ЮНЕСКО ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне елімізден қандай жәдігерлер ұсынылды

24.04.2026

Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

- Бүгінгі таңда ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізімінде Қазақстан тарапынан үш номинация аясында ұсынылған 10 тарихи-мәдени ескерткіш бар: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Таңбалы» петроглифтері және «Ұлы Жібек жолы: Чанъань Тянь-Шань дәлізі», Қаялық, Қарамерген, Талғар, Ақтөбе, Ақыртас, Құлан, Қостөбе, Өрнек. Қазіргі уақытта ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілген объектілердің санын көбейту мақсатында министрлік тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Атап айтқанда, 2024 жылы «Маңғыстаудың жерасты мешіттері» номинациясына Маңғыстау облысындағы 5 объект (Бекет ата, Шақпақ ата, Қараман ата, Шопан ата, Сұлтан Эпе) және Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы елдерімен бірлесіп «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдарья дәлізі» трансұлттық номинациясына Түркістан, Қызылорда облыстарындағы 6 объект (Отырар, Сауран, Ясы, Сығанақ, Жанкент қалашықтары, Жетіасар оазисінің ескерткіштері) ұсынылды, - деді ведомстводан агенттіктің ресми сауалына орай. 

Ұсынылған жауапқа қарағанда, аталған екі номинация ЮНЕСКО-ың Дүниежүзілік мұралар орталығында қаралды. Енді биыл Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтетін Дүниежүзілік мұра комитетінің кезекті отырысында пысықталады.

- Сонымен қатар биыл ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне «Үстірт: Ландшафттар және аңшылық тұзақтар - арандар» номинациясы ұсынылды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы тапсырмасына сәйкес, Жетісу облысындағы «Жаркент мешіті», Алматы қаласындағы «Вознесенский соборы» және Түркістан мен Қызылорда облыстарындағы «Қаратау петроглифтері» (Арпаөзен және Сауысқандық) тарихи-мәдени мұра объектілерін номинацияға ұсыну бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен жұмыстар жүргізілуде, - деді министрліктен.

Айта кетейік, Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға лайық жәдігерлерді атаған еді.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью