ЮНЕСКО Газадағы мәдени мұраны қорғауға 5,7 млн доллар бөлді

10.04.2026

Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Қаражат білімге қолжетімділікті қалпына келтіруге және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарын қолдауға да жұмсалады.

БҰҰ жаңалықтар қызметінің мәліметінше, алдағы уақытта ұйым бұл қаржыны 116,5 млн долларға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл ұзақ мерзімді қалпына келтіру мен негізгі қоғамдық институттарды нығайтуға бағытталған.

Соғыс салдарынан Газадағы мәдени мұра айтарлықтай зардап шекті: 164 мәдени және тарихи нысан бүлінген. Олардың көпшілігі палестиналықтардың ұлттық болмысының маңызды символдары саналады. Қазір ЮНЕСКО Ғаза қаласының ескі бөлігінде шұғыл жөндеу жұмыстарын жүргізіп, үйінділерді тазартуда. Бүгінде бес нысан нығайтылып, тағы жетеуі қалпына келтіру кезеңінде.

Ұйым жерсеріктік бақылау арқылы қирауларды қадағалап, жергілікті мамандарды мәдени мұраны қорғаудың жедел тәсілдеріне үйретіп жатыр.

Сонымен қатар ЮНЕСКО халықтың психологиялық жағдайына да көңіл бөліп отыр. Үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған 8 мыңнан астам бала, жасөспірім және олардың ата-аналары мәдени әрі шығармашылық бағдарламалар арқылы психологиялық қолдау алды. Болашақта мұндай көмекті 21 мың адамға дейін кеңейту және жергілікті өнер иелеріне гранттар бөлу жоспарланған.

Білім беру жүйесі де ауыр дағдарысты бастан кешіп жатыр: жоғары білім мен кәсіби даярлық саласына келген шығын 379 млн долларға бағаланады, студенттік кампустардың 80%-дан астамы қираған немесе зақымданған. Студенттердің 90%-ы психологиялық көмекке мұқтаж, ал оқытушылардың көбі тұрақты баспанасыз қалған.

Осы жағдайда ЮНЕСКО балаларға оқуын жалғастыру үшін математика мен араб тілі бойынша ойын форматындағы білім беру бағдарламаларын енгізді. Жоғары сынып оқушыларына емтиханға дайындалу үшін мыңнан астам планшет берілді.

Жоғары білім беру ішінара қайта жанданып, виртуалды кампус іске қосылды. Оған студенттердің шамамен 20%-ы қосылған. Болашақта бұл платформа 30 мыңнан астам адамды қашықтан оқытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірде 13 800 студент білім алып жатқан бес уақытша оқу орны ашылды.

Журналистерді қолдау да маңызды бағыттардың бірі. Мыңнан астам БАҚ қызметкері психологиялық көмек алды, олардың 60%-ы – әйелдер. 200 журналистке техника беріліп, 600-ге жуық маман кәсіби оқудан өтті.

ЮНЕСКО жақын арада Газадағы шамамен мың журналистке кешенді қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.

Ұйым мәліметінше, ауқымды қирауларды қалпына келтіру үшін халықаралық деңгейде ұзақ мерзімді қолдау қажет. Шұғыл шаралар қазірдің өзінде нәтиже беріп жатыр, алайда мәдениет, білім беру және журналистиканы толық қалпына келтіру үшін халықаралық қауымдастықтың қосымша қолдауы қажет.

Бұған дейін Газа секторындағы шабуылдардан қаза тапқандар саны 72 мыңнан асқанын жазғанбыз.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью