Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
ЮНИСЕФ Иранда АҚШ пен Израиль тарапынан жалғасып жатқан әскери соққылардан балалардың да өліп жатқанына терең алаңдаушылық білдірді.
Әсіресе 28 ақпанда Иранның оңтүстігіндегі Минаб қаласында болған оқиға аса қайғылы жағдай ретінде атап өтілді. Онда «Шеджерету-т-Таййиба» атты қыздарға арналған бастауыш мектеп бомбалауға ұшырап, салдарынан 7 мен 12 жас аралығындағы 168 бала қаза тапты. Сонымен қатар елдің бес өңіріндегі басқа мектептерге жасалған соққылар салдарынан тағы 12 бала көз жұмған.
— Балалардың қаза табуы соғыстың қатыгездігін және балаларға бағытталған зорлық-зомбылықтың аяусыздығын көрсетеді. Оның салдары отбасылар үшін ұрпақтан-ұрпаққа дейін сезіледі, — деп атап өтті ЮНИСЕФ.
Ұйым өкілдері халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес балалардың қорғалуын қамтамасыз ету қажет екенін, ал мектептер қауіпсіз баспана болуы тиіс екенін еске салды. ЮНИСЕФ мәліметінше, жалғасып жатқан шабуылдар азаматтық инфрақұрылымға да айтарлықтай зиян келтіріп отыр: кемінде 20 мектеп пен 10 аурухана зақымданған. Бұл балалардың білім алуына және медициналық көмекке қол жеткізуін шектеп отыр.
Қор қақтығысқа қатысушы барлық тараптарды халықаралық құқық нормаларын сақтауға және бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.
Еске сала кетейік, 28 ақпанда Израиль АҚШ-тың қолдауымен Иранға қарсы әскери операция бастады. Бұл Таяу Шығыстағы қақтығыстың жаңа кезеңіне жол ашты. Жауап ретінде Иран аймақта орналасқан америкалық әскери базалар бар елдердегі нысандарға соққы жасады. Олардың қатарында Катар, Біріккен Араб Әмірліктері және Бахрейн бар.
БҰҰ Таяу Шығыстағы шиеленістің гуманитарлық салдары ауыр болатынын ескертті.
Иран Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы деректеріне сәйкес, АҚШ пен Израильдің соққылары салдарынан 1000-нан астам бейбіт тұрғын қаза тапқан. Олардың ішінде елдің рухани көшбасшысы аятолла Али Хаменеи және бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар бар.
Бұған дейін АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққылары салдарынан 300-ден астам баланың жараланғаны хабарланды.