Ынтымақ күні бірлік пен татулық ұлықталатын мереке

21.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Қазақстан — этносаралық татулықтың үлгісіне айналған мемлекет. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан халқының саны 20 миллионнан асты.

Этникалық құрам бойынша ең көп таралған 15 ұлттың ішінде:

қазақтар — 14 456 709, орыстар — 2 963 938, өзбектер — 678 487, украиндар — 371 807, ұйғырлар — 305 648, немістер — 223 272, татарлар — 218 926, әзербайжандар — 155 364, корейлер — 120 686, түріктер — 91 732, дүнгендер — 86 067, беларусьтер — 74 389, тәжіктер — 58 712, күрдтер — 51 171, қырғыздар — 40 200.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Садық Тілеген 21 наурыздың терең философиялық мәні бар екенін айтады. Ғалымның пікірінше, ынтымақ ұғымы қазақ қоғамында қашан да ең биік құндылық болған.

Фото: Kazinform / Камила Мүлік

— Бақыт қайда барасың дегенде, ынтымағы мол жерге барамын деген екен. Ынтымақ — көпұлтты Қазақстан үшін өте берекелі сөз. Біздің елімізді мекен еткен 100-ден аса ұлт пен ұлыстарды ешқашан бөле-жармаймыз. Конституциямыз мойындайтын барлық азамат үшін Қазақстан — ортақ Отан, — дейді Садық Тілеген.

Ғалым Наурыз мейрамының бүкіл этнос өкілдерін бір арнаға тоғыстыратынына ерекше тоқталады. Дініне, тіліне, дәстүріне қарамастан, барлық азамат бұл күні ортақ қуанышты бөліседі. Мәдени орталықтар өздерінің салт-дәстүрлерін, өнерін, ұлттық тағамдарын таныстырып, бір-біріне жақындай түседі.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Ынтымақ күнінің маңызы тек Қазақстан аумағымен шектелмейді. Бұл мереке — шетелде тұратын отандастар үшін де рухани байланысты нығайтатын ерекше сәт.

«Отандастар қоры» КЕАҚ Вице-президенті Алибек Жұрқадамның айтуынша, Наурызнама онкүндігі шетелдегі қазақ диаспорасы тарапынан жылы қабылданып, олардың ұлттық бірегейлігін нығайтуға жаңа серпін берді.

Фото: “Отандастар қоры” КеАҚ

— Шетелдегі отандастарымыз үшін 21 наурыз — «алыста болсақ та, жүрегіміз бір» деген ұранның айнасы. Қай елде тұрса да, олар Қазақстанның ынтымақ моделіне сүйеніп, татулықты дәріптейді. Бұл күн — олар үшін тек мереке емес, этникалық тұтастықты сезіну мүмкіндігі, — дейді Алибек Жұрқадам.

Диаспора өкілдері Ұлттық киім күнінде қазақи нақыштағы киімдерді киіп, ұлттық брендті насихаттайды. Ұлттық спорт күнінде асық ату, түрлі үстел ойындарынан жарыстар ұйымдастырады.

Тағдырдың жазуымен қазақ сахарасына табан тіреген талай этнос өкілдерін бауырына басып, нанымен бөліскен қазақ халқының сол кездегі кеңпейілдігі бүгінгі мызғымас бірліктің іргетасын қалады. Бүгінде Қазақстан – 100-ден аса ұлттың басын біріктірген үлкен қара шаңырақ. Бұл шаңырақтың астындағы әрбір азамат өзін бөтен сезінбей, ортақ Отанның тең құқылы мүшесі ретінде сезінуі – қазақ халқының асыл қасиетnері мен ел басшылығының салиқалы саясатының жемісі.

Осы орайда, елордалық жас белсенді, өзбек этномәдени өкілі Умитджон Абиходжаев өз ойымен бөлісті.

– Біз үшін Қазақстан – тек туған жер ғана емес, бауырластықтың алтын бесігі. Менің достарымның арасында қазақ та, орыс та, кәріс те бар. Біз ешқашан «сен кімсің?» деп бөлінген емеспіз. Осының бәрі, ең алдымен, қазақ халқының кеңпейілдігі мен дархан көңілінің арқасы деп білемін. Тарихтың қиын кезеңдерінде ата-бабаларымызды құшақ жая қарсы алған қазақ топырағы бүгін бізді бір үйдің баласындай біріктіріп отыр. Ынтымақ күні – сол тарихи алғыс пен бүгінгі бақытты өміріміздің мерекесі. Бір дастархан басында отырып, бір мақсатқа ұмтылған халықтың болашағы қашан да жарқын болмақ, – дейді ол.

21 наурыз — көрші-қолаң, әріптестер, туған-туыстар ортақ дастархан басында бас қосып, ел бірлігінің бекем болуын тілейтін күн. Бұл мереке Қазақстанның көпұлтты, бірақ біртұтас мемлекет екенін айшықтай түседі.

Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы Наурыз мейрамын кеңінен дәріптеу керектігін айтқан болатын.

Бұған дейін, Бейжіңдегі қазақстандық даму орталығы Наурызды қалай тойлағанын жазған едік.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью