр­түрліліктің табиғи түрде қатар өмір сүруіне мүмкіндік береді. Дін біреулер үшін терең жеке тәжірибе болса, енді біреулер үшін мәдени сәйкестіктің белгісі ретінде қабылданады. Осы деректердің өзі қоғамда бір ғана «дұрыс» үлгі жоқ екенін көрсетеді. Әр адам дінмен өзінше байланыс орнатады. Біреу үшін ол терең жеке тәжірибе болса, енді біреу үшін дәстүр мен мәдениеттің бір бөлігі ғана.

Айгүл Забирова бұл жағдайдың қалай қалыптас­қанын түсіндіру үшін өткенге назар аудару керектігін алға тартады. Себебі Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қоғам алдында «кімбіз?» деген сұрақ туындаған. Сол сәттерде дін көптеген адам үшін өзін анықтаудың бір жолы болғаны белгілі.

«Кеңес кезеңінен кейін адамдар үшін «мен кім­мін?» деген сұрақ өзекті болды. Ұлттық сәйкестікті қалыптастыру тіл, мәдениет, дәстүр арқылы жүрді, бірақ бұл барлығына бірдей оңай болған жоқ. Ал ислам қарапайым әрі түсінікті жауап ұсынды. Өзін мұсылман деп атау – бұл тек діни таңдау емес, өзін қоғамның бір бөлігі ретінде сезіну тәсіліне айналды. Бұл жерде дін қатаң талаптар жүйесі ретінде емес, мәдени және әлеуметтік бағдар ретінде қабылданып отыр», – дейді ол.

Сарапшы қазіргі қоғамда діни өмірдің бір­неше деңгейі қатар өмір сүретінін айтады. Бұл айыр­машылықтар адамдарды бөлмейді, керісінше оны табиғи құбылыс ретінде қабылдауға мүмкіндік береді. Яғни, Қазақстандағы ерекшелік – әртүрлі әлеуметтік және мәдени модельдердің бір қоғам ішінде үйлесімді өмір сүруінде. Айгүл Забирова бұл құбылысты «мәдени діншілдік» ұғымымен түсіндіреді.

«Қазақстанда діншілдік көбіне мәдени сипатқа ие. Адам өзін дінмен байланыстырады, дәстүрлерді сақтайды, мерекелерге қатысады. Бұл –толыққанды діни өмірдің бір түрі. Мұнда бастысы – адамның белгілі бір қауымдастыққа тиесілі екенін сезінуі. Сондықтан мұндай модель қоғамдағы бірлік пен өзара түсіністікті күшейтеді. Бізде дін қатаң ин­ституттан гөрі мәдени тәжірибе ретінде қалып­тасқан», – дейді ол.

Зерттеулер көрсеткендей, қазақстандық қоғамда діни өмірдің бірнеше деңгейі қатар дамып келеді. Бірі – дәстүр мен мәдениетке негізделген қатынас, екіншісі – діни талаптарды ұстануға бағытталған тәжірибе, үшіншісі – дінді әлеуметтік және мо­ральдық мәселелерді түсіндіру құралы ретінде қабылдау.

«Бұл деңгейлер бір-біріне қайшы емес. Керісін­ше, олар бір қоғам ішінде қатар өмір сүреді. Тіпті, бір адамның өзінде бірнеше деңгей болуы мүмкін. Бұл – қазақстандық модельдің ерекшелігі. Әртүрлілік сақталады, бірақ ол бөлінуге емес, түсіністікке алып келеді», – деп атап өтеді Айгүл Забирова.

Мамандардың айтуынша, дәл осындай үйлесім қоғамдағы тұрақтылықтың негізгі алғышарты болып отыр. Дін мен зайырлы мемлекет қағидаларының қатар дамуы да осы модельдің маңызды бөлігі.

«Қазақстандықтардың басым бөлігі діни сая­сатты қолдайды және сонымен қатар елдің зайырлы мемлекет болғанын дұрыс деп санайды. Бұл қарама-қайшылық емес. Бұл – қоғамның дінді мәдени сәйкестік ретінде қабылдайтынын көрсетеді. Сон­дықтан дін мен зайырлылық бір-біріне қарсы емес, олар бір жүйеде өмір сүре алады», – дейді сарапшы. 

Бұл пікірлер қоғамдағы татулықтың тек сыртқы факторларға емес, адамдардың ішкі қабылдауына да байланысты екенін көрсетеді. Ал осы процесті ғылыми тұрғыдан зерттегендердің бірі – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымы Айбек Күмісбеков. Ол өз еңбегінде қоғамдағы тұрақтылықтың негізі алдын алу тәсілдерінде жат­қанын айтады.

«Ұлтаралық қатынастардағы тұрақтылық ең ал­дымен алдын алу саясатының тиімділігіне бай­­­ланысты. Яғни, қоғамдағы үдерістерді дер ке­зінде байқап, оларды шиеленіске жеткізбей бас­қару маңызды. Бұл бағытта медиация, диалог және қоғамдық институттардың жұмысы ерекше рөл атқарады. Мұндай тәсіл қоғамдағы сенімді нығайтып, түрлі топтар арасындағы өзара әрекет­тестікті жақ­сартады. Сондықтан татулықты сақтау – тек реакция емес, алдын ала жүргізілетін жүйелі жұмыс», – дейді ғалым.

Қазақстан бұл бағытта тек ішкі саясатпен шек­теліп отырған жоқ. Ел халықаралық деңгейде де диалог алаңдарын ұсынып келеді. Соның бірі – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі. Бұл алаңда түрлі дін өкілдері кездесіп, ортақ мәселелерді талқылайды.

Осы процестің ішінде жүрген Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталы­ғының басшысы Гүлсана Қожабай бұл бағыттағы өзгерістерді өз тәжірибесі арқылы көріп отыр.

«Егер алғашқы съезде бізге дінаралық диалогтың қажеттілігі туралы көбірек айтуға тура келген болса, бүгін бұл ешкімде күмән туғызбайды. Қатысушылар саны едәуір көбейгеніне және конфессиялардың әртүрлілігіне қарамастан, барлығы бір ақиқатты жақсы түсінеді – жаһандық тұрақсыздық жағдайын­да тек ашық диалог пен ынтымақтастық қана оң өзгерістерге жеткізе алады. Бұл идея бүгінде ха­лықаралық деңгейде кеңінен қолдау тауып отыр. Әлемде жаңа диалог алаңдары пайда болуда, бұл өзара түсіністікке деген сұраныстың артқанын көрсетеді. Мұндай кездесулердің мәні тек пікір алмасумен шектелмейді, олар нақты әрекеттерге негіз болады», – дейді ол.

Гүлсана Қожабайдың айтуынша, мұндай алаң­дардың артында үлкен дайындық пен нақты жұ­мыс жатыр. Бұл тек формалды кездесулер емес, нақты ұсыныстар әзірленетін, түрлі мәселелер тал­қыланатын кеңістік.

«Бұл кездесулердің артында ауқымды жұмыс жүр­гізіледі. Діни көшбасшылар тек рухани мәселелерді ғана емес, заманауи тақырыптарды да талқылайды. Мысалы, жасанды интеллектіні этикалық пайдалану, тұрақты даму сияқты мәселелер бойынша ортақ ұсы­ныстар әзірленеді. Бұл диалогтың мазмұны жыл өткен сайын тереңдеп келеді. Сондықтан мұн­дай алаңдардың маңызы арта береді. Себебі қазіргі әлемде түсіністік пен сенім бұрынғыдан да маңызды», – дейді ол.

Орталық жұмысының тағы бір маңызды бағыты – жастар. Себебі болашақтағы қоғамның қандай болатыны бүгінгі жастарға байланысты.

«Біз әртүрлі көзқарас пен сенімге ие жастардың бір-бірімен танысып, араласуына арналған алаң құруға тырыстық және бұл тәжірибе өте сәтті шықты. Жастар тек діни ортадан ғана емес, әртүрлі саладан келіп, ортақ тіл таба алды. Бұл олардың бір-бірін жақсырақ түсінуіне мүмкіндік берді. Сондықтан біз бұл бағытты әрі қарай дамытуды жалғастырамыз. Өйткені дәл жастар болашақтағы диалог мәдениетін қалыптастырады. Қазірден бастап оларды ашық қарым-қатынасқа үйрету өте маңызды», – деп атап өтті Гүлсана Қожабай.

Демек, елдегі татулық тек өткеннің жетістігі емес, үздіксіз дамып жатқан үдерістің нәтижесі. Оның негізінде диалог, өзара құрмет және ортақ құндылықтар жатыр. Ал бұл құндылықтарды сақтау мен дамыту – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.

Кәмила ДҮЙСЕН

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью