Заман талабына сай жаңа Конституция Сейілбек Мұсатаев

03.02.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Жаңа Конституция жобасы еліміз үшін аса маңызды құжат деп саналады. Бұл туралы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы  Сейілбек Шаяхметұлы Мұсатаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, құжаттың әрбір бабы уақыт талабы мен қоғамның сұраныстарына жауап беретіндей тұжырымдалған.

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жаңа Жолдауында көреген саясаткер ретінде әлемдік саясаттағы үрдістер мен қазақстандық шынайылықты талдай келе, конституциялық реформа жасау туралы бастама көтерген болатын. 2025 жылғы 8 қазанда құрылып, содан бері қарқынды жұмыс істеген Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия қазақстандық қоғамдық пікірді барынша ескеріп, ұсынылатын новеллаларды мұқият талдап, барша түзетулерді жан-жақты қарады. Жаңа түзетулер Конституцияның барлық бөлімдері мен 77 бабын, жалпы мәтіннің 84 пайызын қамтыған. Бұл жаңадан Конституция әзірлеумен тең деген сөз. Сондықтан Комиссия мүшелері Қазақстанның жаңа Ата Заңын қабылдау мәселесін алға тартып, нәтижесінде мазмұны Преамбула, 11 бөлім және 95 баптан тұратын оның алғашқы жобасын жариялады, – деді Сейілбек Шаяхметұлы.

Профессор соңғы кездері әлемдік саясатта тұрақсыздық пайда болып, ірі державалар тарапынан халықаралық құқық нормаларының аяққа тапталуы, егеменді елдердің ішкі істеріне қол сұғылуы, тәуелсіз мемлекеттердің территориялық тұтастығының бұзылуы сияқты іс-әрекеттер жиі орын алып жатқанын сөз етті.

Айтуынша, бұл тұрғыда Қазақстан Президенті БҰҰ ұйымының дәрменсіздігі мен жұмысындағы кемшіліктерін әлденеше рет атап көрсетіп, сынға алған.

– Қазіргі әлемнің түпкір-түпкірінде соғыстар мен төңкерістер көбейіп, саяси-экономикалық дағдарыстар тереңдеп жатқан алмағайып заманда көптеген елдер үшін тәуелсіздік мәселесі өзекті болып отырғаны ащы шындық. Сондықтан жаңа Конституциямызда егемендік пен тәуелсіздік, бірегейлік, аумақтық тұтастық бұлжымас құндылықтар санатына жатқызылып отыр. Ата Заңның Преамбуласында мыңжылдық тарихы бар Ұлы даланың бай мұрасын сақтай отырып, мемлекетіміздің унитарлығы, шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтыны нақтыланған.

Жаһандық ауқымдағы демократиялану үдерісіне сай адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланып, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі Қазақстан халқы болып саналатыны, заң мен тәртіп үстемдігі, бейбіт өмір мен халықтың ынтымақ-бірлігі, ұлтаралық және дінаралық келісім мемлекеттіліктің негізі ретінде Ата Заңда құқықтық тұрғыда бекітілген, – деді ол.

Оның пікірінше, зайырлы және зияткер ел ретінде Қазақстан мәдениет пен білім, ғылым мен инновацияның құндылықтарын бағдарға ала отырып дамитыны нақты айқындаған.

– Қоршаған ортаға антропогендік және техногендік әсер етудің салдарынан жаһандық жылыну, климат ауысуы, су тапшылығы, шөлейттену сияқты сан алуан экологиялық апаттар туындап жатқаны қаперге алына отырып, жаңа Конституциямызда табиғатты аялау қажеттігі ерекше мойындалған. Мұның барлығы – біздің келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді арттыратын қағидаттар.

Қазіргі қолданыстағы Конституциямыз Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде мемлекеттілігін қалыптастыру мен нығайтуда өзінің тарихи миссиясын орындап шықты. «Елу жылда ел жаңа» дейтін халық даналығына сәйкес, демократиялық реформаларды қарқынды жүзеге асырып, саяси жаңғырып жатқан жаңа Әділетті Қазақстан үшін тың идеялар мен нақты өзгерістерге құқықтық негіз жасайтын, қазіргі саяси шынайылыққа жауап беретін жаңа Конституция қажеттігі анық. Ұсынылып отырған Конституцияның жаңа редакциясының алғашқы жобасын қоғамдық талқылау цифрлық форматта e-Otinish және eGov порталдары арқылы әлі де жалғасып жатыр. Яғни, ұсыныстар жасау барша қазақстандық азаматтар үшін қолжетімді.

Жаңа Конституция бойынша нақты шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдағаннан кейін заман талабына сай келетін Ата Заң Отанымыздың одан әрі қарыштап дамуына ерекше серпін береріне сеніміміз мол, – деді Сейілбек Шаяхметұлы.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью