Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Абай шығармаларын, оның ішінде «Абай шығармалары. Мүрсейт Бикеұлы жазып кеткен қолжазбаларын» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының 2026-2027 жылдарға арналған халықаралық тізіліміне ұсыну жұмыстары жүргізілді. Абай мұрасын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы аясында ілгерілету мақсатында «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының қорында сақталған «Абай шығармалары». Мүрсейт Бикеұлы жазып кеткен қолжазбалары» номинациясы 2026-2027 жылдарға арналған халықаралық тізілімге ұсынылды. Бұл қолжазбалар Абай мұрасының түпнұсқалық мәтіндік дәстүрін айқындайтын аса құнды деректі мұра ретінде қарастырылады, — деді министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.
Ведомство мәліметінше, ұсынылған өтінімдерді қарау ЮНЕСКО-ның 2026-2027 жылдарға арналған кезекті номинациялық циклі аясында жүзеге асырылады.
— Сонымен қатар, Қазақстан тарапынан «Әлем жады» бағдарламасы аясында өзге де бірқатар құжаттық мұра ұсынылды. Атап айтқанда, ЮНЕСКО-ның Азия және Тынық мұхит өңірлік тізіміне енгізу үшін «Есік жазуы» және «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің әңгімелері» номинациялары жолданды. Ал халықаралық тізілімге «Абай шығармалары. Мүрсейт Бикеұлы жазып кеткен қолжазбалары» мен «Евгений Брусиловскийдің алғашқы қазақ операсы «Қыз Жібекке» арналған партитурасы» ұсынылды. Бұл ретте Қазақстанның аталған бағдарламадағы жұмысы жүйелі сипатқа ие. Бұған дейін «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасында сақталған XVIII ғасырдағы «Хандар шежіресі» бірегей қолжазбасы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының халықаралық тізіліміне енгізілді. Сондықтан Абай мұрасына қатысты өтінім бойынша түпкілікті шешім ЮНЕСКО-ның белгіленген рәсімдеріне сәйкес қабылданатын болады. Қазіргі таңда Қазақстан тарапы қажетті құжаттарды ұсыну және номинацияларды халықаралық деңгейде ілгерілету жұмыстарын жалғастырып жатыр, — деді Мәдениет министрлігі.
Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Абайдың қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіліміне енгізу үшін тиісті құжаттар сараптамалық бағалауға жолданғанын айтқан еді.