Ыстанбұлда Түркі мемлекеттері ұйымы cыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысы өтті

08.03.2026

Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Іс-шараға Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев бастап барды.

Отырыс Түркия Республикасы Сыртқы істер министрі Хакан Фиданның төрағалығымен өтті. Жиынға ТМҰ-ға мүше мемлекеттер – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлері, сондай-ақ Ұйымның Бас хатшысы қатысты.

Фото: ҚР СІМ

Кездесу барысында қатысушылар өңірлік және жаһандық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар саяси диалогты одан әрі нығайту, институционалдық ынтымақтастықты кеңейту және түркі әлеміндегі өзара іс-қимыл мен интеграцияны тереңдетуге бағытталған бірлескен бастамаларды ілгерілету перспективалары талқыланды.

Түркі мемлекеттері ұйымы аясында жоспарланған алдағы іс-шараларға дайындық мәселелеріне, сондай-ақ ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша мүше мемлекеттер арасындағы үйлестіруді күшейтуге ерекше назар аударылды.

Іс-шара аясында Ә.Бақаев өзге делегация басшыларымен бірге Түркия Республикасы Президенті Режеп Тайип Ердоғанның қабылдауында болды. Сұхбат барысында Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселелері, сондай-ақ түркі ынтымақтастығы шеңберіндегі өзара іс-қимылды дамыту перспективалары талқыланды.

Фото: ҚР СІМ

Тараптар бауырлас түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және түркі әлемінің халықаралық әрі өңірлік үдерістердегі рөлін арттыруға өзара мүдделілік білдірді.

Іс-шара қорытындысы бойынша ТМҰ Сыртқы істер министрлерінің Таяу Шығыстағы соңғы оқиғаларға қатысты бірлескен мәлімдемесі қабылданды, сондай-ақ ТМҰ+ форматында үшінші тараптармен ынтымақтастық туралы ереже бекітілді.

Осыған дейін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Мысыр Араб Республикасының Сыртқы істер, халықаралық ынтымақтастық және шетелдік мысырлықтар жөніндегі министрі Бадр Әбделатымен телефон арқылы сөйлескені туралы жаздық.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью