Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Ауқымды іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және бизнес-делегация қатысып, екі өңір арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және туристік байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.
Форумға екі елден 200-ге жуық кәсіпкер, инвестор, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Басқосуда бірлескен өндірістер ашу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, экспорт көлемін арттыру, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және шекара маңындағы ынтымақтастықты күшейту мәселелері кеңінен сөз болды.
Іс-шара барысында Ташкент облысының хокимі Зойир Мирзаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық пен стратегиялық әріптестіктің өңірлік деңгейде нақты нәтижелер беріп отырғанын атап өтті. Зойир Мирзаев өз сөзінде екі ел президенттері жүргізіп отырған саясаттың арқасында қазақ-өзбек ынтымақтастығы жаңа кезеңге аяқ басқанын айтты. Оның пікірінше, тарихи тамыры ортақ, рухани байланысы берік екі халықтың өзара қарым-қатынасы бүгінде өңірлік тұрақтылық пен экономикалық дамудың маңызды факторына айналып отыр.
Өз кезегінде Нұралхан Көшеров форумның өңіраралық ынтымақтастықты тереңдетудегі маңызына тоқталып, Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде өңірде жалпы инвестиция көлемі 6 миллиард АҚШ долларын құрайтын 122 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, тоқыма өндірісі, логистика және туризм салалары қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазір өңірде жалпы аумағы 1 960 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ және көлемі 1 400 гектар болатын арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Бұл алаңдар қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген және кәсіпкерлерге түрлі салықтық әрі кедендік жеңілдік ұсынылады.
Форум барысында Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері басшыларының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы жобасының маңыздылығы ерекше аталды. Сарапшылар бұл жобаны екі ел арасындағы өнеркәсіптік байланыстарды нығайтып, өңірлік экономикалық интеграцияны жеделдететін маңызды бастама ретінде бағалады. Іс-шара аясында Түркістан облысының индустриялық аймақтары мен өндірістік парктерінің мүмкіндіктері таныстырылып, Ташкент облысындағы инвестициялық алаңдардың әлеуеті туралы мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар туризм саласындағы әріптестікті дамыту мәселелері қаралып, Түркістан мен Ташкент облыстарының туристік маршруттарын бірлесе дамыту бойынша ұсыныстар талқыланды.
Жұмыс сапары барысында Түркістан облысының делегациясы Ташкент өңіріндегі бірқатар стратегиялық нысанды аралады. Делегация жоғары технологиялар өндірісі, өнеркәсіп, шикізатты терең өңдеу және туризм салаларындағы озық тәжірибелермен танысты. Атап айтқанда, делегация Алмалық қаласындағы мыс байыту фабрикасының жұмысымен танысып, өндірісті жаңғырту бағдарламалары туралы ақпарат алды. Сондай-ақ Ахангарон ауданындағы климаттық техника өндіретін Premier Electrotech бірлескен кәсіпорнында болып, заманауи технологиялардың енгізілу барысын көрді.
Бұдан бөлек, делегация технопарк аумағында орналасқан жартылай өткізгіш технологиялар өндірісін аралады. Мұнда SIM-карталарға, банк карталарына, электрондық жеке куәліктер мен әлеуметтік карталарға арналған микропроцессорлық чиптер шығарылады. Кәсіпорынның қызметі цифрлық технологияларды дамыту мен импортты алмастыру бағытындағы маңызды жобалардың бірі ретінде бағаланды. Өңір басшысы сондай-ақ раушан гүлдерін өсіретін ірі тұқымбақтардың біріне барып, гүл шаруашылығындағы заманауи технологиялармен танысты. Кездесу барысында өндірістік тиімділікті арттыру және экспорттық әлеуетті күшейту мәселелері талқыланды. Мұндай тәжірибе Түркістан облысында гүл шаруашылығын дамытуға және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ықпал етпек.
Форум қорытындысы бойынша, жалпы құны 19,3 миллион АҚШ долларын құрайтын меморандумдарға қол қойылды. Соның ішінде «Қазкрахмал» ЖШС мен Өзбекстанның Right to Win компаниясы арасында 5 миллион АҚШ долларына келісім жасалып, жүгеріні терең өңдеу арқылы алынатын крахмал және сірне өнімдерін Өзбекстан нарығына жеткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Халықаралық бизнес-форум екі өңір арасындағы экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеріп, кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашуға, инвестициялық әріптестікті нығайтуға және өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға берік негіз қалады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай кездесулер Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетіп, Орталық Азиядағы өңіраралық ықпалдастықтың дамуына тың серпін береді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы