Qazaq24.com, Zakon.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Ыстамбұлдағы бұл фестиваль сегізінші рет өтіп, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түрікменстан, Италия, Ресей және әлемнің басқа да елдерінен келген өнерпаздардың басын біріктірді. Димаш Құдайбергеннің Ататүрік халықаралық әуежайы аумағында орналасқан Türk Telekom бас сахнасының маңына көрермендер концерт басталмай тұрып-ақ көптеп жиналды.
25 мамырда фестивальдің Instagram-дағы ресми парақшасында концерттен түсірілген суреттер жарияланды.
"Димаш Құдайберген өзінің ерекше дауысымен, сахналық талғампаздығымен және әсерлі қойылымымен фестивальге ұмытылмас музыкалық сәттер мен көңіл-күй сыйлады. Мыңдаған көрермен оған қосылып, ән шырқаған осы ерекше кеште мәдени шабыт музыканың ұлылығымен бетпе-бет келді", - деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Айта кетсек, аталған кеште Димаш пен оның командасы "Golden" композициясымен сахнаға шығып, алғашқы ноталардан-ақ ерекше атмосфера сыйлады. "Smoke", "Give me love", "Weekend" секілді ырғақты әндер мен "Olimpico", "Stranger", "Ave Maria" сияқты кең тынысты шығармалармен үйлесім тауып отырды. Ал "Любовь уставших лебедей" әні орындалған сәтте көрермендер дәстүрлі түрде қосылып ән шырқап, біртұтас хорға айналды.
Фестивальдің этномәдени бағытына сәйкес, концерт бағдарламасында қазақ тілінде "Ұмытылмас күн", "Махаббат бер маған", "Тау ішінде", "Дүрдараз", "Let it be" әндері де орындалды.
Сонымен қатар, домбыра, қобыз және сыбызғы қазақтың мақтанышына айналған ұлттық аспаптарының үні тек "Адай" күйінде ғана емес, концерт бағдарламасындағы көптеген шығармаларда кеңінен қолданылды.