Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Ыстамбұлдағы лазерлік эпиляция және косметология орталығының басшылығы келушілерді ұзақ уақыт бойы жасырын видеоға түсіріп келген. Кейін түсірілген фото және видеолар әлеуметтік желілер мен жабық платформалар арқылы сатылған, деп хабарлайды Tengrinews.kz түрік БАҚ-тарына сілтеме жасап.
Қатты дискілерден 14 мың файл табылды
Түрік басылымдарының мәліметінше, тергеу полиция мен прокуратураға желіде жеке сипаттағы видеолардың таралып жүргені туралы ақпарат түскеннен кейін басталған.
Тінту барысында құқық қорғау органдары сұлулық орталығынан арнайы жасырын бақылау жүйесін тапқан. Шағын камералар косметологиялық құрылғылардың ішіне орнатылып, емшара бөлмелерінің әртүрлі жеріне жасырылған.
Камералар клиенттерді емшара кезінде олардың рұқсатынсыз және өздері білместен үздіксіз түсіріп отырған.
Құқық қорғау органдары шамамен 14 мың фото және видео файлдан тұратын архивті анықтаған.
Жабық топтар арқылы ақша тапқанТергеу деректеріне сүйенсек, орталықта клиенттердің жеке сипаттағы видеоларын сатудың арнайы жүйесі құрылған.
Жазбалар сұрыпталып, ақылы жабық Telegram-арналар мен арнайы форумдар арқылы сатылған. Кейбір материалдарға тек жазылым арқылы қол жеткізуге болған.
Іс бойынша үш негізгі күдікті ұсталды. Олардың қатарында сұлулық орталығының иесі, мекеме басқарушысы және жасырын камераларды орнатып, деректерді сыртқы серверлерге жіберуге жауапты IT-маман бар.
Ыстамбұл прокуратурасы күдіктілерге Түркия Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айып таққан. Олардың қатарында жеке өмірге қол сұғу, дербес деректерді заңсыз жинау және тарату, сондай-ақ порнографиялық сипаттағы материалдарды дайындау және тарату баптары бар.
Іс бойынша күдіктілер ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазір тергеу жалғасып жатыр, полиция зардап шеккен клиенттердің нақты санын анықтауда.
Бұған дейін қонақүйде жасырын камераны қалай анықтауға болатыны және рұқсатсыз түсірілімге тап болған жағдайда не істеу керектігі туралы кеңестер жарияланған еді.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу